Фото: ana tili
Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 210 мыңнан астам талапкер қатысты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқандардың ішінде 160,5 мың адам немесе 76,35% жоғары білім алуға қажетті шекті балды жинай алды. ҰБТ-ның орташа балы 69,42 болды.
2025 жылы мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық.
Биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 93 232 грант бөлінді, оның ішінде 77 084 грант жоғары білімге арналған.
Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99% көлемінде игерілді.
Анықтама: Оның ішінде:
– 2500 грант Атырау және Маңғыстау облыстарының жастарына берілді,
– Серпін жобасы бойынша 2004 грант,
– Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында оқу үшін 2 365 грант.
– Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларға 9,5 мың грант,
– 2, 1 мың грант – қандастарға берілді.
Биыл алғаш рет мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін 2 010 білім беру гранты бөлінді.
25 тамыз күні бакалавриат бағдарламаларына қабылдау аяқталды. Магистратура мен докторантураға қабылдау бүгін аяқталады.
