
Жол активтерін цифрлық басқару жүйесі 2025 жылға дейін өңірлерге де енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Былтыр республикалық және жергілікті жолдарды жөндеу нысандарында 810 бұзушылық анықталды Оның 340-ы республикалық, 470-і жергілікті желіде тіркелген. Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осындай деректер айтты.
«Жол сапасын дағалаудың арқасында мердігерлік ұйымдар мен техникалық қадағалау сарапшылары материалдардың сапасы мен технологияның сақталуына баса назар аудара бастады. Биыл республикалық және жергілікті желілер бойынша жол-құрылыс жұмыстары толық сапа сараптамасымен қамтылады. Құралдық тексеру республикалық желінің 18 мың шақырымына жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша жөндеу жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленеді», - деді министр.
Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, жол активтерін цифрлық басқару жүйесін дайындау жобасы сәтті іске асып жатыр.
«Бұл жүйе ағымдағы жылы республикалық және 2025 жылға дейін жергілікті желіге енгізілмек. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 42 салалық нормативтік-техникалық құжат халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендіріледі», - деді ол.
