"Біржан сал" көркем фильмі әнші - композитордың өмірдегі махабатты мен ғадауатын, сал - серілік салтанаты мен байдың итаршыларынан көрген қорлығын, әншінің ішке біткен бітеу жарасын көрсеткен.
XIX - ғасыр қазақ даласының көшпенділер өмірімен қоштасу ғасыры. Туған даласында мыңдаған жылдық дәстүрі қалыптасқан, табиғатпен етене араласқан ұлттың өркениеттік дәстүр ауыстыру сәті осы фильмде режиссерлік көркем шешімдер арқылы сәтті көрсетілген. Даланың азат ұлдарының қыл бұрау, темір шенгелге бас бергісі келмей, іштей қарсыласуы, егесуі фильмде Біржан әндерінің тууының себептері ретінде ишараланады.
Ұлттық тамырын іздеу, ұлттық дәстүрлердің нәзік бастауларын тануға ұмтылу - болашағына бағдар, алдағы күнге бағыт алған халықтың ісі.
"Біржан сал" фильмі қазақ көрерменіне, келер ұрпаққа өнерпаз бабалардың аманатын жеткізуді мұрат тұтады.
Режиссер: Досхан Жолжақсынов
Сценарий: Таласбек Әсемқұлов