
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында жақында Парламент мемлекеттік қызметшіге сыйлық сыйлауға тыйым салатын құжатты қабылдағаны айтылды. «Жалпы, Еңбек министріне бұған дейін бағалы сыйлықтар беру әрекеті болды ма?», - деп сұрады тілші ведомство басшысынан.
Өз кезегінде Б. Нұрымбетов жас кезінен мемлекеттік қызметте жүргенін атап өтті.
«Сыйлық алудан аулақпын. Оны менің қарамағымда істейтін, қатар істейтін әріптестер жақсы біледі. Сондықтан сыйылық алдым деп айта алмаймын. Вице-министр қызметін атқарып жүрген кезде компаниялар ресми кездесулерге келіп, кітапшалар алып келетін. Тиісті заңнамаға сәйкес, оның барлығы өткізілуі керек болатын. Біздің көмекшілеріміз оларды бірден өткізіп жататын. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшіге сыйлық сыйлауға тыйым салатын заңнамалық талапты өте дұрыс деп санаймын», - деді министр.
