«KEGOC» ұйымдастырған халықаралық жарыста айшықталды
Макинск қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы персоналдың кәсіби шеберлігі ХІІІ халықаралық жарысының туы көтерілді. Мұнда алғашқы іріктеу сынақтарынан өткен командалар «110 кВ және одан жоғары кернеулі қосалқы стансалардың жабдықтарын жөндеу мен оларға қызмет көрсету» жөнінде төрт күн бойы өзара бәсеке көрігін қыздыратын болады.
Салтанатты шараны ТМД Электр энергетикалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, ұйымдастыру комитетінің төрағасы Евгений Мишук ашып, Ресей Федерациясы Энергетика министрі Александр Новактың құттықтауын оқып берді.
«KEGOC» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев өз сөзінде энергетиканың ерекше сала екендігін, электр қуатынсыз өмір мен тіршілікті елестету мүмкін еместігін атап өтті. Бүгінгі күні жер жүзі мемлекеттері инновациялық және озық технологияларды енгізуде. Олардың қатарында ТМД елдері де бар. Қазақстанда, дәл осы оқу-жаттығу полигонында екінші рет өткізіліп отырған халықаралық жарыстың маңыздылығы да осыдан көрінеді. Бұл бірлік пен біліктіліктің ынтымақты әрі тәлімдік байланысын нығайта түсетіні айқын. «Сіздер жарыста шыңдалып, тәжірибе алмасумен қатар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық табысты белесінен мағлұмат аласыздар, халқымыздың өнегелі салт-дәстүрлеріне қанығасыздар», – деді ол.
Дәстүрлі жарысқа қатысушы Беларусь, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан командалары мен бақылаушы ретінде келіп отырған Қырғызстан, Тәжікстан, Украина мемлекеттері өкілдерінің шеруінен кейін Қазақстан Республикасының және ТМД электр-энергетикалық кеңесінің тулары көтерілді. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Е.Мишукке полигон басшысы Ержан Ғосмановтың командалардың толық дайындығы туралы баяндауынан кейін алты кезеңнен тұратын жарыс басталып кетті. Құрамында 17 төреші бар арнайы топқа қолданыстағы ережелер мен нұсқаулықты білу, қуат өткізу жабдықтарға бақылау жүргізу дағдысы, 110 кВ жоғары вольттық герметикалық ендірімге техникалық қызмет көрсету, «КРУН-10 кВ» сыртқы қондырғының кешенді тарату құрылғыларында өртті сөндіру дағдылары, электр тоғынан зардап шегушіні босату және оған көмек көрсету (манекен мен реанимациялық жаттықтырғыш арқылы) шеберлігі бойынша 1000 балдық есеппен бағалау міндеті жүктелген. Төрешілер құрамының молдығы және олардың тиісті ант қабылдауы жарысқа аса зор мән берілетінін аңғартады.
Жарыстың бірінші күні 5 команда жеребелік кесте бойынша 6 кезеңдік сайысты өз кезегімен атқарды. Біздің байқауымызша, жарыс жолына шыққан энергетика саласының мамандары кәсіби дайындығы жөнінен жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Бас төрешінің орынбасары Нұрбол Аппақовпен тілдескенімізде төмендегідей пікірлерімен бөлісті.
– Бүгін Беларусь командасы компьютерлік класта теориялық білім, Қазақстан тепловизорлық (жабдықтардың жұмыс барысында қызуы) диагностика, Грузия жоғары кернеулі айырғыштар, Ресей жоғары кернеулі кіріс және Өзбекстан өндірістік жағдайда өрт сөндіру машықтарын көрсетті. Қазірше толық қорытынды жасау ертерек. Әйткенмен, қазақстандық жетекші инженер Қайрат Құлмағамбетовтің, «Өзбекэнерго» АҚ электр слесарі Аскадхон Муминовтің, «Минскэнерго» қосалқы станса қызметінің шебері Александр Жибульдің, грузиялық «Теласи» АҚ монтері Алекси Шурганяның кәсіби біліктілігінің жоғары екендігі көрініп тұрды, – деді ол.
Қырғыз елінен келген бақылаушы Алексей Бородин де жарыстың талапқа сай өтіп жатқандығын, халықаралық деңгейдегі біліктілік сайысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Шара барысында халықаралық холдинг құрамындағы Рудный қаласында орналасқан «Қазақ электр-арматура зауыты» ЖШС, әлемге аты танымал «Карабелли» және «Сименс», KEGOC компанияларының инновациялық жабдықтарының таныстырылым көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ мерекелік сипаттағы жарыс аралығында оған қатысушылар Ақмола облыстық филармониясы мен Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің концертіне куә болып, этно ауылдың ұлттық жабдықтарын тамашалады және қонақжай дастарқаннан дәм татты. Атшаптырым алқапта сәйгүліктер жарысы ұйымдастырылып, қыз қуу, теңге алу сияқты ұлттық өнеріміз көрсетілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы