Бір апта ішінде елімізде 3 506 қылмыс жасалды. Бұл туралы онлайн режимдегі брифингіде ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алдымен елдегі криминогендік жағдайға тоқталсақ, бір апта ішінде 3 506 қылмыс жасалды, оның 2 322-і тәулік ішінде ашылды», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 10 кісі өлтіруді, 1 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 5 қарақшылық, 32 тонау және 487 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын ашты.
«Ішкі істер министрінің атына азаматтардан полицейлерге алғыс айтқан хаттар жиі түседі. Мәселен, өткен аптада елордалық полиция департаментінің қызметкерлері Әлихан Момышев пен Алмас Шығанбаевқа алаяқтықты жедел әрі кәсіби түрде ашып, залалды қалпына келтіргені үшін елорда тұрғыны ризашылығын білдірді», - деді Нұрділдә Ораз.