сурет ашық дереккөзден алынды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі бағыттарының бірі ретінде Жемқорлық тәуекелдерінің картасы қолданылады. Бұл туралы агенттік төрағасы Асхат Жұмағали 6 айдың қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Картаны іске асыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне білім беру саласында сыртқы талдаулар жүргізілген.
Ведомство басшысы атап өткендей, Антикор үшін жемқорлық көріністерін жоюда негізгі алдын алу құралдарын пайдалану басымдыққа ие.
«Біз үшін «адам орталықтылығы» қағидаты басымдыққа ие. Мемлекеттік органдар азаматтардың өмірін жақсартуға баса назар аударуы тиіс. Осыған сүйене отырып, агенттік жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі қайта қарады. Жемқорлық тәуекелдерінің карталары басты бағдар болды», - деп атап өтті Асхат Жұмағали.
Ведомство мәліметінше, білім беру саласында ауқымды жемқорлыққа жағдай жасайтын жүйелі проблемалар белгіленген.
"Агенттіктің интеграцияланған талдауды пайдалануы жемқорлық схемаларын ішінен егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік берді. Соның арқасында, бүкіл республика бойынша жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау шеңберінде білім беру саласындағы тұтас қылмыстық схемалар ашылды. Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларының, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.
Осылайша, мектеп директорлары мен бухгалтерлері бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылықпен және басқа мәліметтер базасымен интеграциялаудың жоқтығын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырған. Бұл білім бөлімдерінің басшылары мен мемлекеттік аудиторларды қамту кезінде орын алды" - делінген хабарламада.
Бүгінде еліміз бойынша білім беру саласында алдын ала 7,9 млрд теңге шығынмен 102 қылмыстық іс тіркелген.
"Жалпы, талдау нәтижелерімен әртүрлі салаларда жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 1100-ден астам ұсынымдар әзірленді. Бүгінде олардың 33%-ын мемлекеттік органдар орындады" - дейді Антикор баспасөз қызметінің өкілдері.