02 ақп, 2022 сағат 10:55

БҒМ Аризона университетімен бірлескен жоба бойынша келіссөз жүргізді


Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Аризона университетінің президенті доктор Р. Роббинспен және АҚШ-тың Аризона штатындағы Өкілдер палатасының спикері Р. Бауэрспен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күн тәртібінде стратегиялық серіктестік және Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университетінің филиалын ашу мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

Кездесу барысында тараптар алдағы бірлескен жұмыс барысын талқылады. Аризона штаты Өкілдер палатасының төрағасы Р. Бауэрс жобаны жан-жақты қолдауға дайын екенін мәлімдеді және білім беру сапасын арттырудағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.


Вице-министр Қ. Ерғалиев аталған жобаны іске асыру үшін нормативтік құқықтық құжаттарда қабылданған өзгерістер туралы айтып берді. Тараптар білім беру қызметін жүзеге асыру, оқытушылық қызметке шетелдік ғалымдарды тарту тәртібін және лицензиялау мәселелерін талқылады.

Білім саласы, IT, инженерия, агро-техникалық және т. б. бағыттар бойынша оқыту АҚШ-та аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі деген уағдаластық бар.

Негізгі басымдық қосдипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға беріліп отыр. Сондай-ақ халықаралық профессорлар мен бизнес-қауымдастық өкілдері жұмылдырылады.

Енді 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Аризона университетімен бірлескен жұмысты бастау үшін стратегиялық ынтымақтастықты бекітетін нормативтік құқықтық құжатты қабылдау керек.