01 қыр, 2016 сағат 12:26

Бейбіт Сарыбай. Баламды медресеге біл деп бердім...

Оқу жылының аяғында, жылыны бір рет қана жинайтын «красканың ақшасының» өзін кешіктіріп беруші едік қой. Наурыз айының басында басталған ақша жинау дегеніңіз мамыр айының аяғына дейін созылушы еді. Мұғалімнің қыздары мен дәрігердің ұлдары бастап, пенсионер атасына табиғи оқушылар қоштап әкеле бастайтын ақшаңыз, бәленшеевтердің балаларының Құдайдың зарымен беретін ақшасымен түйінделетін. Соңында қалғандардың сүйкімі болмайтын. Бермеймін, әкелмеймін демейді, реті келмейді. Беріп тастағандардың абыройы шекеден. Бермегендердің жүзі төмен. Сонда деймін-ау, сол кездегі ата-аналар бала оқытуда анау айтқандай қиындық көрмеген екен-ау. Тамыздың соңын ала бере киім-кешегіңді алып беріп, моншаңа түсіріп, шашыңды алдырып, кіргізіп жібереді. Болды. «Красканың ақшасына» дейін проблема жоқ. Өзің барасың, өзің келесің. Өзің оқисың. 

Ал, қазір қалай? Қазір балаңның асай-мүсейінің, күніге беретін тиын-тебеніңнің сыртында, сол балаңды тасудың өзі оңай емес. Қалай қыркүйек келеді, солай Алматының көшесі көлікке кептеледі де қалады. Соның бәрі баласын тасып жүрген ата-ана. Үй жағында мектеп жоқ болса бір жөн екен-ау. Бар. Бір емес, екі мектеп тұр. Бірақ, ол мектепке бермейміз. Неге? Екеуі де нашар мектеп. Еврейлерде мақал бар. Олар үшін «Ең жақсы мектеп – үйдің жанындағы мектеп». Қазақтарда керісінше. Ең жаман мектеп – үйдің жанындағы мектеп. Мамырдағы жездең баласын Айнабұлаққа тасып жүр. Мамырдағы мектептің рейтингі төмен екен. Ал, Айнабұлақтағы әпкең баласын сандалтып Мамырға сүйреп барады. Сол мектепке жететін мектеп жоқ екен. Орбитадағы досың баласын Ленинаға сүйрейді, Ленинадағы досың Орбитаға сүйрейді. Бәрінікі дұрыс, бәрінің ниеті жақсы. Балам жақсы болса екен, балам білімді болса екен деген тілек. Бірақ, бір қызық жері бар. Осы Алматыда даңқты әйел басқаратын, атақты мектеп бар. Жұрттар соған баласын бәленбай долларға кіргізіп әуре болып жатады. Оны енді басқа біреулер менсінбейді. Құрсын, ол мектеп парақорлық жайлаған, атағы ғана, баяғыдағыдай емес дейді. Енді осы бір мектеп туралы екі түрлі бағаның қайсысы рас. Екі жеңешемнің қайсысы ақымақ? Ұқсам бұйырмасын. 

Бала – мақтанышың. Ол – өмірдің заңы. Байлықпен емес, барлықпен емес, балаңмен мақтану – адамдық. Осы тұрғыдан келгенде баласы үйдің жанындағы мектепте оқитын ата-аналардың жүзі сәл төмен. Қандайда бір қуанышқа жинала қалғанда әйелдердің әңгімесі де осы төңіректе өрбиді. Балаңды қай мектепке бердің? 
- Екінші лицейге
- Ой, қандай күшті.
- Сен ше?
- Төртінші гимназия.
- Мәәә, қалай орналастырдыңдар?
- Сенікі ше?
- Дарында.
- Мәәә, супер.
- Гүли, Сенікі қай мектепке барды?
- Мақатаевта.
- Жаман емес. Аскен сендердікі де барды емес пе биыл. Қайсысына бердіңдер.
- Сол өзіміздің Көкжиектегі 118-ге бердік.
- Қойшы, құрсын.
- Неге өйттіңдер ей?
- Мәссаған. 
Бәрі жабылып ана байғұсты талап жеп қояды. Ана бейшара баласын мектепке бермегендей күй кешеді. Өзін қатты кінәлі сезінеді. Содан үйіне келіп байының миын жейді. Байы өзін дәрменсіз сезінеді. Күлпаш пен баласына түк таппай келген Мақтым ба дерсің. Ал, содан қаздың жүрісін саламын деп бұты айырылған қарғаның кебін киеді дерсің. Аттыға еремін деп таңы айырылған жаяу кәдімгі.

Дұрыс. Бала үшін барымызды салайық. Өзіміз жемесек те, өзіміз кимесек те, бала жесін, бала кисін. Баламыз білімді болсын. Баламыз қатардан қалмасын. Осы жолда теріміз төгілсін. Еш ауырсынбайық. Алла қолдасын. Бірақ, жалған намыс дегенді қояйық. Біздің үйдегі философия мынау. Совет өкіметінен қалған. Бастауыш сыныпта мектеп емес, мұғалім таңдау керек. Айбаршын биыл бастауыш сыныпты бітіреді. Осыған дейін үш жыл үйдің жанындағы мектепте оқыды. Биыл да соған барды. Шүкір, тәуба білімі сорлы емес. Келер жылы біз де жақсы мектепке апарамыз. Бұйырса. Мектебін де таңдап қойдық. Ал, оған дейін бұйырғанын көріп келеді. Құттай баланы қақаған аязда қаланың бергі басынан арғы басына, арғы басынан бергі басына тасуға жаным ашыды. Енді өсті. Бұйырса келер жылы жол жүріп оқимыз. 

Сіздер не дейсіздер? Қалай ойлайсыздар? Ақылдаса отырайықшы. Неге тұтас бір мектептің соры қайнап қалады? Егер шынымен солай болса, неге біз оны түзеуге дәрменсізбіз. Директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін ауыстыру керек шығар. Неге өңкей супер мұғалімдер бір мектепке жиналып алады? Барлық мектептің мұғалімдері бірдей айлық алады емес пе? Себебін білетіндер ақыл қоса отырыңыздар. Қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрмейік.

Бейбіт Сарыбайдың фейсбуктегі жазбасынан