Жақында Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция болып өтті. Бұл шара Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына арналды. Бұл ауқымды жаһандық шараның Елбасы манифесіне де тікелей қатысы бар екені сөзсіз.
Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде мынадай сөйлем бар: «Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ойлы өкілдері жұртқа болашақтағы әлемдік соғыста планетадағы тірі жанның бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын болады деп көріпкелдікпен ескертпе жасаған еді». Осы пікір маған бала кезімде әкем айтып отыратын мына бір сөзді еріксіз есіме түсірді. Ол: «Өз заманының ғұламаларының бірі былай деп айтқан екен дейтін: «Үшінші дүниежүзілік соғыс бола ма, жоқ па білмеймін, бірақ, төртінші дүниежүзілік соғыста адамдар жақпен (садақпен) соғысатын болады». Солай, жаппай қырып-жоятын қарудың шүріппесін басқан соң, планетадағы тірі жанның бірін қалдырмай қырып салатын қаруды қолданғаннан кейін, егер тіршілік қайтадан пайда болып, адамзат жаңа өмірді бастаса садақпен соғысады да.
Осы қауіпті алдын ала көріп-біліп қана қоймай, жаһандық ынтымақтастыққа шақырған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте өзекті бағдарламалармен тұжырымдалған манифесін жария етті. Бұдан бұрын да, Тәуелсіздік самалы есіп, өз алдымызға дербес мемлекет құратын тарихи кезең қарсаңында әлі де Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан, оның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Мәскеудің қарсылығына қарамастан, әлемдегі ірі ядролық полигон – Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Дүниенің төрт бұрышының, алып елдердің тізесін дірілдеткен атом қуатын одан әрі сынауға тосқауыл қойылды, тыйым салынды. Ядролық жаппай қарулануға қарсы бейбіт шешім қабылдауға болатынын әлемге паш етті. Үлгі көрсетті. Одан бері де ширек ғасыр өте шықты.
Семей полигонында 40 жыл бойы 450-ден астам сынақ, соның ішінде 120-сы атмосферада жасалды. Олардың қуаты екі жарым мың Хиросиманы жойып жіберерліктей. Осы жылдар ішінде жарылыс салдарынан 300 мың шаршы метр аумақ уланды. Ең сорақысы – 1,5 миллион адам радиация құрбаны болды. Міне, осындай ажал ошағының отын тұншықтырып, Қазақстан Лиссабон хаттамасының ережелерін тұңғыш болып орындады. Полигон жабылған 29 тамызды Біріккен Ұлттар Ұйымы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл атаулы күн де біздің Елбасымыздың ұсынысымен белгіленді.
Ядролық қауіпсіздік бағытында жасалған келіссөздер өзінің оң нәтижелерін бере бастады. Осындай аса ірі қауіп тудыратын қаруға ие болып отырған бірқатар мемлекет атом қаруын сынауға мораторий жариялап, осы ұстанымдарын бұзбай келеді. Бәріміздің есімізде, 1994 жылғы 5 желтоқсанда Венгрия астанасы – Будапештте бес ядролық держава ядролық қарудың қандай түрі де Қазақстанға қарсы қолданылмайды деген кепілдеме алып, қол қойды. Сөйтіп, жаппай қарусыздануға шынайы қадам жасалды.
Міне, содан бері жасампаз бастама жалғасын тауып, Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы жаңаша сипат алды. Манифест Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаттары ретінде қабылданды. Оны әлем жұртшылығы қызу талқыға салып, қолдау көрсетті. Адамзат баласы Қазақстанды өзі орналасқан аймақты ғана емес, бүкіл дүние жүзін қауіп-қатерден аластаушы ел, ықпалы зор мемлекет, ал оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Бейбітшілік елшісі ретінде тануда. Әлемге қатер төніп тұрғанын айдай әлем алдында қазақ перзенті ауызға алды, қазақ азаматы жар салды, қазақ баласы адамзатқа ортақ планета үшін жаһандық бастама көтерді. Тек қана өз ұлтының, ұлысының, елінің мүддесімен шектелмей, әлем халқының, бейбіт өмірге зар болып жүрген адамдардың, оқ-дәрі иісінен мезі болған жұрттың жүрекжарды тілегін жайып салды.
Дүниежүзі тарихын ақтарып қарасақ, талай қанқұйлы жорықтар, қан жұтқан соғыстар, қатерлі қақтығыстар болған. Әлемді билемек болып, қабағына қан, кірпігіне мұз қатып, жорыққа шыққан қай басқыншы мемлекет әлемге ие болып қалды? Жоқ! Бәрі де сол Шығыстың данагөйлері айтып кеткендей, қарумен келгендердің ажалы сол қарудан болды.
Адамзатты жаппай қырып-жоятын тажалды тізгіндеудегі Назарбаев жолы планетаның түкпір-түкпірі терроризм салдарынан қан түкіріп, соғыс өртіне күйіп жатқанда, соғыс бәсекесінен гөрі өркениет бәсекесі, бейбітшілік бәсекесі өміршең екенін көрсетеді. «Бөлінгенді бөрі жейтінін» кешегі посткеңестік кеңістіктегі «одақтас» елдерден көріп отырмыз. Соғыс өртін тұтандыру үшін жалын атқан оттың қажеті жоқ, бықсыған қоламтаның әлсіз шоғы да жетіп жатыр. 40 жылдай соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстанды айтпағанның өзінде, күні кеше «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» Ирак, Йемен, Ливия мен Сириядағы қанды қырғын не берді? Палестина мен Израильдің арасындағы текетірес те немен аяқталары белгісіз.
Ресми деректерге қарағанда, қазір 60 миллионнан астам адам босқынға айналды. Бір ғана Сириядан 5 миллионнан астам адам өз отанын тастап шықты. Бұрын солардың бәрі де бейбіт елде беймарал өмір сүріп жатқан адамдар еді. Осы сұрапыл бейнеттен олар қашан құтылады? Оты сөнген ошақтар бұрынғыша қайта тұтана ма, ортасына түскен шаңырақ қайта көтеріле ме, сынған кереге қайта түзеле ме? Стихиялы төңкеріс бір сәтте дүниенің астын үстіне шығарады. Ал оны қайта қалпына келтіру үшін ондаған жыл немесе ғасыр қажет болар. Мүмкін, қалпына келе алмас. Тарихта талай мемлекеттер жойылған, қалалар жермен-жексен болған.
Үшінші мыңжылдықтың алғашқы ғасырын қазір әлем оқымыстылары ғылым ғасыры деп атап жүр. Ол рас. Қазір адам баласы таңғажайып ғылыми жаңалықтар ашып, бұрын қиял-ғажайып ертегілеріне арқау болған оқиғаларды шындыққа айналдыруда. Бірақ ғылым жетістіктері жасампаздыққа ғана емес, әскери өнеркәсіпке де қызмет етуде. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары көрнекті ғалым В.И.Вернадский адам баласы жақын уақытта атом қуатын игеретіндігін тап басып айтқан болатын. Бірақ, адам баласы оны игілікке емес, өзін өзі жоюға пайдаланып кетсе қалай болады деп алаңдады.
Шынымен де, халықаралық терроризм қаһар төгіп тұрған қазіргідей заманда атом қуатына терроршылар ие болып кетсе қалай болады? Жас баланың қолына қайшы не пышақ беру қандай қауіпті болса, жаппай қырып-жоятын қарудың терроршылардың қолына түсуі одан да қауіптірек. Өйткені, жас бала өзін жарақаттап алуы мүмкін. Ал содырдың қолындағы ядролық қару адамзат өмірі үшін қауіп! Жасыратыны жоқ, жаппай қырып-жоятын қару әлемді жайлап, оның бақылаудан шығып бара жатқаны да рас. Ал оны қолдана қалған жағдайда қандай салдарға соқтыратыны белгілі. Ашығын айту керек, ондай жағдайда ядролық қыс түсіп, жерді радиоактивті бұлт басады. Планетаның жоғарғы қабатында ауаның температурасы 180 градусқа дейін төмендейді. Мұхиттар қалың мұз қабаттарын жамылады. Ақырзаман деген сол!..
Еліміздің ядролық қауіпсіздік бағытындағы тұрақты саясаты белсенді жүргізіліп жатқанда үстіміздегі жылғы маусым айының соңғы күндерінің бірінде мұхиттың арғы бетінен қуанышты хабар жетті. Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде Қазақстан осы халықаралық ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің екі жылға тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Дауыс беруші мемлекеттердің басым көпшілігі Қазақстанның бейбітшіл сыртқы саясатын қолдады. Тәуелсіздік алғанына 25 жыл ғана болған мемлекет үшін бұл биік мәртебе және, сонымен бірге, салмағы мол жауапкершілік. Әлемде геосаяси ахуал аумалы-төкпелі күй кешіп тұрған қазіргідей кезеңде тек қана алға ұмтылу, алып елдермен тізгіндес болу Қазақстан үшін аса маңызды.
Қазақстан – Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азиядан сайланған тұңғыш ел. Мұндай халықаралық мойындау жоғарыда атап көрсеткен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қарусыздану жөніндегі ІV саммитте жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің халықаралық деңгейде қолдауға ие болғанын көрсетеді. Бұдан былай Қазақстан осы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде өзінің ішкі-сыртқы саясатында бұрынғыдан да ілгерілей түсері сөзсіз. Әлемдік қоғамдастық ал-дындағы абырой-беделі бұрынғыдан да биіктеп, мемлекетіміз дамыған 30 елдің қатарына қосылар уақыт та жақындай түсері анық.
Біз қай заманда да білекке емес, білікке, даналыққа, бейбіт келісімге ұмтылған елміз. Нағыз өркениет дегеніміз – осы! Халықаралық қоғамдастықтың біздің елді таңдауының тағы бірі сыры осында жатыр. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім бағытындағы біздің үлгіміз әлемге керек екені еш күмән туғызбайды.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
Парламент Сенатының депутаты
Суретті түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»