02 ақп, 2021 сағат 10:11

Бес өңірде 8 жаңа су қоймасы салынады

Қазақстанда жаңа редакциядағы Су кодексі әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын әзірледік. Бүгінде аталған мемлекеттік бағдарламаны ұлттық жобаға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. 6 негізгі бағыт анықталды. Атап айтсақ: біріншісі - су дипломатиясын нығайту үшін мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіру; екіншісі - су ресурстарын цифрландыру,есепке алу және мониторингілеу. Нәтижесінде жүз 119 су арнасында цифрландыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, өзен ағынының ресурстарын айқындаудың ақпараттық жүйесі құрылады», - деді министр. 

Оның айтуынша, үшінші бағыт суды үнемдеуді қамтиды.Нәтижесінде заманауи су үнемдегіш технологиялар қолданылатын суармалы жердің көлемі 221 мың гектардан төрт жүз жиырма мың 420 гектарға дейін ұлғаяды. Төртінші - ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды қалпына келтіру, жаңа су қоймаларын салу. Нәтижесінде шамамен 2000) шақырым магистралдық арналар реконструкцияланады. Одан бөлек жалпы көлемі 885 млн текше метр болатын Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында 8 жаңа су қоймасы салынады. Ал 2025-2030 жылдар ішінде 31 су қоймасы салынатын болады.

«Бесіншісі - құқықтық базаны жаңарту. Осы жұмыстың аясында жаңа редакциядағы Су кодексі әзірленеді. Алтыншысы - су саласының мамандарын қазіргі заманғы дағдылармен даярлау және ғылыми қамтамасыз ету», - деді Мағзұм Мырзағалиев.