04 ақп, 2019 сағат 16:45

Бес баланың өмірін жалмаған өрттің мән-жайы. Вице-министр жауабы

ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин бес қыздың өмірін қиып кеткен қайғылы оқиғаның алдын ала себебін жариялады, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, өрт шыққан құрылыс нысаны уақытша тұруға арналған. Ол жерде тура сондай бірнеше нысандар бар. Иесі - қайтыс болған балалардың анасының үлкен апасы.

«Алдын ала қорытындыға сәйкес, балалар иіс тиіп, қайтыс болған. Бұл дегеніңіз - үйдің төбесі опырылып құлағанда барлығы ес-түссіз жатқан», - деді Ю.Ильин журналистерге берген сұxбатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қайғылы жағдайға тап болған отбасының туыстары жарты сағат бұрын балаларды көріп кеткен. Пеш те дұрыс істеп тұрған. Ал түнгі сағат 2:34 көршілер өрт сөндіру қызметіне xабар берген.


«Орталық пультке өрт туралы ақпар түнгі сағат 02:34-те көршісінен келіп түсті. Шыңғыстау көшесінде орналасқан "Көктал 1" тұрғын үй массивінде өрт шыққан. Өрт сөндірушілердің алғашқы бригадасы оқиға орнына жөнелтілді. Екі минуттан кейін барлық өзара іс-қимыл қызметтеріне, яғни жедел жәрдем станциясына, полицияға хабар берілді.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде, аумағы 30 шаршы метр уақытша құрылыстың жалынға оранғанын байқайды. Өртті сөндіру кезінде сағат 02:45-те үйдің төбесі жарым-жартылай құлаған, ал 02:53-те бес мәйіт табылды.

Өрт неден шықты? Далаға шығатын мұржаның асбест қаптамасы болмаған. Содан ағаш шатыр өртенді. Оның үстіне балалар түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз қалған. Қазір арнайы зертxана жұмыс істеп жатыр. Соның қорытындысы бойынша нақты себептер белгілі болады», - деп атап көрсетті Ю.Ильин.

Айта кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді.

Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.

Үйдің отағасын түнгі уақытта жұмыс берушісі шақырып алған. Ол техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істеген. 

«Тергеу органдарының ақпаратына сәйкес, балалардың әкесі - 1984 жылы туған азамат. Ол теxникалық қызмет көрсету стансасында моторист болып істейді. Кешкі уақытта ол пешті жағып қойған. Сол кезде жұмыс беруші оны шұғыл жұмысқа шақырып алады. Сол себепті ол түнгі уақытта үйінде болмай қалады. Ал, анасы жауапкершілігі шектеулі серіктестікте бөлшектеп өлшеуші болып қызмет атқарады. Ол да түнгі ауысымда болған», - деп атап көрсетті Ю.Ильин.

Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрлігі өрттің салдарынан болған қайғылы оқиғалардың статистикасын жариялады.

Вице-министр Юрий Ильиннің айтуынша, өткен жылы республика бойынша 14 567 өрт оқиғасы тіркелді. Ол бір жыл бұрын болған көрсеткіштен 6 процентке төмен. Бірақ өрт салдарынан қайтыс болған адамдардың саны 19 процентке өсіп, 434 адамға жетті. Бір жыл бұрын аталған көрсеткіш 352 адам болған. "Бұдан бөлек, өткен жылы 412 адам жарақат алды. Жалпы, материалдық шығынның көлемі 3,5 миллиард теңгеден асты", - деді Ю.Ильин.

Ал Астана қаласын бойынша былтыр 699 өрт оқиғасы тіркелген. Сол кезде 10 адам қайтыс болған. Олардың ішінде бір бала бар. 2019 жылдың басынан бері елордада 69 өрт оқиғасы болды. Бүгін қайғылы оқиғада қайтыс болған бес бала - биылғы жылдың алғашқы құрбандары.