Осы тіркестің ажары тайған қыздың маңдайындағы жазудай боп сазарып тұрғанына біршама уақыт. Мен оны өшіріп тастағым келді. Тіркесті емес, маңдайдағы жазуды…
Сөз сапыру кейде соншалықты оңай, кейде соншалықты қиын. Бұл асылы, жазар дүниеңнің салмағын сезінуден туған әсерге байланысты болса керек. Менікі домбыраның күмбірінен қобыздың үнін естіп ап, оны қалай тәпсірлерін білмей дал кешкен жанкештінің халі. «Маркестің қара қолғабы»… Жазбамды бастай алмай тұмандатып отырғанда бір досым хабарласты. «Қара қолғап киіп алдың ба?». «Кидім». «Қорқынышты емес пе екен?»… Мен қолыма қарадым. Қара қолғапты сезіну қасіреті «Мағжанның әлдиі» боп мені де тербетіп отыр еді. Сонымен, бұл қандай қолғап? Ол неге қара? Қолғаптың қасіреті болғаны несі? Біздің қазіргі қоғамдық санаға оның байланысы қаншалық?
Киаростамидың ұяты
Әуелі Маркес қолғабының біздің санамызға түрткі бола беретініне тоқталмақпыз. Колумбия қанша десеңіз де батыс мәдениетінің жемісі. Ондағы халықтың әлеуметтік дүниетанымы, тіршілік ету қағидаттары, діни-моральдық түсінігі, өнері, әдебиеті, саяси көзқарасы еуропалық құндылықтардан бастау алады. Бұған экзотикалық латынамерикандық құлықты қосыңыз. Латын Америкасы демекші, әңгімеміздің тұздығы – «Жүз жылдық жалғыздыққа» сыншылар магиялық реализм деген айдар тағыпты. Иә, Әсем Ремедиостың аспанға ұшып кететіні, Мокондодағы бес жылға жуық жалғасқан толассыз жауын, Екінші Аурелиано мен Петро Котестің жақындасуынан мал санының қисапсыз көбеюі… Айта берсек, қармақ салмай-ақ табатын тағы нешеме таңғажайып уақиғалар. Біз адамзат санасы әбден есейген дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай «ертекке» кімді сендіре аласыз? Мұхаммед Салықтың «Ұлықбектің бармағы» атты жазбасы есіме түсіп отыр. Адамзат таңдануды, ілкі сенімді жоғалтып алды. Сәби өз бармақтарының түзілісіне, қозғалысына қалай таңданушы еді. Инстинкт. Ес білді де, таңдана алу қабілетін өлтіріп алды. Жер бетінде осы қабілетін өле-өлгенше тірі сақтай алғандар да бар. Бұл жөнінде Мұхаммед Салық былай дейді: «Адамзат дүниені таныған сайын, мұғжиза қарапайым нәрсегеайналады және ол оған екінші рет таңғалмайды. Ал, Лев Толстой таңдана береді. Ол бір күні жолда келе жатып ағаш бұтағының сынған өскінін көріп, таң-тамаша күйге түседі. Сынған өскіннің өмір үшін жанталасқан күресінен алған әсер оған әйгілі Қажымұратты жазғызды». Ұлықбек те соңғы деміне дейін өз бармақтарының қайталанбас ізіне, жаратылу құпияларына таңданып өтті. Бұл таңданыс оған жұлдыздардың сырын ашуға көмектесті. Маркес осы топтағы суреткер. Ол өзінің өткенінеде, бүгініне де, ертеңіне де сене алған, тіптен, мойындай алған дегіміз келеді. Көбіміз есейген санамен, яғни күрделіленген санамен қараймыз төңірекке. Қарапайым (қарабайыр емес!) пайыммен көз салсақ, танушы едік мұғжизалардың мекеніндегі таңғажайып тіршілігімізді. Маркес арманшыл адам. Себебі, оның халқы сондай, арманшыл. Колумбияның Елтаңбасын көрсеңіз, бізбен бірден келісер едіңіз. ХІХ ғасырдың басында Испан корольдігінің бодауынан босап, Тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттің арманшыл «сәбилік санасындағы» биік мұраттар, гуманизмнің болашағына, ізгі адамгершілік, моральдық құндылықтарға сенім, бостандықтың игі бастамаларына деген алып-ұшпа үміт, өзін-өзі билеуге деген құштарлық жаңа Елтаңбаға сол қалпы ақеділ суретшінің қиялымен көшірілген еді.
Мультипликациялық реңктегі осы Елтаңба тұтас бір халықтың жан әлемінің, қиялшыл сенімінің көрінісі. Өз басым романдағы таңғажайып уақиғаларға сенемін, тіптен, Колумбияның Елтаңбасын көре тұрып сенбеуге болатынына күмәнім бар. Енді латынамерикандық құлыққа тоқталайық. Қай жағынан да батыстық формацияда жылжыған латынамерикандықтар арғы испан мәдениетінен түлеген. Ал, испан мәдениеті белгілі дәрежеде араб мәдениетінің ықпалына ұшыраған. Мұны сіздер тарих оқулығынан-ақ білесіздер. Демек, исламдық шығыс дүниетанымы латынамерикандықтардың құлығында өмір сүріп жатыр, аз деңгейде болсын. Дәйекке жүгінейік. Философия әлемді шартты түрде екіге бөлді: Батыс пен Шығыс. Философияның түсіндіру үшін керек екенін біле тұра, мұнымен келістік. Өйткені, бұл бөліністің шындығы да, қажеті де бар еді. Шығыстың өзі «қысықкөзді шығыс» (Мағжанша), мұсылмандық шығыс және көшпенділер өркениеті сынды үлкен тармақтардан тұрады. Дегенмен, Шығысқа ортақ имитация, фәниден баз кешіп, космологиялық еркіндікке ұмтылыс, ойшылдық, дәстүрге беріктік сынды қасиеттер де баршылық. Қайсар мінезді латынамерикандықтардың болмысына бұл қасиеттердің дәнегі, әрине, мұсылмандық шығыс арқылы сіңді. Гарсиа Маркестің кейіпкерлері, дәлірек, Буэндиалар қайыспастай бірбеткей бола тұра, түптің-түбінде баз кешуге, тіршіліктен көрі, ғарыштық сананың баурауына елтуге, өзімен-өзі бұйығы имитацияға берілуге бейім. Бұл Буэндиалар әулетінің ғана қанына сіңген қасірет шегу дерті емес, тиісінше, мұқым колумбиялық мінез. Маркеске тән тағы бір ерекшелік оның ажал жайлы түсінігі. Жалғыздық құрсауындағы жападан шаршаған кейіпкерлер топырағынан дарыған қайсарлықпен Отанының болашағы үшін майданға да аттана алады, ең қорқыныштысы, өз жалғыздығымен айқасқа да түсе алады (Ребеканың өз құжырасында саусағын сорған күйі қартаюын еске алыңыз). Бұл жалғыздық оларды әлдеқандай тылсымға сенуге, жаншошырлық күнәлі әрекеттер жасауға да итермелей алды. Тек, ажалмен қорқыта алмады. Парсы режиссері Аббас Киаростамидың «Шие дәмі» көркем фильміндегі қара жерге көметін жан таппай сандалған міскіннің тағдыры…
Біз фильмнің сюжетін баяндаудан гөрі, себепке, салдарға жүгінгенді жөн санадық. Қаһарман Бадидың бұған дейінгі тәлейі, қоғамдағы әлеуметтік дәрежесі, түсінігі, көзқарасы көрерменге тәптіштеліп көрсетілмейді. Оны ажалмен бетпе-бет келтірген жалғыздықтың жан кемірер салқыны еді. Тірідей өзін жерлеген инсанның көметін жан таппай сергелдеңге түсуі «Жүз жылдық жалғыздықты» жадыңызға салмай ма? Бұл сергелдеңнен бұрынғы, жеке көлеңкесімен ғана арбасқан жалғыздығы ше, бұл да көңіл түкпіріне жасырған құпияларыңызды түртпектеп мазаламай ма? Себеп салдарды туғызды. Киаростами кейіпкері ажалмен жеңілістен, я болмаса қорқыныштан емес, әлдеқандай биік түйсік деңгейінде бетпе-бет келіп отыр. Әлем кинематографтары Киаростами шығармашылығын тектен-тек философиялық фильмге жатқызбаса керек-ті. Бұл дәстүрлі тіршілік дағдыларынан модернизмге көшіп жатқан дамушы Иран қоғамының көңіл-күйі. Бұл дәстүрлі тіршілік дағдыларынан модернизмге көшіп жатқан барлық дамушы елдердің қобалжуы. Жаңа формацияға көшу үстіндегі қоғам жаңа ұғымдар, түсініктермен, жаңа санамен текетіреске түседі. Мұндай қобалжу әлеуметтік дәрежесі анықталмай тұрған жеке адамдардың моральдық оңашалануына әкеліп соғады. Осыдан келіп жоғалып бара жатқан дәстүр феноменінен, модернге рухани дайын болмағаннан ұялу – «қоғамдық ұялу» туындайды. Дәстүрлілікті сақтаған мұсылмандық Шығыс үшін тіптен ауыр соққы. Киаростами кейіпкерлері ұялу хәлін үнемі бастан кешеді. Мұның бәрі айналып келгенде, болмыстың өз-өзін іздеу жолындағы рухани сатыға көтерілуі. «Шие дәмі» арқылы режиссер, әрине, қоғамы үшін адамзаттан ұялып отыр, ал, кейіпкері арқылы жеке тұлғалық болмысының ұялуын суреттеген. Ажал жайлы ойға берілгіш қарт саналы мұсылмандық Шығыстың бүгінгі мұрагерлері – дәстүрлі мәдениеттің соңғы могикандарының жалғыздықпен айқасы осылайша имитация, мәңгілікке ұмтылыс философиясының қазіргі замандық үлгісін жасап шықты. Бұл ажалдан қорқу емес, бетпе-бет келу, арбасу. Арбаса отырып, қорқынышын жеңу.
Гарсиа Маркеске оралайық, Шығыстық фәниден баз кешу философиясы солай да солай өзге континенттегі өзін іздеген адамзаттың космологиялық еркіндікке ұмтылыс жігерін оятты. Бұл айтылғандардың бәрі, әрине, жалпыадамзаттық мінезге де жатады. Әңгіме ситуацияға байланысты халықтардың түсінігінде, әрекетінде болып тұр. Бірнеше ғасыр әуелгі испандардың қанына сіңген генетикалық түйсікпен колумбиялықтардың белгілі бір кезеңдегі торығу сезімдеріне Шығыс дүниетанымы әсер еткенін біз осылай түсіндіргіміз келеді. «Адамзаттың осы бөлігі Батыстан не алды?» деген сауал туады. Бірақ, ол басқа әңгіменің өзегі.
Ажалмен арбасқан Маркес кейіпкерлері… «Жүз жылдық жалғыздықты» оқып отырып, келесі кейіпкердің жан тапсыруын асқан құштарлықпен күтесің. Иә, Жаратушының Саттар (құпияны ашпау, күнәңді әшкерелемеу) сипатынан келіп шыққан ой күнәсін кешесің. Ой күнәсі! Біз қара қолғапқа енді келдік. Амарантаның бала кезден бірге өскен туысқаны Ребекаға, ортақ махаббаттары Пьетро Креспиге деген таласынан туған өшпенділігі – қара қолғапты киюдің ең алғашқы қадамы еді. Ол бір шаңырақта өмір сүріп жатқан Ребеканы улап өлтіргісі де келді, той күні таяған сайын өз туысын улап өлтіріп қоймасы үшін, құдайдан Ребеканың жазым боп мертігуін тілеп дұға да оқыды. Амаранта әрекетті кейіпкер емес, ойдың адамы. Оның қасіретінің ауыр болатыны да сондықтан. Оның күнәлары ғұмыр бойы санада жасалды. Тұтас өмірі ой күнәсінің ішке жұтқан запыранымен өткен тағдырға нендей үкім шығаруға болады? Бір ғана сөз, жалғыздық!
Неге Амаранта әулетіне тән хайуандық инстинкт жетегінде туысқандарымен некелеспеді, неге талай рет қолын сұрап келген еркек атаулының абзалы полковник Херинельдо Маркеске тұрмысқа шықпады? Неге жер қойнына кіргенше ойымен ғана махаббат ләззатына берілді? Себебі, Амаранта өз қасіретіне ғашық адам. «Жападан-жалғыз қасірет шегу пендеуи күнәларға батқаннан гөрі, құдайлық азаптың дәмін татумен пара-пар» деген оның өзі ашқан жаңалығы шығар, бәлкім. Осынау қысметті әйелдің бойындағы оңашалану, ашушаңдық, кірпияздық, бейтараптық тіршілік етіп жатқан қоғамыңызға ұқсамай ма? Амаранта – қоғамның дәстүрлі мәдениеттен модернизмге көшу процесіндегі адамдардың елгезектіктен адасуының мысалы. Амарантаны үнемі «Киаростамидың ұяты» түртпектеп отырады. Ол әлемнен, қоғамнан ұялмайды, оның ұятына әлеуметтік сана әсер етеді. Дәуірінің аспанына үйірілген қорқыныш, күмән бұлты сіркірегенде мұның да ауласы лайланушы еді. Сенімін күмәні, жігерін қорқынышы жасытқан Амаранта ұялды. Бәрінен ұялды. Оның өзі Жаратушының, әлемнің, қоғамның, болмысының алдында ұялғанын түйсіне алғанына күмәнім бар. Әдетте, мұндай құбылыстар бейсаналы түрде жүреді және санада жүреді. Адам баласын қылмысты әрекеті үшін мораль да, дін де, заң да жауапқа тарта алады, тек ойы үшін зынданға тастай алмайды. Біреудің ойын оқитын әулиеліктің ауылы адамзаттан алыстағалы қашан. Ой күнәсі үшін Жаратқан мен сананың иесі ғана үкім кеседі, ұяты тірі болса ғана, әрине. Ұят Амарантаға ғұмырлық қасіреттену тұмарын тақты, қасірет қара қолғап кигізді. Міне, бұл қандай қолғап! Міне, қара қолғаптың қасіреті!
Отанды Абайша сүю…
Габриэль Гарсиа Маркес! Ол сыныққанат жазушы. Сыныққанат оның ойлары, яки сөйлемдері емес, кейіпкерлерінің маңдай жазуы. Өйткені өмірдің өзі солай, бір кем. Ақыры суреткерлік шеберлігі жөнінде айтып қалдық, азды-көпті мұны да қаузап көрелік. Қаламгердің баяндау тілі қандай? Біздіңше, кез келген суреткердің қаламы туған топырағының табиғат бояуларының көрінісі. Гарсиа Маркестің қаламы да Тынық мұхиты мен Кариб теңізінен дарыған сыршыл көктің құбылмалы сан бояуын, Анды тауының мінезді қанық реңдерін, мәңгі жасыл ормандардың ойлы түстерін сіңірген болатын. Мокондоның тыныс-тіршілігінен, оны мекендеген халықтың өмірінен қандай бояуларды көрдіңіз? Бір қарағанда, көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, дамып отыратын Мокондо фейерверктің сан бояулы жарқылын еске салады. Маркес «жауыздау» қаламгер, жазып отырып, кейіпкерлерінің тағдырына жаны ашымайды. Бұл – шеберліктен, бұдан үйренетініміз де көп. Оның бояуларының сыртқы фейерверктік қабатын француз режиссері Жан-Пьер Жене өзінің «Амели» фильмінде көрсетуге тырысты. «Жүз жылдық жалғыздықтағы» сөйлем құрау «Амелиге» жаңа тыныс ашып берді. Гарсиа Маркесте ішкі қабаттарға жасырынған бояулар бар. Адам жанын суреттеуіне келгенде, сол ішкі бояуларға сүйенгеніміз дұрыс. Ван Гогқа тән шеңбер философиясы, уақыттың кеңістікке тартылысын, болмыстың мәңгілікке тартылысын үзік сызықты логикалық арифметикамен беру, жанның арпалысқан сезімдерінің түсін бейнелеу – Маркес қаламына да көшкен. Ван Гогта жарқын түстер жоқ емес. Дегенмен, сарысы да, жасылы да, көгі де зарығумен, қасіреттенумен, қорланумен дерттенген. Бұл өзі қызық құбылыс. Сарысының тереңдігі сағыныштың мұң-шерін бейнелеп тұрғандығынан емес секілді. Әлдеқайда тұңғиық, әлдеқайда қайғылы сананың реңі жасырулы мұнда. Ван Гог адамзат сезімдерінің түсін ашты ма, жоқ, түстердің сезімін ашты ма? Әлде, екеуінің тұтас бірлігін тапты ма екен? Бір тараптан, түстердің адамзат сезіміне әсерін тапқан болар? Осы сұрақтарды өңін айналдырып Гарсиа Маркеске қаратып қойып көрейікші. Мен бұған дәл жауап қата алмас едім. Бірақ, бір нәрсе анық, екеуі де қасіреттенген сананың бұйырғанын жазды. Қазіргі кинематографияда бір автор бар.
Қысықкөзді Шығыс мәдениетінің өкілі. Табиғатынан лирик. Әлгінде айтқан екі суреткермен де рухани үндес. Оның шығармашылығын бояуларсыз елестете алмайсыз. Бұл лириктігінен болса керек. Вонг Карвай «Маркестің қара қолғабын» киіп көрді. Дәлірек, Амаранта киген қолғапты «2046» фильмінде өз кейіпкеріне кигізді. Араға нешеме жыл салып «Маркестің қара қолғабы» неліктен тағы бір туындыға көшті? Демек, қара қолғап қасіреті әлі де өзекті. Маркес модернизмге көшу үстіндегі қобалжулы қоғамдағы қара қолғап киген әйелдерді жазса, Карвай Гонконг сынды дамыған қоғамда да қара қолғап киген әйелдер бар екенін әшкерелеп берді. Карвайдың кейіпкерлері күнәға бейім келеді. Гарсиа Маркесті айтпаса да түсінікті. Неге олай? Бір нәрсені ескермеуіміз әбестік болар еді, бұлар өз қоғамын суреттеген авторлар. Енді «Отанды Абайша сүюге» тоқталайық. Абай қазіргі қазақ философиясының басы. Бірауыздан осы тұжырымға келістік. Абай да өз қоғамын суреттеген ойшыл. «Қалай суреттеді?» деген сауал туады. Бұл сауал «Абай өз халқын жақсы көре ме өзі?» деген кезекті күмәнға жетелейді. Көшпенділер мәдениетінің ренессанстық кезеңімен дәл келген оның өмірі мен шығармашылығы өз халқын әлемдік өркениетке ілесуге шақыруға арналды. Өзі насихатшы, өзі ағартушы, өзі реформатор Абайдан қоғамын сынаудан, артта қалған ғұрыптардан арылуға үндеуден, жаңашылдыққа шақырудан өңге не күтесіз?! Халқының өткенін мақтаныш етіп жазу оның да қолынан келетін-ді. Өткенмен мақтану келешектің жарқын идеясы болуға қабілетсіз екенін түйсіне алған Абай басқа, бұдан гөрі тамыры терең, ұстыны берік идея іздеді. Елінің кертартпа қасиеттерінің бәрін сынады. Себебі, кешегі жеңімпаз жұрттың бүгінгі аянышты күйінен ұялды. Халқынан ұялды. Әлем ғылымының арғы-бергі тариқатына жетік, қала берді, Жаратушының ілімімен сусындаған ғұламаның ұяты, ғафу етіңіз, кермек татыған ұят болмақ. Иә, кермек татыған… Міне, Абай Отанын осылай сүйді!
Отанды Абайша сүю философиясынан «Киаростамидың ұяты» келіп шығады. Гарсиа Маркес Отанының алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып күнәлі қоғамын жазды. Сөз басында мұсылмандық Шығыстың қазіргі өнерін неге қозғадық? Өйткені, олардың дүниетанымы бізге жақын.
Қызығасың, өнерімен заманына дер кезінде үн қата алып жатыр. Киаростами модернді мойындағысы келмеді. Соның арқасында халықтың дәстүрлі тіршілігіне шүкір айтып-ақ күн кешуді місе тұтатын аңғал әрі көмпіс бір бөлігінің тұтас галереясын жасады. Оның ауылға соға беретіні де сондықтан. Ал, парсының келесі буынының өкілі Асгар Фархади өз фильмдері арқылы дамушы қоғамдағы қала адамдарының күрделі болмысын ашуға тырысып бағуда. Фархади «Киаростами ұятын» жалғастыруды мойнына алған екен. Мұсылмандық әдеп, әйел, тәрбие түсініктерінің осы заманғы көрінісін сомдаған оған әлем бірнеше рет қол соқты. Түрік режиссері Нури Билге Джейлан жаңаша тіршілік дағдыларына әлдеқашан көшкен халқының санасы жаңарғанын мойындай алды. Батыс жұраты сықылды ойлайтын, батысша формацияда ғұмыр кешіп жатқан түріктердің дәстүрлі танымдарының қазасын, олардың ендігі сезінуі мен табиғатындағы өзгерістерін кескіндеп жатыр. Біздің неге үніміз шықпайды? Мүмкін, бізге де біраз нәрсені мойындайтын кез келген шығар. Әуелі көркем туындының қаһармандарына қарап айбаттанып өмір сүретін дәуірдің аяқталғанын, ендігі жерде өнер тудырған кейіпкерлердің болмысы арқылы өз арымыздың құбыжық келбетімен дидарласатын заманның келгенін мойындауымыз керек бола ма, қалай?.. Бұған қоғамның дайын емес екені екібастан. Ал, өнер тудырушылар ше? Біздің бұл сұраққа да жауабымыз жоқ. Мүмкін, бізге де біраз нәрседен арылатын кез келген шығар.
Шолып шықсам, жазбаның тұла-бойында «қасірет» деген сөз көп қайталаныпты (әрине, орнын басқа сөзбен алмастыруға болатын еді). Ескісі бар, жаңасы бар, халықтың емделмеген жарасы бейсаналы түрде «қасірет» боп тілге орала беріпті. Неліктен қасіреттенуге құмар боп алдық? Біздің бұл сұраққа да жауабымыз жоқ. Бұл айтылғандармен келіспеуіңізге әбден болады. Қарама-қарсы бірнеше пікірдің бәрі дұрыс болуы мүмкін. Қайткенде де ендігі өнер, ендігі әдебиет әуен жайлы емес, әуеннің өзін жазуы ләзім. Неліктен рухымыз түлей алмай жатыр? Біздің бұл сұраққа да жауабымыз жоқ. Ең бастысы, бір сұрақтың жауабы бар: біз әзірге тіріміз. Жанымыз, тіліміз, Тәуелсіздігіміз, Мемлекетіміз бар. Бірақ…
***
Жазбаның аяғында тағы да Амарантаның жар болуға, ана болуға лайық қаншама қыздың тағдырын арқалаған мұңлық екені есіме түсті. Басында, қалам ұстағандағы мұрат та соны айту емес пе еді?! Там-тұмдап болсын айта алдық па? Менің бұл сұраққа да жауабым жоқ.
«Маркестің қара қолғабы»… Осы тіркестің ажары тайған қыздың маңдайындағы жазудай боп сазарып тұрғанына біршама уақыт. Мен оны өшіріп тастағым келді. Тіркесті емес, маңдайдағы жазуды. Иә, иә, өшіру үшін де жазу керек екен-ау…
Бекзат СМАДИЯР
«Ақ желкен» журналы