24 мау, 2017 сағат 11:28

Бекзат Смадияр. Кісілік пен кішілік

Пролог

1-эпизод

Бəрі ойдан басталды…

Ол заманда ой қарқ ететін. Ол заманда құныс қария сынды қанатын артқа салған ой қайқы тұмсығымен дұғасын күбірлеп маймақтанып жүріп бара жататын шартараптарға. Ойдың қанаты сыңар, қауырсыны мақпал еді. Ойдың түсі қара болатын ол заманда, дəп Хауаның құрсағы сықылды. Қара – жарық, жарық – ағыс еді ілкіде. Қара жарқырап ағатын. Өмір ой еді. Ажал ой еді. Тиянақ… Тəж… Мəңгілік – Ой, Ой – Қарға деп аталатын ол қауымның тілінде…

Жалаңаш таудың жыртқыш тістеріне ілінген күн қанталап құлады. Іңірдің қанжоса дидары көкжиекте көлбейді. Көкжиек таудың азулы тістері. Іңір – бəдіз. Тау қолтығындағы Ілкі бастаулар дариясынан қармағына түспеген ойларды аулап отырған шəкірттің желке тұсындағы күдірейген бұталы кəрі ағашқа қарға қонды. Сол-ақ екен шəкірттің басында бір ой қарқ етті. Сөйтті де дəруіш тұрпат, диуана сиық, əулие шырай пайғамбарға бұрылды.

Шəкірт. Уа, мұғжизалы жалғызым, пайғамбарлық мөріңе серт, мен саған ердім. Ол бəрін көре ме?

Дерексіз пайғамбар. Ей, ажалдан кейінгі өмірде оң жағыма жайғасқан жеке қоңырым болумен сүйіншіленген үмметім, Оған серт, Ол ойыңды да көреді.

Шəкірт. Уа, мұғжизалы жалғызым, ойым құмарға бейіл.

Дерексіз пайғамбар. Оның аты – Күнə…

Шəкірт. Күнə? Уа, Оның сүйіктісі, күнə деген не?

Дерексіз пайғамбар. Күнə – кешегі бар, бүгінгі көп, ертеңгі…Іңірдің қабағын бағып үнсіз қалды.

Шəкірт. Иə, ертеңгі?..

Дерексіз пайғамбар. Іңірден не көрдің?

Шəкірт. Уа, Оның елшісі, іңір жауын жеңген батырдың жарасынан аққан қандай сұлу көрінеді.

Дерексіз пайғамбар. Іңірде күнəнің келбеті жасырулы…

Шəкірт. Уа, мен сезбесті сезушім, жұмбағың маған қараңғы.Пайғамбар киіз тысты кітабын ашып еді, дарақтағы қарға қанатын бір сілкіді де кітаптың ішіне келіп қонды.

Дерексіз пайғамбар. Соңғы аят!

Шəкірт. Уа, Одан кейінгі сенгенім, ойда туған жер бар ма?

Дерексіз пайғамбар. Ойдың тумысы Тəңір, қонған жері хат.

Шəкірт. Уа, соңғы көрерім, менен өзге үмметің жоқ. Тəңірді кім танысын?

Дерексіз пайғамбар. Менің үмметім ойлар…

Осыны айтқанда жақпар тастардың тасасында жасырынған құдайсыздар тұтқиылдан семсер ала жүгірді. Қапелімде қапы қалған шəкірт соңғы демін айқаста үзді. Сонда пайғамбар киіз тысты кітабын ашып жіберіп отты жанарын жас жуып дұға етті…

Дерексіз пайғамбар. Уа, Тəңір сыйлаған үмметім Ойлар, қияндарға қарқылдап ұш. Дəуіріңнен жыраққа сүмбіледей жарқылдап ұш. Қалап туғандардың кезегін күт. Сыздай-сыздай жарылар өзегін күт. Тəңір қалауымен пайғамбарлар мен ақындардың басына қон, хат етсін. Заманақырға бүлінбей жет. Үміт шуақ үнімдей жет. Тəңір жар! Тəңір жар…

Əлқисса, мұғжиза! Кітапқа қонған аяттар қарғаға айналып көкті бүркеп ұша жөнелді. Аспанды кернеген ойлар ма, түн бе? Кім білген…

gQ3gPFqNM-A

2-эпизод

ЖОЛДА

Бозамық ауаға шаң көтеріліп, төңіректе түлік жамырай, қоңсының тынышын түртіп кеш қонақтады, ауыл кеші. Əлеттің мамыражай, я қамырықты болатыны асылы, кісінің өзі ойлап тапқан сергелдең, көңіл көрінісі. Əйтпесе, күннің құлақтануы да ескіше, күннің баюы да баяғыша. Өзгерген дым жоқ. Өзгерген ауылдың терістігіндегі жалғыз там-үйдің тіршілік тəлейі ғана…

Күнқақты тозған жаялықтың үстінде аунаған сүлесоқ, өңі қашқан сəби əлсіз жөтелді де, өкпесі сырылдап дем шығармай жатып алды. Үй ішіндегілердің де демдері ішінде. Үрейдің демі. Сəбидің танауынан сырылдап дем шықты-ау бір кезде…

Шешесі. Тірі екен…

Əжесі. Тəйт əрі. Жамандық шақыруға келгенде жүйрігі-ай тілдеріңнің, түге.

Шешесі. Көкесі?

Əкесі. Тауып келем бəрібір.

Шешесі. Емханаға тағы, тағы бір рет…

Əкесі. Кене боп жабыстың да қалдың-ау сол емхана деген бəлеге. Көзің ағармасын!

Əжесі. Ырылдасып бітсеңдер тыңдаңдар мені. Көк таудың басына шығарып самалына бетін тостық, көк айдында ескек есіп ауасын жұтқыздық, көк қарбыздың қызыл етін сығып сөлін ішкіздік. Енді соңғы серті қалды…

Əкесі. Көк қарға… көк пен жерді кезсем де табам.

Шешесі. Табылмаса ше?!

Əкесі. Табылады.

Шешесі. Табылғанға шейін…

Əкесі. Өй, мынау əкк…кірең-деген неме, көзінің сорасын бұлдап болмады-ау!

Шешесі. Ала сиырды сатсақ, дəрігердің айтқан…

Əкесі. Мен соны аяп отыр ма екенмін. Дəрігеріңнің айтқаны ем болды ма?

Шешесі. Сен аяйсың баладан.

Əкесі. Не дедің?!

Сəби тағы да əлсіз жөтелді де, өкпесі сырылдап дем шығармай жатып алды. Бəрі демдерін жұтып, үнсіз қалды.

Əжесі. А, дүние…

 ***

3-эпизод

Жас ақын. А, дүние…

Ойды серік қып аяңдаған адамның тез жететін əдеті емес пе? Бұл да қалай жеткенін аңдамай қалды. Түнді сергіткен жазғы мейрамхананың кіреберісіндегі даяшы сауалмен күтіп алды оны.

Даяшы. Қалай дедіңіз?

Жас ақын. Түсінбедім?

Даяшы. Əлгінде бірдеме айттыңыз ғой.

Жас ақын. Дүниедегі сұлулық біткен сізге шақтап беріле салған екен дедім.

Даяшы. Досыңыз сізді күтіп отыр…

Ол досына қарай аяңдады.

Жас суретші. Көзің жеткен жерден сұлулық іздеп жүретін əдетің-ай сенің!

Жас ақын. Мұны ойың жеткен жерден деп түзеп қойсам…

Жас суретші. Көру ойдың шырақшысы емес пе?!

Жас ақын. Мен логикаға сенем.

Жас суретші. Логика поэзияны тым ақылды қылып жібермей ме?

Жас ақын. Жоқ, керісінше тылсымға, жанның тылсымына тереңдеуге сеп болады!

Жас суретші. Сенімді айттың.

Жас ақын. Кейде күмəннің сенімді естілетін де əдеті бар.

Жас суретші. Бұл өз дарыныңа деген күмəн болса ше?

Жас ақын. Халтурщиктердің керемет қасиеті бар: олар өздерінің халтурщик екендерін білмейді. Мəселен, сен өзіңді халтурщик деп есептейсің бе?

Жас суретші. Быть не может!

Жас ақын. Мен де солай. Демек, екеуміз де…

Қарқылдасып күлді.

Даяшы. Не қалайсыздар?

Жас суретші. Досымның қалауы, сізге өлең арнағысы келеді.

Даяшы. Əншісіздер ме?

Жас ақын. Өлең мен əннің айырмашылығын білмейтін бе едіңіз?!

Жас суретші. Жəрайды, жəрайды. Тағы қайталай салыңыз.

Даяшы кетіп барады.

gibEQBkT9sE

Жас ақын. Десе де, біреуді кемшілігі үшін кінəлауға бола ма…

Жас суретші. Осы қыз жайлы жазса, қалай жазуға болады?

Жас ақын. Анық далалық пейзаж арқылы емес.

Жас суретші. Ойымыз бір жерден шықты. Шынында қалалық мəнердегі кескінге сұранып тұр. Натурашының бітімінен бастап болмысына дейін қай бағыт, қай стиль, қай ағымдағы өнер туындысына айналатынын өзі айтып тұрады. Қызық, ə!

Жас ақын. Асылы, адамдар, қарапайым адамдар мүмкін əлсіздігін, мүмкін ең аяулы сезімдерін жасыру үшін, қорғау үшін немқұрайды сөйлеуге тырысады. Ал біз жазғанда көп сөйлейміз, көп нүктенің орнына талғамсыз қыздың бетіне жаққан артық бояуларды сүйкегіміз келеді.

Жас суретші. Баяғы сүрлеуде кімдер жүрмеді?! Генийлер де, шабандар да жүрді. Абад жолдың бойындағы графомандар мен қартайып алжығандардың қалдырған қоқыстарымен жүргің келмесе, өз соқпағыңды сал.

Жас ақын. Живописьте белгілі дəрежеде еркіндік бар. Ал поэзияда басқаша…

Жас суретші. Мен поэзия мен живопистің айырмашылығын емес, ұқсастығын көбірек табамын.

Жас ақын. За мифы…

Жас суретші. Тыңдағаннан гөрі айтқанды жақсы көретін адамдар болады. Біз солар секілді моралист боп барамыз.

Жас ақын. Себебі біз өзімізге белгілі дүниелер жайын қаузап отырмыз. Шындығында тыңдағымыз келетіні де, айтқымыз келетіні де басқа.

Жас суретші. Рас, мен өз өмірімді жазғым келеді. Əттеген-айларымды түгендегім келеді.

Жас ақын. Шынымды айтсам, өзім үшін сыйлы адамдардың өз тағдыры жайлы əңгімесін естуге қорқам. Жазып қоюдан қорқам. Олар маған мейлі интимдік қатынастарын, мейлі көрген қорлығын, мейлі күнəларын, не болғанда да бəрінен жасырған сырларын айтады ғой.

Жас суретші. Мұндайда үнсіздік сөйлегені дұрыс…

Олар ойға шомды.

***

4-эпизод

Ауылдан оқшау қонған бақсының құжырасы…

Əжесі. Амансың ба, Ұлбике келін.

Бақсы. Келін деуіңді қоймадың-ау сен қақпас. Заманымыз бір еді ғой.

Əжесі. Шалымның жолы үлкен.

Бақсы. Е-е, шалды еске салма, шалды еске салсаң қыршын кеткен қос ұлдың да күйігі қоздай кетеді мына шер кеудеде.

Əжесі. Аулаңа жын-періні түнеткен өзіңнен де бар.

Бақсы. Мені табалауға келдім де… Зəузатын жұтқан жалмауыз келін атанғаным аз ба еді.

Əжесі. Осы отырған екеуміздің жалмауыз кемпірден не айырмамыз қалды құрғыр-ау.

Бақсы. Ал, кел…

Əжесі. Кемпіршуақтап кеп қалдық.

Бақсы. Баланың беті бері қарады ма?

Əжесі. Соңғы серті қалды. Қауырсынын бұлдап көк шарлап кететіні не екен осы құс біткеннің. Табылмай жатыр.

Бақсы. Қанаты болған соң ұшады да.

Əжесі. Көк қарғаны қайдан қыдырайық? Сұрашы ана перілеріңнен, оң иығыңдағысынан сұра!

Бақсы. (ұзақты шолып) Жауын жауар ма екен, ə. Көкдолыланып келе жатқан бұлтты қара, көкжөтел буғандай боп.

Əжесі. Атама, атама атың өшкір көкжөтелді!..

38iRdoqbiDE

5-эпизод

ОҚЫРМАН АВТОРДЫ СОТТАЙ АЛА МА?

 Даяшы. Кешіріңіз? Кешіріңіз…

Жас ақын. А, иə. Айта беріңіз.

Даяшы. Тағы тапсырыс бересіздер ме?

Жас суретші. Қайталай салыңыз.

Жас ақын. Ойдың зынданынан шығар байшұбардың қылқұйрығы қайда дерсің…

Жас суретші. Жə, əңгіменің ауанымен жағдай да сұраспаппыз ғой.

Жас ақын. Кішкентай қалай, өсіп жатыр ма?

Жас суретші. Күннен-күнге қылық шығарады.

Жас ақын. Сонысымен тəтті ғой бала деген.

Жас суретші. Қызық, əлі жасқа толмаған нəресте ақшаны біледі. Жылап отырған жерінен ақша берсең уана қалады-ей! Ақшаға қарап тұрып жадырай күлетінін қайтерсің.

Жас ақын. Инстинкт…

Жас суретші. Олай болса Шопенгауэрдің «инстинкт теориясы» шын болғаны.

Жас ақын. Шопенгауэрмен осы түйсік мəселесінде достасып кететініміз бар.

Жас суретші. Бірақ Шопенгауэр бала сүюден бас тартты ғой.

Жас ақын. Ол машақаттан қашқан болу керек.

Жас суретші. Біздің Шопенгауэр бола алмайтынымыз да осыдан. Əйткенмен, отбасыңды бақытты ете отырып, шығармашылығыңды биікке көтеру əлдеқайда мəртебелі емес пе?!

Жас ақын. Біздің қоғамда бұл ерлік болуы да мүмкін.

Жас суретші. Өзіңнің қашан үйленбек ойың бар?

Жас ақын. Қорқам…

Жас суретші. Мəселенің төркінін тамсадым. Ел байымай руханият ешқашан дамымайды. Ашқұрсақ қоғамға əдебиет, өнер атаулының қажеті шамалы. Ал, өнер тудырушылардың өздері аш болса ше…

Жас ақын. Материалдық қажеттерін өтей алмай əйел-баламның алдында төмен қарағым келмейді, досым.

Жас суретші. Бұл себеп емес, бірақ. Қосымша əдебиет пəнінің мұғалімі болып та істеуіңе болады. Сен филологияны бітірдің ғой.

Жас ақын. Ұстаздық ғанибет, əрине. Бірақ мен əдебиет пəнінің мұғалімі бола алмаймын. Мектеп бағдарламасындағы авторлардың шығармашылығына, өміріне қатысты жеке көзқарасым бар. Балаларды қалай алдаймын.

Жас суретші. Кешір, бірақ… Балалар басылымында неге істеп жүрсің онда?

Жас ақын.

Жас суретші. Жұмысқа халтура деп қараймыз.

Бейтаныс кісі. (жандарына келіп, киліге кетіп) Себебі, өмірдің өзі халтура! Отырайын, иə? Мен батыстың философиясын тауысқан адаммын. Шығыстың ойшылдарын зерттедім. Мынауың дəмді ғой…

Жас ақын. Ас болсын.

Бейтаныс кісі. Əкем оқымысты болатын. Əріп танығаннан бастап шалдарды оқытты. Шалдар мықты. Сендер, жастар аман болыңдар! Ақынсыңдар ма немене?

Жас суретші. Танысып отырыңыз, мына жігіттің есімі Бодлер, менің атым Пикассо.

Бейтаныс кісі. Онда менің Қожанасыр болғаным ғой.

Жас суретші. Сіз не көкіп отырсыз!

Бейтаныс кісі. Шалдарға күштерің жетеді, ə… Шалдармен ойнапсыңдар. Шалдарға жету қайд-дə! Мен де ақынмын. Он бес жасымда Байронды оқыдым. Мені құртқан Байрон. Бірден аптығымды басты, жанбай жатып сөндім. Бодлер жайлы Гетеден асып айта алмаспын. Ал Пикассо пысық, жағдайын жасауды да ұмытпаған. Бай ғой. Абай да бай болған. Мен сендер зиялы деп атайтын данышпандардың бір-біріне жасаған қиянаттарының бəрін білем.

Жас ақын. Сіз қиянат жасамап па едіңіз?

Бейтаныс кісі. Менің де қиянатым бар. Амалсыз! Заман сондай болды. Сендер ол зұлматты көрмеңдер. Ха! Сендер шалдармен ойнапсыңдар…

Даяшы. Шығып кетуіңізді сұраймын!

Бейтаныс кісі. Сен Ницшені білесің бе? Кантты ше?

Даяшы. Айғай салмай шығып кетіңіз?!

Бейтаныс кісі. Монені білесің бе? Ван Гог? Құдайым-ай, өзіміздің Таңсықбаевты білетін шығарсың?

Даяшы. Бастық ұрсып жатыр.

Бейтаныс кісі. Бастығың да білмейді сенің! Мен Башені оқығам. Бальзакты, Маркесті, Достоевскийді… Достоевский не деуші еді əлгі. Сендейлер жайлы айтатыны бар еді ғой. Тілімнің ұшында тұр.

Жас суретші. Сіз айтқан есімдер соншалық таңсық емес, ақсақал.

Даяшы. Полиция шақырамын!

Бейтаныс кісі. Мен ешкімнен қорықпаймын! Министр досыма айтсам сазайларыңды береді.

Даяшы. Шақырыңыз министр досыңызды.

Бейтаныс кісі. Оның мұндай ұсақ шаруаларға бас ауыртуға уақыты жоқ. Достоевский не деп еді…

Күзетшілер бейтаныс кісіні алып кетті.

Жас ақын. Жынданып кетпес үшін де жазу керек шығар.

Жас суретші. Не кедергі?

Жас ақын. Менің бір досым бар, ешқандай кітап оқымаған. Бірақ оның сұмдық оқығысы келеді.

Жас суретші. Не кедергі?

Жас ақын. Сен екеуміздің де сұмдық жазғымыз келеді. Солай ғой?

Жас суретші. Солай.

Жас ақын. Не кедергі?..

Олар тағы да үнсіз қалды.

A0AJex0IQAI

6-эпизод

Күн астында күбірлеп кемпір кетіп барады…

Əжесі. А, Құдай! Менің де күнім таяу. Шалымның алдында жүзімді төмен қаратпа. Осы əулеттің тілеуін тілеуден басқа не қауқар қалды деп ем, шатыппын. Машақатың таусылмапты да. Қайғының жеті атасын таныстырып ең ғой, мұның не?!

Уай, көк қарға! Табылсаң етті. Сенің қанатың ем екен. Қауырсыныңнан аз ғана алам да, босатам ғой. Бүкірейіп сен қашасың, бүкірейіп мен қуамын.

Жеткізбейсің-ау, а, дүние…

***

7-эпизод

Жас ақын. Отанды сүю үшін сауат керек пе?

Жас суретші. Керек, керек… Əйтпесе, біз тобырлық сананың жетегінде кетеміз.

Жас ақын. Онда əлгінде айтқан Шопенгауэрмен қайтадан ерегесіп қаламыз. Инстинкт, түйсік…

Жас суретші. Бəрі де жетілу арқылы көркемдікке жетеді ғой.

Жас ақын. Отан деген не?

Жас суретші.

Жас ақын. Қазақ деген кім?

Жас суретші. Өзің түсінетін нəрсені басқаға түсіндіре алмайтын кездер болады екен…

Жас ақын. Мен таптым. Отан деген – ой. Қазақ деген – ой. Ұғымдар да, деректі заттар да ой арқылы дүниеге келді. Бізге ойды кескіндеу керек.

Жас суретші. Қандай бояумен?

Жас ақын. Бұны… Мəселен, ойда пішін бола ма?

Жас суретші. Иə, кескіні өзімен бірге.

Жас ақын. Ой келгенде, жарайды, жыр келгенде өз формасымен келеді. Қанша буынды, қай ұйқаспен деген сықылды… Ал, буынға, кейде ұйқас мығымдығына бағынбайтын пішінде келсе ше?

Жас суретші. Жұмекен түрік ақындарын аударғанда біздің қалыпты өлең жазу формасымен емес, солардың формасымен аударды ғой. Бірақ, өз өлеңдерінде мұны пайдаланбауға тырысты.

Жас ақын. Неге?

Жас суретші. Дəстүрге адалдық шығар.

Жас ақын. Қара өлеңнен кетпеу адалдық болуы мүмкін, бірақ өз жолыңды іздеу сатқындық емес.

Жас суретші. Əрине. Өз басым дəстүрге адалдыққа келгенде формаға қатып қалмас едім.

Жас ақын. Гəптің төркіні мазмұнда.

Жас суретші. Адам жанына үңілудің арнайы заңдылығы болмаса керек.

Жас ақын. Күнə жайлы ұғым болмаған дəуірлер туралы жазғым келеді менің. Бірақ, қалай? Құдайды танығанға дейінгі жырлар қалай болуы ықтимал, Құдайды танығаннан кейінгі жырлар қалай болмақ?

Жас суретші. «Гамлет бəріміздің ішімізде…»

Жас ақын. Келген буындардың тарихқа соға беретінінің себебі, əруақтар тынышталған жоқ əлі.

Жас суретші. Қазақтың қылқаламы да, қаламсабы да бабаларының жоғалған бастарын түгендеп үлгермегенін де қосып қой.

Жас ақын. Күннің күн екенін түсіну үшін ақылға жүгіну қазіркүлкілі, əрине. Əдебиетке, живопиське, есі дұрыс өнер жұратына жаңа мазмұн қажет екенін аға буынның түсіне алмай отырғаны ше, күлкілі емес пе?

Жас суретші. Жалғыз ойнап өскен бүлдіршін қыздан қандай əйел шығуы мүмкін?

Жас ақын. Қызғаншақ. Қонағына дастархан жаймайтын…

Жас суретші. Аға буын соған ұқсап бара жатыр десем ше?

Жас ақын. Жоқ. Аға буын найзаны бізден бұрын ұстаған. Олардың мəртебесі қашанда биікте. Тек жастарға түсіністікпен қарағанын ғана қалайтын едім.

Жас суретші. (қарқылдай күліп) Біз босқа əуреленіп отыр екенбіз!

Жас ақын. Неге?

Жас суретші. Сен екеуміздің шығармашылығымызға қандай көзбен қарау үшін де, жазған дүниеміз болуы керек қой. Бізде не бар?!

Жас ақын. Башенің «Өмір бойы бес шумақ жазған ақын – хас ақын, ал он өлең жазған ақын – дана ақын» дейтіні бар еді ғой. Отызға дейін бірнеше жылымыз бар…

Жас суретші. Кейде күмəннің сенімді естілетін де əдеті бар, иə!

Жас ақын. (езуінен күліп) Өмірі кино түсіріп көрмеген адамның жаңаша кино жасағысы келетіні сияқты біздің хəл…

Даяшы. Міне, есепшоттарыңыз.

Жас суретші. Сіз бара беріңіз, өзіміз шақырамыз.

Даяшы. Жарайды, жылдамдатарсыздар. Біз жабылғалы жатырмыз.

Екі дос қалтасын қарманды да, бір-біріне қарады… Анадайдан, көше бойынан бір кісінің даусы естіледі. Үзік-үзік…

IchjDaEIRKo

8-эпизод

Көше бойындағы шалшықта бір бейтаныс аунап жатыр… Ол шынында да мықты ақын болған шығар, кім біледі? Дерексіз… Оның кім екенін өзі, сосын Алматының шежірелі көшелері біледі. Бірақ өз заманы түсінбеген адамды бүгінгі заман түсіне ме?!. Ол мүмкін…

Бейтаныс кісі. Мен батыстың философиясын тауысқан адаммын. Шығыстың ойшылдарын зерттедім. Шалдарға күштерің жетеді, ə! Шалдармен ойнапсыңдар. Шалдарға жету қайд-дə! Мен құндылықтарға қиянат жасамағам, ешқашан! Мен ақынмын ғой, ақын! Менің түбіме жеткен Байрон… Ə, шалдарға күштерің жетеді, ə! Шалдарға жету қайд-дə сендерге…

***

9-эпизод

Көше бойындағы кəрі ағашқа қарға қонды…

***

ЭПИЛОГ

Көк қарға табылыпты…

Бекзат СМАДИЯР