
Жемқорларды мерзімінен бұрын босатпау туралы заң нормасы қай санаттағы сотталушыларға қолданылмайды? Бұл санат жайлы толығырақ ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында Олжас Бектенов бұл заң арқылы жемқорлықтың ауыр және аса ауыр түрі бойынша сотталған адамдарды шартты түрде уақытынан бұрын босатуға тыйым салынғанын атап өтті.
«Тек екі адамға заңның бұл нормасы қолданылмайды: біріншіден, бұл қылмысты әлеуметтік аз қамтылған санаттағы жекелеген азаматтары жасаса, екіншіден сотталушы процессуалдық келісімнің барлық шарттарын орындаған жағдайда. Келтірілген шығынды толық қалпына келтірсе, жаза мерзімі барысында міндетті төлемі өтелсе – аталған санаттағы азаматтар жазаның белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде уақытынан бұрын босатылуы мүмкін. Қалған жағдайларда жемқорлықтың ауыр және аса ауыр түрі бойынша сотталған адамдар шартты түрде уақытынан бұрын босатылмайды», - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, жемқорлықтың ауыр және аса ауыр түрін жасаған азаматтар сот белгілеген мерзімді толығымен өтейтінін мәлімдеді.
«Бұл жаза жемқорлықтың алдын алуға себеп болар деген сенімдеміз. Әрбір адам ойлануы керек» - дейді ол.
