17 ақп, 2017 сағат 00:29

Бексұлтан Нұржекеұлы: Кітап оқымайтын ұрпақ елін де, жерін де сатады

немесе кітапсыз қоғам жайлы әңгіме

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен кітап таралымы, оның оқылуы турасында сұхбаттасу үшін алдын-ала телефон соғып, уағдаласқан уақытта үйіне келдік. Камерамызға бір, өзімізге бір қарап, «Сендер екі сағат сөйлетіп алып, эфирден екі минут қылып көрсетесіңдер ғой», - деді әзіл-шыны аралас. Сол екі минут үшін кейде екі күн жүретінімізді ойлап, іштей зілсіз күліп алдым. Дұрысы аз сөйлетіп, ағаның уақытын алмайын деп ойладым. Бірақ жазушының көңіліне келген, қапаландырып жүрген дүниелер аз емес екен.

Адам ақша жемеу үшін ең болмаса бір-екі көркем әдебиет оқу керек

Қырық жылдай баспа саласында істепсіз. Қазір де «Жалын» баспасының, сізше айтсақ, «деректірісіз». Кәсіби маман ретінде кеше де, бүгін де жазылып жатқан кітаптардың оқылым деңгейінің төмендеуінің, сәйкесінше басылып жатқан көркем әдебиеттердің таралымының сиреуінің себептерін саралап берсеңіз. Осы келеңсіздіктің зардабын түсініп жатырмыз ба? Кітап оқытуды әдебиеттің жеке проблемасы деп қарайтындармен келісесіз бе?

- Қазір кейінгі жастар кітап оқымайды деген мәселе жиі айтылады. Теледидар, газет, журнал бәрінде айтады. Айтуын айтады, бірақ ешқандай шара қолданылмайды. Ал осының пайдасы бар ма, зияны бар ма?  Соны айтайын. Интернет келді, барлық дүниенің орынын басады дейді. Мен болсам, олай болмайтынына кәміл сенемін. Өйткені, қараңыз, мына Таяу Шығыс, жалпы шығыс, Африкада -  қырғын.  Бұны ел-жұрт бәрі көріп, біліп отыр. Басты себеп  - халықтың оқымағанында, надандығында. Кітап бетін көрмеген адамдар қырылып, быт-шыт боп жатыр. Өзінің жағдайын, мәдениетін, халқының жағдайын, елінің дәстүрін сақтай алмайды. Сырттан келген өсек-аяңға бола мемлекетін де, тарихын да быт-шыт қылды, үй-ішін бәрін ойран-топыр етті. Енді оны қайтадан қалпына келтіруге қандай күш керек екенін ойламайды. Уақыт керек, күш керек, ақша керек, ақыл керек. Оның бәрін халық қай уақытта жинайды? Білімсіздіктен, мәдениетсіздіктен қиратты бәрін. Ғасырлар бойы ата-бабасының жинаған мәдениетін, ескерткішін құлатып, қалыптасқан экономикасын тұралатты. Ал Еуропада немесе өзге елдерде неге ондай болмайды?! Өйткені, халқының мәдениетінің деңгейі жоғары. Кітап оқиды, көркем әдебиет оқиды. Адамның ақылын жұмсайды, ақша жұмсамайды. Ақшаның өзін ақылмен жұмсайды. Ал ақша бар, ақыл жоқ жерде - тек қирату. Осы жақында президенттің кеңестегі сөзін тыңдадым, былай дейді: «Бұл не сендердің істеп отырғандарың? Қызметтеріңді ақырын-ақырын жоғарылатамыз, жоғары қызметке келгеннен соң бәрің түрмеге түсесіңдер!» Мемлекеттен ұрлайды, жейді, әрине. Білімсіз мамандар ғана солай істейді. Демек, олар ақшаны жеу әдісін де біледі. Ал ақша жемеу үшін адам, ең болмаса, өмірінде бір-екі кітап оқу керек.

Міне, біз тәуелсіздік алғалы 25 жыл болды. Осы уақытта біздің мектептердің оқу жүйесі бұзылды. Біз ата-ананың көмегінсіз өзіміз оқитынбыз. Мектепте оқығанымызды әке-шешемізге өзіміз үйрететінбіз. Ал қазір, баласымен бірге ата-ана оқиды. Мектептің бағдарламасын бала толық меңгере алмайды. Баланың ойлауға, ойлап отырып ойын дамытуға уақыты жоқ.  Жексенбі, сенбі күндері қосымша сабақтарға барады, баланың бала болып ойнауға уақыты жоқ боп шығады. Соның кесірінен, кітап оқу мәдениеті тоқтады. Өзінің қызын өзі зорлап жатыр әкелер, оған бала таптырып жатыр. Өз бауырын өлтіріп жатыр. Не деген сұмдық! Білім жоқ, мәдениет жоқ, оқу жоқ, оқу жүйесіндегі мәдениет жоқ. Ал енді ақырын қарап отырсам, ұстаздың өзінде кінә көп. Ұстаздың білмегенін шәкірт қайдан біледі?! Біле алмайды. Біз оқығында 4-тоқсан «қайталап оқу» ұраны деп оқыдық. Үш тоқсанда оқығанымызды қайталап, миымызға құйып қоятын. Қазіргі балалар осы аптада жаттағанын келесі апта ұмытып қалады.  Өйткені тынығуға, ойлауға, бойына сіңіруге уақыт жоқ.  Дәл осындай оқу жүйесімен он екі жыл емес, жиырма жыл оқытсаң да, түк түсінбейді. Айналып келгенде, осының бәрі - кітап оқымаудың салдары.

Мына «тіл» дегенді көп айтады. Бірақ тіл де өз деңгейінде дамып жатқан жоқ, яғни ол да - тоқырауда. Қазақтың тілі құрыды. Радио, теледидардан журналистер сөйлеп жатқанда, ашуланып, басқа жаққа бұрып жіберемін көзді. Тақ-тақ етеді.  Үндестік заңы - бүкіл түрік тілінің негізі, қазақ тілінің негізі еді. Кешегі Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхаммедов осы жайлы ойлап, зар жылаған. Сол үшін халық жауы атанды. Олардың айтқанын орындап, игілігіне пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Он бір жыл мектепте оқыған, бес жыл жоғары оқу орнында оқыған диктордың өзі үндестік заңын білмейді, алдыңғы буынды көсіп айтады. Қазақ тілінде ең соңғы буынға екпін түседі. Мына метромен жүріп көріңізші. «Келесі бекет – Ааабай» деп, алдыңғы буынға екпін қойып айтады. Кісінің аты ма, білмейсің. Осының бәрі - білімсіздік. Тағы да кітап оқымаудың салдары. Көркем әдебиетке орын жоқ жерде адамның рухы мықты болмайды. Рух жоқ жерде ештеңе жоқ, ұлт та жоқ. Міне – үлкен зардабы.

Әлемнің өтірік айтуы

Қазір қоғамдағы, тіпті әр саладағы шалалық, таяздық кітап оқымаудан делік. Қоғамда кітап оқу процесі төмендегенін көріп отырмыз. Енді кітапты шығару қажеттілігі шынымен азайғандығын мойындау керек пе, не істейміз, аға? Бүйтсек, қыл бұраумен тұрған дүние одан сайын құлдырамай ма?

- Кітап оқымайды деп, таралымды одан сайын азайту - жығылғанның үстіне жұдырық болады.  Қазір кітапты көп шығарып жатқан ешкім жоқ. Кітап ауылға жетпейді. Мына жерде Панфилов деген аудан бар. Оның жүз жиырма мың халқы бар, бірақ бір кітап дүкені жоқ. Ауылда бір мың бес жүз адам бар, газет, журналдарға ешкім жазылмайды, жазыл деп жатқан адам жоқ, пошта бірде істейді, бірде істемейді. Адамды әдейі қараңғы қылып жатырмыз біз. Қараңғы халықтан бәрін күтуге болады: қылмыс істеу, үлкенді сыйламау, ұлттық  дәстүрді сақтамау, бәрін-бәрін. Ал, білім мен мәдениет бар жерде - бәрі бар. Еуропаның мәдениеті бізден ілгері екенін мойындауымыз керек. Озық елдердің қатарына қосыламыз дейміз, ол - тек ақшаны көбейту емес. Рухани байлық керек.

Бір қаласын ескерткіштері ең көп деп жариялаған халық бар. Ал бізде? Ата-бабамыздан қалған ескерткішті өзіміз құртып жатырмыз. Мына Есіктің бойынан табылған «алтын адам» қайда қазір? Жоқ. Енді келесі ұрпақ келіп зерттеймін десе, несін зерттейді - не киімі жоқ, не сүйегі жоқ. Іленің арғы бетінде Бесшатыр деген керемет 31 оба бар. Мен барып көрдім, бомба түскен сияқты. Ішінің бәрін Кемел Ақышев қазып алып кеткен дейді, түк жоқ. Ол қалай ескерткіш болады? 1985 жылы Отырарға барып көрдім, барып алып таң қалдым. «Мынау ас үйі, мынау төр үйі, мынау қазандық, оған тартқан құбыр, бәрі тұр ғой қалпында, не деген керемет» деп. 5-6 жылдан кейін барсаң, түк қалмаған. Су шәйіп кетіпті. Енді келесі ұрпаққа не айтасың? Сенің айтқаныңа сенеді ме ол? Міне, мәдениетсіз халық өзінің мәдениетіне де ие бола алмай қалды. Көрдіңіз бе? Енді осыған қарап, бізге кітап керек пе, керек жоқ па дегенді айтасыздар. Кім боламыз сонда кітап оқымасақ? Қазір мен сізге бір мысал айтайын, 8 ғасырдан астам уақыт өтті Шыңғыс ханның жарты әлемді билегеніне. Осы уақытқа дейін оны маңғол деп келдік. Тілеуберді Әбенайұлы деген қытайдан келген жігіт көне қытай тілін біледі. Қытайға барып көне жазбаларды оқып келді. Оның ешқандай моңғол емес, қазақтың жалайыр деген тайпасынан шыққанын, Жетісудан өткенін дәлелдейді.  “Ойбайлап” өзіміз соған қарсы шықтық, сегіз жүз жыл бойы әлем айтып жүр деп. Әлем өтірік айтуы мүмкін бе? Мүмкін екен. Өйткені, ол сенің жеріңді білмейді, жеріңнің атын да білмейді. Ал анаған қарасаң, жерінің атының бәрі - Жетісу, тіпті оқып та мән бермеппіз. Хайдар Дулатидің өзі де жазған екен Жетісудан туған адам екенін. Ал, Шымкенттен Зәріпбай (Оразбаев - МҚ) дейтін бір ғұлама шықты  парсы тілін білетін. Ол Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағын» аударды қазақ тіліне. Бәрі Жетісудың жері. Бұл не? Бұл - кітаптың ғажабы.  Сегіз жүз жылдан кейін біз дәлелдеп жатырмыз. Ал интернетіңмен сегіз жүз жылдан кейін неңді дәлелдейсің.  “Кітаптың қадірі” деген – осы.  Ата бабаңның үнін - ғасырдан ғасырға жеткізетін нәрсе. Кітапқа жүгінбейінше, кітапты көбейтпейінше, мектептегі балаға кітап оқытпайынша, біз шын мәдениетті бола алмаймыз. Өтірік…

                     Мемлекеттік тапсырыс тамыр-таныстық арқылы беріледі 

Кезінде дүркіреп тұрған «Жазушы», «Жалын» баспалары қазір неге ондай атақты емес?  Қазір өзі баспаларды мемлекет қана асырап отыр ма, жоқ халықтың сұранысы бар ма?

- Баспаларды мүмкіндігінше мемлекет асырап отыр.  Өйткені, мемлекет халқына кітап керек екенін сезеді. Қатты сезінбесе де, әйтеуір, сезініп отыр. Қазір кітапты тамыр-таныстық арқылы береді, жасыратын ештеңесі жоқ.  Мысалы, мен «Жалын» баспасының директорымын, жылына бес кітап шығарамын,  тағы бір баспа жүздеген кітап шығарады. Неге?.. Осы елде баспа ісінде менен асқан тәжірибелі адам жоқ һәм менен ұзақ істеген адам жоқ. Бұрын жылына жиырма алты кітап шығаратынмын. Ешкімге пара бермеймін, жасым 76-ға келіп қалды. Менен адам пара да сұрай алмайды, ұялады, қорқады, сосын беретін жағына береді. Біреу кеп: «Былтыр 26 кітап шығарған адамға неге 5 кітап, былтыр 5 кітап шығарған адамға неге 100 кітап шығартып жатсыңдар» деп сұрамайды. 

Тәуелсіздік алған жылдары мықты мұғалімдер базарға шығып кетті

Сонда мемлекеттен салаға бөлінген қаржының өзі бері қарай келгенде дұрыс бөлінбейді дейсіз ғой...

- Иә, әркімнің өз еншісінде. Президенттің: «Бәріңді кішкентай кездеріңнен тәрбиелеп өсіреміз, сөйтесіңдер де түрмеге түсесіңдер, не болды?» деп айтып отырғаны - сол ғой.  Отызыншы жылдың ортасында Американың президенті Рузвельт: «Американы ақша билемеу керек, ақыл билеуі керек. Мен ақыл билететін президент боламын!», - депті. Көрдіңіз бе? 

Совет Үкіметі кезінде «Лениншіл жас»  газетінің өзі 250 мыңнан астам таралыммен шыққан. Бүтін жұрт оқитын: қойшы да, колхозшы да, жұмысшы да. Не боп қалды бізге? Жан бағу керек болды.  Кеңес үкіметі кезінде қазақтың байлығы - мыңғырған  малы еді. Оның еті, сүті, айраны, құрты, қымызы, ірімшігі қазақты ешқашан ашаршылыққа ұшыратпайтын. Сол өмірді құртты. Сол өмірді көргендерді “халық жауы” деп құртты. Біз қазақтың кеңшілігінің шет жағасын көріп қалдық. Сосын да сенемін, сендер - жоқ. Өйткені көрмедіңдер, естімедіңдер...

Тәуелсіздік алғаннан кейін өлара шақ болды. Ең жақсы, дәстүрді жалғастырған ұстаздар базарға шығып кетті. Көбі әйел еді. Сол кезде елдің отбасын әйелдер бақты. Ал, қазір солар - аурушаң. Бүгінгі мұғалімдер болса парашютпен аспаннан түскен секілді. Қазақтың дәстүрін, қалпын білмейді. Өздері білмеген нәрсені қалай балаға үйретеді. Ата-аналар да сондай: қазақтың салтын, дәстүрін білмейді, сыйламайды. Көбі басқа тілде оқыған адамдар. Аты қазақ болғанымен, бөтен аймақтың адамдары сияқты - я анда емес, я мында емес. Осыдан, міне, біз кітап оқудан қол үздік. Бұл - біздің кемшілігіміз, табысымыз емес, рухани кемшілігіміз. Газет болсын, радио, теледидарлар арқылы кітап оқуға үгіттеу керекпіз жұртты.

Кітап оқымағанның Құдайдан кейінгі Құдайы - ақша

Сіз соның қандай жолдарын ұсынасыз?   

- Оның жолы жоқ. Сен он мың қылып шығарғаныңмен, анау жатқан Атырауға апара алмайсың. Күшің жоқ, көлігің жоқ.  Онда сенің мына шығарған кітабың 5-6 кітаптың құны болады. Онымен саған ешқандай табыс келмейді.  Кітап шығару мемлекетке керек, мемлекет өз адамын тәрбиелеуі қажет. Мемлекетін сүйетін, мемлекеті үшін жан қиятын ұрпақты кітап арқылы тәрбиелейсің. Ақшамен, байлықпен тәрбиелей алмайсың. Ертең еліңе күн туған кезде ең бірінші солар сатып кетеді: отанын да, елін де, көсемін де, батырын да, әке-шешесін де. Өйткені, оның Құдайдан кейінгі Құдайы – «ақша».  Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезінде Гитлердің есебі өте күшті еді. Ол, шын мәнінде,  “Ресейді басып аламын” деді, жоспарын құрды, анық сенді. Мүмкіндігі шынында да бар-тын. Өйткені қарсыласы - халық жауы, кедей-кепшік, әр ұлттан жиналған, мемлекетке өкпесі бар адамдардан құралған ел. Бірақ олар рухани мықты еді, саналарында «отанды сүю» сезімі ғана тұрды. Немістер соған таңғалды. Бүтін державаны адамдар рухының күштілігі сақтап қалды.

Ақпарат  - білім емес

Қазір ikitap.kz деген сайт бар, аға. Соның ішінде сіздің де кітаптарыңыздың онлайн нұсқасы бар.  Яғни, мына қабырғада толып тұрған кітаптар бір ғана сайтта қаттаулы.  Соған орай екі пікір бар. Бірі - электронды кітапхананың өрісінің кеңеюі - кәдімгі кітаптардың өрісін тарылтып, ығыстырады. Екіншісі - электронды кітапхана дәстүрлі қалыпты бұза алмайды...

- Оның болашағы болады. Өйткені, ол жаңа заманның жастарына лайықты. Керек болғасын туылып отыр. Ғылым, пән деген нәрсе бар, әркімнің өзінің мамандығы бойынша, жанының қалауы бойынша оқитын нәрселер бар.   Интернетте отырып адам өз-өзімен сөйлесіп, ақылдасып оқи алмайды.  Кітапта бір эпизод келген кезде адам сүйсініп, кітаптың бетін жауып, бір күн ойланып кетесің, басыңнан кешесің. Кітаптың ішіне кіріп кетесің. Ол заман нағыз адамның табиғи кезі, интернет деген жасанды тіршілік. Ақпарат алуға тиімді, бірақ ақпарат деген - білім емес. Мысалы, бір бет кроссвордты шешетін адам болады, бірақ ол - «білімді, мәдениетті» деген сөз емес. Бар болғаны, жады мықты адам, ол қатыгез де болуы мүмкін. Ал мәдениетті адам - кез-келген жағдайда, өзінің басы қиналып тұрған шақта да басқаға қиянат жасамайтын адам. Қазір белсенді болған, үлкен бастық болған адамдарды ақша ұрлайды деп шеттен ұстап жатыр. Олар бәрін меңгерген, ақша табуды, қалай жұмсауды, жұртты қалай алдауды - бәрін біледі. Бұл - мәдениеттілік емес қой, бұл - білімділік емес қой, адамгершілік те емес. Адамгершілікке кітап қана тәрбиелейді, әке-шешең тәрбиелейді. Сосын ұрпақ текті  болады. Ал қазір бізде кітап оқымайтын балалар көп, тегінің, әке-шешесінің арқасында жақсы жүріп-тұратындар болады.  Ал, кітаппен өзін-өзі тәрбиелейтін адамды табу өте қиын.

Үйіңізге кірген бетімде: «Жұмысыңнан берілген тапсырма, өзіңнің жаның ашымайды ғой осы кітапқа» дедіңіз. Қазір өзі ел ішінде “қазаққа, қазақ тіліне жанашырлықпен қарамау” деген нәрсеге ет үйреніп кеткен сияқты.

- Қазір бізде ұлттық тіліміз қайсысы болатыны белгісіз. Бірінші сыныптан бастап оқығанына қарағанда үшеуі де ана тілі боп кететін сияқты ғой. Шет тілі бізге керек. Өте қажет. Бірақ ұлттық тілді ысырудың қажеті жоқ. Бастауыш мектепте қазақ тілінде оқыту керек.

Мемлекеттік сыйлық комиссиясында ылғи адалдық болады деп ойламаймын

Жақсы, аға. Бұл тақырыпты біраз талқылаған сияқтымыз. Енді сәл ойыссақ. Өткен жылы мемлекеттік сыйлық алдыңыз, көз көріп отырғаным осы, құтты болсын! Мемлекеттік сыйлыққа қанша рет ұсынылдыңыз? Маңайында талас-тартыс көп болған соң мемсыйлықтың бұрынғы абыройы жоқ сияқты. Келісесіз бе?

- Бұны менен емес, халықтан, оқырманнан сұрау керек. Мемлекеттік сыйлық деп аты аталғаннан кейін бұл ең жоғары, мемлекеттен берілетін сыйлық. Оның дәрежесінің биік екеніне дау жоқ. Мен бұл сыйлыққа ұсынылған емеспін, өзім оған ынталы да болған емеспін. Өйткені, маған қанша адам кедергі болатынын білетінмін. Біздің заманда рулық, тайпалық, жершілдік деген тартыстар болды. Сондықтан өзім ұсынылған емеспін. Осы жолы жасым біразға келеген соң тәуекел деп, «Жазушылар одағы» ұсынды. Алам ба, алмаймын ба - екіұдай ойда болдым. Оған енді комиссия мүшелерінің жасаған қызметі шығар. Сол жерде ағаларымыз бар, замандастарымыз бар. Солардың еңбегі ғой деп ойлаймын.  Бірақ, комиссияда ылғи адалдық болады деп ойлай  алмаймын. Он екі жазушы бар екен, жалпы мүшесі қырық сегіз екен.  Қырық сегіз  адам кім? Әнші, суретші, архитектор, тағысын тағылар. Олар өмірі кітап оқымайтындар. Бұрынғылар қайта оқитын еді. Он екі адамға қырық сезгіз адам қарсы келсе, олар жеңіп кетеді. Олар «аға» маған дауыс беріңізші, «көке» маған дауыс беріңізші деген адамдарды ғана біледі.

Сіздің заманыңызда болған рулық, жершілдік тартыс әлі бар секілді...

- Бар шығар, кім біледі...

Ақшаның жоқтығы шын жазушыға кедергі болмауы керек

- Қазір не жазып жатырсыз? Қолыңыздан қалам түсті ме?

- Жоқ. Мына ақшаның жоқтығы, үйдің тарлығы шын жазушыға кедергі болмауы керек. Сен ұйықтап жатып та, жазғың келген уақытта тұрып кетіп жаза бересің. Бесінші жылға кетіп барады - өз жазғанымды өзім оқи алмаймын. Сырттан алдыртып оқытамын, немерелерім оқиды, студенттерді шақыртып оқытамын. Бірақ, өзім жазам ғой. Кейде шабыттанып кеткенде көп жазасың. Елдер оқи алмай қалатын кездер бар. Лениннің жас кезінде жазуы сондай әдемі болыпты. Кейін көсем болғанда, бір бетке екі-үш ақ сөйлем жазады екен.

- Ел ішіндегі белгілі-белгісізі бар - біраз өнерпаздардың өмірін зерттедіңіз. Көркем шығармаларыңыз бар соларды кейіпкер еткен. Әтіке деген әнші туралы повестіңізді оқып едім. Бірақ соңғы уақыттары әдеби туындыдан гөрі, осы бағытқа ауысқанға ұқсайсыз.

- Иә, олардың көбінің кезінде атын атамадық қой. Ал қазір миың жетпейді. Көрсеқызарлық, іштарлық, біреудің жақсылығын көре алмайтын осындай бір мінез бе, бір бәле бар. Оны түсіну қиын. Сол жайында толғау жазып жатырмын. Әлемдік, халықтық мысалдар бар. Мысалы, Сегіз сері деген қазақтың ғажап адамы болған. Соны біздің руымыз емес, айдаладағы керей деп жақтырмайтын адамдар бар. Ол неге керей болғанына кінәлі болуы керек. Керей қазақ емес пе? Оның бар жазығы өзі - Омбы, Түменнің, Қызылжардың қазағы. Ар жағынан орыстар біздің жерімізге басып кіргенде ата-бабасы, өзі де қарсы болған. Содан кейін ұлы халыққа неге қарсы шығады деп жау санаған. Бодандыққа қарсы болған сол Сегіз серіні қазір өзіміз жау санап отырмыз. Әлемде әннің патшасы дейді, әннің төресі дейді «Гауһартасты». Соны шығарған. Төрт жылы Батыс Қазақстанда өткен. 37 жасында қайтыс болған. Бармаған жері жоқ. Мына шығыста шекарада Қосағаш деген жер бар. Сонда қалмақтар наймандарды қырып жатыр дегенді естіп, нөкерлерін ертіп салып ұрып жеткен. Наймандарға ара түсуге. Ілеге келген, Қап тауына барған. Осындай адамды біз “ана жақтан, мына жақтан” деген жаман есеппен шеттетеміз.  Кезінде 20 орысты өлтірді деген жала жабылған да, содан аршып ала алмай... Ол туралы Ә.Марғұлан да, С.Мұқанов та,  Сұлтанмахмұт та, Нұржан Наушабаев та, Мәшһүр Жүсіп те – бәрі жазған. Соны мойындамайтын адамдар бар. Таңым бар.

«Әттеген-айларым» толып жатыр

Өмірде қандай «әттеген-айыңыз» бар?

- Толып жатыр.

Жазушылық жолыңызға қатыстысы ше?

- Оған қатысты айтсам, мына тіл, тіл деп жатырмыз ғой. Бізде тіл білімі институты (Ахмет Байтұрсынұлы атындағы – М.Қ) бар ғой. Осыған әттеген-ай деймін. 57 жылы бір рет қабылданып, 83 жылы бекітілген бір заң бар. Орыс тілінен енген сөздер орыс тіліндегі қалпын сақтаған күйінде жазылады. Араб, иран тілінен енген сөздер қазақ тілінің өзінің ережесі бойынша өзгертіліп жазылады деген. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса да, осының әлі өзгертілмей келе жатқанына “әттеген-ай” деймін. Тарихқа байланысты да, ән өнеріне қатысты да осындай “әттеген-айлар” толып жатыр.

Тағы бір сұрақ қояйын. Өткенде бір сұхбат оқыдым. Сонда кейінгі буын жазушылары қысқа жазуға тырысады, сол арқылы философиялық ой қалдырғысы келеді оқырманға дейді. Жастардан кімді танисыз? Оқисыз ба оларды?

- Мен мынадай көзбен кімді оқимын? Бірақ көріп тұрған кезінде «Аға, оқыңызшы» деп әкеп берген кітаптарды оқитынмын. Біраз адамдар берген. Өзіміздің Дархан деген ініміз бар.

- Бейсенбекұлы.

- Иә, бұл өзі қызық қылғанда филологияны бітірмеген бала. Политехта оқыған. Бірақ ойы, жүйесі, айта білуі ұнады маған. Сосын бір ақын қарындасымыз бар. Гүлбақыт Хасенова. Оны да кездейсоқ бір кездесуде көріп, өлеңін тыңдадым. Кәдімгідей талантты бала. Осындай-осындай мен білмейтін жастар толып жатыр деп ойлаймын. Мынау жақсы, мынау жаман деп айтуға менің хақым да жоқ. Оқып білмеген соң қалай айтасың?! Өзіміз де кезінде үлкен ағаларымыз бізді оқыса, оқып біз жайында пікір айтса деп. Сөйтсек, ол байғұстардың бізді оқуға мүмкіндігі болмапты ғой. Көзінен кетеді, құлағынан кетеді. Кедергі көп екен...

 Соңы.

Әңгімелескен Манас Қайыртайұлы

Бексұлтан Нұржекеұлы 4 күннен кейін, яғни, 22 ақпанда 76 жасқа толады екен Алла қаласа. Шығармаларының жиыны 15 томға тақап қалыпты. Көз мәселесі қиындаса да, қолынан қаламы түспеген жазушыға ағамыздың жасы ұзақ болғай!

Ұлт порталы