30 жел, 2019 сағат 09:03

Bek Air қара жәшігі Мәскеуге жөнелтілді: қорытынды қашан шығатыны айтылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігінен ақпараттар қашан жария етілетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ол қатты бүлінбеген. Сондықтан ондағы жазбалардың мән-жайын тарқатуда мәселе туындамайтындығына үміт артамыз. Қара жәшік Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне жіберілді. Олар ереке күндері де жұмыс істеп, тарқатылған мән-жайды бізге табыстауға уәде беріп отыр. Бұған дейін айтқанымыздай, 10 қаңтарға дейін тексерудің алдын ала нәтижесін беретін боламыз», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Атап өтсек, қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент тапсырмасымен Премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.