30 жел, 2019 сағат 10:27

«Bek Air» басшылығының БАҚ алдына шықпауы дұрыс емес – Роман Скляр

«Bek Air» әуе компаниясы басшылығының бұқаралық ақпарат құралдары алдына шығудан бас тартуы дұрыс емес. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Меніңше, олардың БАҚ алдына шықпауы дұрыс емес. Олар қаза тапқан жолаушылардң туыстарына қандай қолдау шараларының көрсетілетіндігін, зардап шеккендерге қандай көмек беретіндіктерін түсіндіруі қажет», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, вице-премьер аталған әуе компаниясының рейстеріне сатып алынған билеттердің қаншасы қайтарылғандығына қатысты деректермен бөлісті.

«10 қаңтарға дейінгі аралыққа әуе компаниясы шамамен 19 мың билет сатқан. Қазірдің өзінде 9 мыңға жуық билет қайта тапсырылды немесе өзге әуе компанияларының рейстеріне қайта брондалды. Осынау қиын жағдайда қажетті көмек көрсетуге шешім қабылдаған Kazakh Air, Scat, Air Astana әуе компанияларына ризашылығымызды білдіргім келеді. Сонымен қатар, Қазақстан темір жолы басшылығына осындай жағдайда жолаушыларға барынша көмек көрсету үшін қосымша пойыз ұйымдастырғанына алғыс айтамын», - деді Р.Скляр.