Бүгінгі күні «жастар кітап оқымайды», «балалар әдебиетке қызықпайды» деген уәж көп айтылады. Ал оқылатын кітап басылу үшін ақын-жазушыларға қаншалықты қолдау беріліп жатыр? «Балалар әдебиетін қолдау жылы» бір жылдық науқан ғана болып қалмай ма? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын іздеген «Ұлт» порталы ақын Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙДЫ әңгімеге тартты.
– Биылғы жыл «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы» екенін білесіз. Жалпы бүгінгі балалар әдебиетінің жай-күйі туралы не айтасыз?
– Маған ел-жұртты алдаусыратқан осындай науқандық шаралар ұнамайды. Бұл өзі алдымен атауы келіспеген науқандық шара болып тұр. Сіз маған «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы» деп отырсыз. Ал Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. БАҚ Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет жазушылар қауымы «Балалар және жасөспірімдер әдебиеті жылын» қолдайды деген ұсыныс айтты деседі... Жалпы, қолдауды кім жасайды? Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдай ма, жоқ әлде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдай ма? Меніңше, мемлекет балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетті қолдауы керек! Бұны бір жылдық науқанға айналдырмай, мәңгілік қолдауға тиіс. Яғни бұл шараның атауы «Балалар және жасөспірімдер әдебиетін қолдау ғасыры» аталса жөн. Өйткені әдебиет бір жылда ғана жасалмайды. Ол үздіксіз жүретін үдеріс емес пе? Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет өсіп-өркендемесе, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қалай қолдайды?
Ал бүгінгі балалар әдебиетінің жай-күйі туралы айтатын болсақ, еңсемізді ауыр мұң басады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қазір балалар әдебиетінің халі мүшкіл. Бұл туралы талай жерде айттық. «Балалар әдебиетінің халі мүшкіл» деп айтқаннан жай-күйіміз жақсаратын болса, айтудан кенделік жоқ-ау. Сөзіңе құлақ асар пенде болмаған соң, айттың не, айтпадың не – бәрібір ғой.
Ақын-жазушылар балаларды еліміздің болашағы деп біледі. Олардың тәрбиесі мен заманына лайықты азамат болып қалыптасуына, рухани байып, көңіл көкжиегінің кеңеюіне бейжай қарап отыра алмайды. Сондықтан мемлекет балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетті қолдайтын жыл ма, қолдамайтын жыл ма – бәрібір, қаламгерлеріміз қолынан қаламы түскенше қажымай-талмай еңбек ете береді.
Әуелі мынадай бір нақты мәліметтерді сөйлетейік. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының арасында республикамызда 425,6 мың сәби дүниеге келді деген мәліметті ұсыныпты, бұл көрсеткіш мұның алдындағы 2019 жылмен салыстырғанда 22,6 мың адамға көп екен. 2020 жылы 248,7 мың нәресте (немесе 58,4%-і) қалаларда өмірге келсе, 176,9 мыңы (немесе 41,6%-і) ауылдық жерлерде туған. Елімізде жыл сайын орта есеппен алғанда 400 мың бала дүниеге келеді екен. 2018 жылы 350 мыңнан астам бала алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2017 оқу жылында 370 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барыпты. 2016 жылы 369 мың бала, 2015 жылы 336 мың бала алғаш рет мектеп есігін ашқан. Ұлттық статистика бюросы былтыр дүниеге келген нәрестелердің 79,8 пайызының анасының ұлты қазақ екенін жариялапты. Қалған бөлігін орыстар, өзбектер, ұйғырлар, украиндар, татарлар мен немістер құрайтын көрінеді.
Ата-аналарының құшағында, балабақшада тәрбиеленіп жатқан, мектеп табалдырығын аттаған осынша баланы біз көркем әдебиетпен (тек қана көркем әдебиет емес) қамтамасыз етуіміз керек. Олар ана тілінде сөйлеп, қағаз бен бояудың иісін сезу үшін қолдарына кітап ұстатуға тиіспіз. Қазақстан баспаларынан шығып жатқан балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттің саны мардымсыз. Әр баланың қолына бір-бірден кітап ұстата алмаймыз. Қазақтар қоныстанған ауылды жерлерде кітап дүкендері мүлде жоқ есебі. Ал мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген таралымы аз кітаптар кітапханалардан-ақ артылмайды. Кейбір деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 258 балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жұмыс істейді екен. Оның 241-і балаларға, 11-і жастарға, алтауы балалар мен жасөспірімдерге арналған деседі. Балалардың бәрін біз кітапханаларға алып бара алмаймыз ғой...
– Балаларға арнап жазатын ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау үшін не істеу керек? Қайтсек балалар әдебиетін дамытамыз?
– Барлығы мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға тәуелді. Ақын-жазушылар мемлекеттік тапсырыс болса да, болмаса да шығармашылықпен айналысуға уақыт табады. Үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді. Күндіз қызметін істеп, түнде ұйқысын бөліп жазу үстеліне отырады. Айлап-жылдап жазған кітабын жарыққа шығаруға бірнеше жылын арнайды. Кітабы жарық көріп жатса, ештеңеге арзымайтын болмашы қаламақы алады. Олар да адамның баласы ғой. Еңбегі бағаланып, бейнетінің зейнетін көруі керек. Бұл – талай айтылып жауыр болған мәселе. Келешегіміз бар десе, осы мәселені мемлекет созбаққа сала бермей оңтайлы шешуге болады емес пе? Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі қызметсіз қалған кездерінде де «шығармашылық жұмыста» болады. Жұмыс өтілі ешқашан үзілмейді. Зейнетке шыққан кезінде бұл уақыт жұмыс өтіліне есептеледі. Бірақ ол еш жерден ақша алмайды. Ол қолынан қаламын тастамай шын мәнінде жұмыс істеп жатыр ғой! Бұны неге назарға алмасқа? Балалар әдебиеті мемлекет тарапынан бағаланбайды. Сондай-ақ балалар жазушысын мемлекет тарапынан марапаттау балалар әдебиетіне жасалған қамқорлық емес пе?
– Қазіргі жастар кітап оқымайды деген наз көп айтылады. Ал балаларды кітапқа баулу үшін не істеу керек? Балалар сүйіп оқитын жанрлар қандай?
– Балалар да, жасөспірімдер мен жастар да кітап оқиды. Балабақшаға баратын балалардың суретті кітапшаларды ақтарып, ата-аналары, тәрбиешілері жаттатқан тақпақтарды айтып, жұмбақтарды шешіп жүргенін күнделікті өмірден көруге болады. Оқушылар ауыр сөмкелерін асынып мектепке кетіп бара жатады. Ол сөмкенің ішінде, оқулық болса да, кітап бар екеніне күмәнданбай-ақ қойыңыз. Ірі қалалардағы кітапхана оқырмандарының басым көпшілігі студент жастар екені де анық.
Ал көркем әдебиеттің бұдан ширек ғасыр бұрынғы уақытпен салыстырғанда аз оқылатыны ақиқат. Оның себебі өте көп... Бірақ балаларды кітапқа баулу үшін өзіміз оларға өнеге көрсетіп кітап оқуымыз керек. Дамыған елдердің бәрінде де кітап оқу үрдісі үзілген емес.
Балаларға әр алуан жанрдағы шығармалардың бәрі керек. Ең бастысы олардың жас ерекшеліктерін еске алуға тиіспіз. Мысал үшін сізге «Балдырған» журналын бір жылға жазылуды ұсынайын. Көп нәрсеге көз жеткізесіз. Бұл – республикамыздағы мемлекет қаржыландыратын жалғыз әдеби-көркем журнал. Журнал беттерінде жұмбақ, жаңылтпаш, мысал, ертегі, аңыз, өлең, тақпақ, санамақ, әңгіме, аударма т.б. жанрлардағы қыруар шығарма жарық көріп жатады. Балабақша тәрбиешілері мен бастауыш мектеп мұғалімдері «Балдырған» журналын бағалайтынын біз оқырмандарымызбен кездесулерде талай рет байқадық. Ал ересек балалар мен жасөспірімдер арасында хикаяттар мен романдарға тісі бататындар да аз емес. Жасөспірімдер фэнтези мен фантастикалық туындыларды да іздеп жүреді. Қысқасы, балаларға барлық жанрдағы әдеби шығармалар жат емес.
– Қазіргі балалар кімдерді оқу керек? Балаларға арнап жазатын ақын-жазушылардан кімдерді атап, қандай кітаптарды оқуға ұсынар едіңіз?
– Балаларға мына авторды оқы, мына авторды оқыма деуге бола ма? Кімді оқу керек екенін әркім өзі шешеді. Соған байланысты талғам да қалыптасады. Бояғыштарды бояп, суретті-кітапшаларды оқи бастаған бала бірте-бірте көлемді туындыларға қол соза бастайды. Балалар ана тіліндегі көркем шығармалармен қоса шетел әдебиетінен де сусындауы керек.
– Балалар әдебиетіне жарнама жетіспейтін сияқты. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау, жарнама жасау сияқты жұмыстар қаншалықты орын алып жатыр?
– Әдебиеттің ең әуелгі жарнамасы – әдеби сын. Оның халі қандай екені бәрімізге белгілі. Әдеби сын түгіл жарық көрген кітаптарға баспасөз беттерінде рецензия да берілмейтін болғанына талай жылдың жүзі болды. Балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген қандай ақын-жазушылар бар екенін білмесе, кімге қолдау көрсетеді, қандай кітапқа жарнама жасайды? Тек Қазақстан Жазушылар одағының жыл сайын өтетін әдеби жылдық қорытындысында кітаптары жарық көрген ақын-жазушылардың есімі, егер байқамай ұмыт қалмаса, бір рет аталады. Соған да «мәзбіз»...
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ