15 қаң, 2019 сағат 15:09

Баум тоғайы ерекше қорғалатын табиғи аумақ тізімінен шығарылды

Қазақстан Үкіметі Алматыдағы Баум тоғайын ерекше қорғалатын республикалық маңызы бар табиғи аумақтар тізімінен шығарып, Алматының мемлекеттік табиғи қорықтар қорына енгізді. Үкіметтің бұл туралы қаулысы электрондық үкімет порталында жарияланды.

Тарихи деректер бойынша, Баум тоғайын (сол кездегі атауларының бірі - Верный тоғайы) 1868 жылы Жетісу облысының әскери губернаторы Герасим Колпаковскийдің жарлығы бойынша Үлкен және Кіші Алматы станицаларының казактары еге бастаған. Қала атауы Верный болып өзгертілген тұста оны "Алферов тоғайы" деп те атаған. Кейін тоғайға Верныйда 47 жыл тұрған ғалым әрі орман маманы Эдуард Баумның есімі берілген.

Баққа Мәскеу, Пенза, Ялта, Ташкент қалаларынан алуан түрлі жеміс ағаштары мен жалпақ және қылқан жапырақты ағаштарының көшеттері әкелініп отырғызылды. Алғашқы кезде тоғайда алманың 74, алмұрттың 49, қылқан жапырақты ағаштың 17, жалпақ жапырақты ағаштың 44, әр түрлі бұталардың 52 түрі болды. 1894 жылы Баум «Баум тоғайын» көгалдандыру жөнінде бағдарлама жасап, оны қалалық Думаға ұсынды. Бұл бағдарлама 1899 жылы толығымен жүзеге асып, тоғай Алматы қаласының жасыл желекті аймағына айналды. Бүгінде  Баум тоғайында 250 мыңдай әр түрлі ағаш өсіп тұр. 

Биыл әкімдік аталған бақтың біраз аймағын автосалон иелері көлік тұрағын жасау үшін заңсыз иемденіп келгенін айтты. Бұл заңбұзушылықты мегаполис әкімдігі табиғи аумақты коммуналдық меншікке алған соң ғана анықтады.

2006 жылы Баум тоғайын Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің коммуналдық меншігіне өткізіп, ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи ескерткіш деген құқықтық мәртебе берген.