Тарих беттеріне үңілсек, өткен замандардан бері «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп, азан шақырып қойған аттары қанатты сөзге айналған екі Майқы би бабаның өмірде болғанын білсек те, осы аталы сөздің нақ қайсысына қатысты айтылғаны жөнінде әлі нақтылы тұжырымға келе алмай жүргеніміз анық. Бірақ екеуінің де дана, ойшыл ғұлама болғанында дау жоқ. Сол сияқты шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі тарихта бір емес, Әбу Насырдан бөлек онымен замандас оншақты Фараби есімді ғалымның болғанын жіпке тізіп беріп жүр емес пе?! Мұндай мысалдар хандардың да, батырлар мен билердің де арасында жиі кездесіп жататыны шындық. Тек ерекшелігі, олардың ел ішінде насихатталуы ғана әрқалай болып келетіндіктен, жалпы халық біле бермейді. Ал әр өңірдегі жергілікті халық аңыз етіп айтқанмен, кешегінің құймақұлақ қариялары келместің көшіне ілесіп, қатары сиреп, көзден бұлбұл ұшқан сайын, артында іздеушісі, жоқтаушысы жоқтарының есімдері көп жағдайда ел жадынан жоғала бастайтынын несін жасырайық.
Міне, сондай батыр бабаларымыздың бірі Кейкі Ниязұлы Рыспанбет туралы да осыны айтуға болады. Түбі Арқаны жаз жайлап, Сырды қыс қыстаған қыпшақ руынан шыққан Кейкі батыр күні кешеге дейін Торғай мен Жетісудың тел перзенті саналып, екі жақтың да атын айбар тұтар мақтанышына айналып келгені ақиқат. ХVIII ғасырдың соңы мен ХIХ ғасырдың 40-шы жылдары шамасында (1766 – 1842) өмір сүрген Кейкінің ерлігін ел аңызға айналдырып, атағы дәуірлеп тұрған кезеңде Торғай топырағында дүниеге (1871) келіп, қаршадайынан қайтпас қайсарлығымен көзге түскен атақты мерген, Амангелді батырдың қандыкөйлек серігі, қыпшақ Нұрмағамбет Көкембайұлының жасынан Кейкі атанып, тарихта солай таңбаланып кетуінің астарында да сол рулас батыр атаның абырой-беделі жатса керек. Мұндай пікірді 2000-жылдардың басында торғайлық қаламгер, өмірінің кейінгі кезеңінде зерттеушілікке ден қойып, қыруар іс тындырған сатирик ағамыз Сейіт Кенжеахметұлының да аузынан естігеніміз бар еді.
Ал Кейкінің арғы бабасы, үш ғасырға созылған қазақ-жоңғар соғысының орта бөлігіндегі, атап айтқанда, ХVII ғасырдағы халқымызды «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан ұрыстарында халқына қалқан болған атақты Ақбай батырдың әу баста Жетісуға баруының тарихын әркім әртүрлі баяндап жүр. Осы арада түрлі жорамалдың ішінде жоңғар шапқыншылығы заманында билеріміздің күллі қазақ даласына ат шаптырып, ел шетін қорғар батыр ұлдарын шақыруымен Жетісу жеріне келіп тұрақтап қалуы шындыққа анағұрлым жанасатын сыңайлы. Себебі, өзінен кейінірек Бектемір ағасының үлкен ұлы Қарабай батырдың да жанына серік болып келіп, осында ұрпақ өрбітіп қалып қоюы тектен-тек болмаса керек. Кейін патша өкіметі өздеріне бодан болған қазақтарды «бөлшекте де билей бер» саясатымен уез-уезге, болыс-болысқа бөліп, бір-бірімен қатынасын үзіп тастауы салдарынан Арқа мен Сырдың арасында еркін көшіп-қонып жүрген қыпшақтардың бір бөлігі де Сыр бойында қалып қояды.
Бірақ ХIХ ғасырдың орта шенінде батырдың Торғай өңірінде қалған жақын туыстарының Жетісудағы ағайындарын сағалап дүркірей көшіп кетуі Кейкі туралы аңыздардың да ауыздан-ауызға тарағанымен, шын жанашырлары қалмағандықтан көне көздердің өмір көшімен бірге бірте-бірте саябырсып, кейінірек енді олардың да көзін көргендер түгілі, содан бері үш-төрт ұрпақ алмасып та үлгергендіктен ұмытыла бастауын да заңдылық дер едік. Өйткені, жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның құрығында қылғынып, халқымыздың өткені туралы жұмған аузымызды ашпай келген біздің енді өмірі атын естіп-білмеген қаншама батыр бабаларымыз бен билерімізді, көсемдеріміз бен шешендерімізді тарих қойнауларынан аршып алып, рухын тірілтіп, аруағын әспеттеп, атақ-даңқын жаңғыртып жатқанымыз да осы бүгінгі тәуелсіздігіміздің арқасы екендігіне бір тәубе етіп қойсақ та артық болмас.
Десек те өмірінің негізгі бөлігін Жетісуда өткізіп, қазақ-жоңғар соғысына негізгі нүктені қойып, халқымыздың тағдырын біржола шешіп берген Аңырақай шайқасында тас-талқан болып жеңіліп, батысқа қарай жөңкіле қашқан қалмақтардың әлі де ел ішінде қалып, ара-тұра тыныш жатқан халыққа бүйірден келіп тиісуін тоқтатпаған сарқыншақтарының жымысқы жорықтарына тойтарыс беріп, жанкештілік ерлік танытқан Кейкінің жасағы өз туыстарымен қатар, негізінен жергілікті найман тайпаларының өкілдерінен құралған еді. Ал қалмақтардың бұлай құтырынуының себеп-салдарына келсек, сол Аңырақай шайқасынан бері арада біраз жылдар өткеннен кейін баяғы қуатты әскер сапындағы қазақ сарбаздарының ауыл-ауылдарына тарап, атақты батырларының өмірден өткендігін, тірілерінің қартайып, өз жөндеріне кеткендігін пайдаланып, зорлық-зомбылық пен қоқан-лоқыға көшкендегі әрекеттері болатын. Бұл қазақтар шешуші шайқаста жоңғарларды ес жиғызбастай ойсырата жеңгенімен, мұнымен іс бітпей, ел шетіне толық тыныштық орнамағанының дәлелі еді.
Оның үстіне Қытай өкіметі де екі халықтың арасына от салып, шапқа түртуін тоқтатпақ түгіл, қайта өршіте түскен. Міне, осындай сұрқия саясаттың айла-шарғысын арқаланып, көрші ауылдардың малын барымталап, қыздарын күңдікке алып кетіп, елді күйзеліске ұшыратқан аласапыран кезеңдерде күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, халқына қорған бола білген Кейкі батыр ауыл-аймақтың кеудесінде намысы, жүрегінде оты, бойында қайраты, жүзінде айбаты бар азаматтарынан құрған жасағымен жұртының бейбіт өмірінің шырқын бұзып аласұрған жау сілімтіктеріне атой салып, үй-орман, түп-тұқиянымен көз көрмес, құлақ естімес қиян-түкпірлерге түре қуып тастап отырған. Жоңғар басқыншылары жұрнақтарының әйгілі Аңырақай шайқасындағы түпкілікті жеңілісінен кейін де енді құм-құмның арасында отырған шағын ауылдарға топ-тобымен тұтқиылдан келіп түн ұйқысын төрт бөлген шабуылдарына елдің әр аймағындағы қазақтың Кейкі сынды батырлары бастаған сайыпқыран сарбаздары тойтарыс беріп қана қоймай, оларды ығыстыра-ығыстыра өздерінің атақоныстарынан да бездіріп, теңіздің арғы жағынан тұрақ табуына мәжбүр еткенін де тарихтан жақсы білеміз.
Кейбір деректер Кейкі батыр отыз жасында өз жасағымен Жетісудан әрі асып, Алтай өңіріндегі қандастарына барып, сол қарсаңда қазақ-моңғол арасында болған қақтығыстарға да қатысып, екі жақты мәмілеге келтіруге атсалысқандардың ішінде болғанын да айтады. Ал Кейкі батырдың ХIХ ғасырдың басында Торғай өңіріндегі туыстарына айналып соғып, мұнда келген соң да қарап жата алмай, негізінен осы топырақтағы қыпшақ ағайындары қатарынан жаңа жасақ құрып, сол Алтайдан батысқа қарай бас сауғалай жылжи отырып, жолындағы қазақ ауылдарының малын тонап, дүние-мүлкін олжалап, қырғидай тиген жоңғарларға қарсы ұрыс ашып, Ырғыздан да әрі асырып, қазақ жерінен мүлдем қуып тастағанша тыным таппаса керек. Сөйтіп, заманында Торғай даласының тыныштығын күзетуге де ерен ерлігімен үлес қосқан Кейкі атағы көпке дейін ел аузынан түспеуі ырымшыл қазақтың Амангелді Имановтың батыр серігі Нұрмағамбет Көкембайұлын Кейкі батыр атап кетуіне осылайша ықпал-әсері тигенін жазып жүрген кейбір авторлардың тұжырымдарын да жоққа шығаруға болмас деген ойдамыз.
Осылайша елуден асқанша жортуылда болған Кейкі батыр ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары Торғайдағы жеті-сегіз үй аталас ағайындарымен бірге Жетісуға қайта оралып, мұндағы кезекті жорықтарында інісі Құдастың немересі, сол кездің өзінде, он бес-он алты жасында-ақ бойындағы буырқанған бұла күшімен, қайтпас қайсарлығымен көзге түсіп, батыр бала атана бастаған Сырлыбайды жанына ертіп алатын болған. Қалмақтардың тұтқиылдан келіп тиісіп, көрші ауылды аласапыранға түсірген сондай бір шабуылын естіген бойда іле іздерімен қаншама бел асып, соңдарынан қуып жетіп, жорықшыларын жайратып салып, барымтаға ұшыраған малы мен дүние-мүлкін қайтарып, қарақшы топ басшысының бойжеткен қызы мен бозбала ұлын тұтқынға алып келе жатып, жол-жөнекей кезіккен қыстаулардың біріне қонады. Таң бозында жылқылардың кісінеген дауысынан оқыс оянған бұлар әлгі екі тұтқынның бұғаудан босанып, екі атты мініп қашып үлгергендерін бір-ақ біледі.
Бұлар өзара ақылдасып, енді не істейміз дегенше Сырлыбай әй-шайға қарамай, өз атына секіріп мінген күйі соңдарынан құйғытып ала жөнеледі. «Қап, мына бәтшағар бірдеңеге ұрынып жүрмесе болар еді?!» деп санын бір-ақ соққан Кейкі батыр мен оның серіктері амалсыз атқа қамшы басады. Әлден уақытта барып қозыкөш жер ұзаған қуғыншының қарасы көрініп, жандарына келгенде Сырлыбайдың әлгі тұтқын жігітті қуып жетіп, сайысып жеңгенімен қоймай, тамағынан бауыздап, қос қолына ағызған қанын сораптап ішіп отырғанын көріп тіксініп қалған Кейкі: «Әй, иттің баласы, не істеп отырсың сен?!» деп дүрсе қоя бергенде, анау басын көтеріп бұған қарағанда оның көздері қанталап кеткен екен дейді. Кейін Кейкінің өзі: «Апырай, өмірі ешкімнен ықпаушы едім, Сырлыбайдың көздерінен шошыдым ғой», депті дейтін қариялар.
Сол сапар Кейкінің соңғы жорығы болған сыңайлы. Осы көріністен кейін ауылға оралған Кейкі белдігін қылышымен бірге Сырлыбайға шешіп беріп тұрып: «Мен осымен тоқтадым», депті де найзасын босағаға іліп, тақуалық жолға түскен екен. Ал өздерімен ала келген қалмақ қызы Бадма Кейкінің алдына қос тізерлей отыра кетіп, басын иіп тұрып: «Ата, менің көкірегімде сіздерге деген ешқандай өшпенділік жоқ. Менің әкем де талай жанның қанын мойнына жүктеді. Ақыры не болды, өзінің де, ұлының да түбіне жетті. Анам байғұс дана екен: «Кісіге қиянат жасаған жақсылыққа апармайды», деп отырушы еді, сол сөзінің төркінін бүгін түсіндім. Мені балаларыңыздың біріне қосыңыз, өтінемін. Ұрпағыңызды өрбітіп, адал келініңіз болуға құдай алдында ант етемін», деп көз жасын көлдетіп, аяғына жығылыпты дейді.
Қалмақ қызының ақылдылығы мен адалдығына тәнті болған Кейкі: «Тұр, қызым, жақсы айттың, сенің де жазығың жоқ. Сөзіңе имандай сендім. Тілегің болсын!» деп сол жерде ағайынның баласының біріне қосып тұрып, ауылдастарына: «Бәрің де өз қыздарыңдай көріп, сый-құрмет көрсетіңдер, бетіне келмейтін болыңдар», деп ақ батасын берген көрінеді. Сол Бадма анадан өрген ұрпақ бұл күнде бір қауым елге айналыпты деседі. Иә, орайы келгенде ежелден қоңсылас отырған қазақ пен қалмақ арасында тек жаугершілік пен атыс-шабыс қана емес, достық, ағайынгершілік пен қыз алысып-қыз беріскен құдандалы-жегжаттық ізгі қарым-қатынастар болғанын да айту парыз. Мысалы, Ержан Ахметов нұсқасындағы «Арқалық батыр» жырында сөз болатын Арқалық пен қалмақтың Қоңқа, Әбзейіт Мәлікеұлы нұсқасындағы «Ер Әжібай» жырында айтылатын Әжібай мен қалмақтың Қора батырлары арасындағы достықтары осының бір ғана дәлелдері. Тізе берсек, қазақ пен қалмақ арасында төскейде малы, төсекте басы қосылып, ынтымағы жарасқан мұндай мысалдар көп-ақ.
Бірде «ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалумен» қоштасып, ата қанымен бойға дарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан емшілік қасиетін ұстануға біржола бет бұрған Кейкі күншілік жердегі нағашы жұрты матай наймандардың атақты бір биінің асына келе жатып, жол-жөнекей бір жонның етегінде оқшау тұрған жалғыз қараша үйді көріп, жанындағыларға: «Мұнда бір мүсәпір әл үстінде жатыр екен. Үстінен аттап кеткеніміз күнә болар, кәне, жүріңдер», деп аттан түсіп, ішке енсе, көштен жырылып қалған бір қалмақтың отбасы екен. Үй иесі орта жастағы отағасы тыныс ала алмай қырылдап, әйелі мен үйелмелі-сүйелмелі төрт-бес жас баласы не істерлерін білмей үрпиісіп, бір уыс болып отырғанының үстінен шығады. Төтеннен кіріп келген бұларды көрген олар одан сайын зәрелері ұшып, бір-біріне тығыла түскен.
Осы сәт батырдың жанындағы Жәдік інісі: «Кейкі аға, бұл…» дей бергені сол, әлгі сырқат байғұс Кейкінің атын естігеннен көзі алайып, аузын ашуға да шамасы келмей, сылқ етіп есінен танып қалады. Мұны қалт жібермеген Кейкі оған:«Тарт тіліңді, өй, бар болғыр! Қалмақ біткеннің бәрін жау санағанды қойыңдар енді. Бұл бейшараның не кінәсі бар?» деп айқай салып, содан соң әлгінің әйеліне: «Кәне, келін, маған бір шүберекті жылы суға малып әкеле ғой», дейді де өзінің ем-домына кірісіп кетеді. Әлден соң есін жиып, манағы қырылы да басылып, өзін жақсы сезіне бастаған қалмақ ештеңенің мәнісін түсінбей, аяғының ұшынан басып, дастарқан жайып жүрген әйеліне бір, жанында өзіне төніп отырған Кейкіге бір аңырайып қарайды. Кейкі: «Уайымдама, әлі-ақ жақсы болып, сауығып кетесің. Мен Алла жазса қайтарда тағы бір келіп, ем жасаймын. Әзірге мынаны іше тұр», деп соңғы кездері үнемі жанынан тастамайтын дәрі қалтасынан үш-төрт түйір өсімдік дәнін беріп, содан соң дастарқандағы нанның шетінен сындырып, дәм ауыз тиеді де, серіктерімен бірге асығыс аттанып кетеді.
Жолда келе жатып үшінші ұлы Жаманқұл: «Әке, көріпкелдігіңіз бен емшілігіңіздің пайдасын бәрімізден бұрын сіз мүсәпір санаған әлгі қалмақ көрді ғой. Атын кім, Мәнжі деп пе еді. Ертең сол Мәнжіңіз сауығып, әлденіп алған соң ту сыртымыздан тап беріп, топалаңымызды шығарып жүрмес пе екен?», деген күдігін де бүкпесіз жайып салғанда, Кейкі тұрып: «Балам, бұл ойың да дұрыс шығар. Бірақ қарапайым халықта тұрған не бар. Кез келген адамның бәрін жау санай берсек, қалай ел боламыз? «Таспен атқанды аспен ат» деп айтқан да атаң қазақ емес пе? Бұлар да адамның баласы ғой. Жақсылық жасасаң, оны түсінбейтін пенде болмайды. Ертең сол жақсылығың алдыңнан шығатынын ұмытпа», деп бұл әңгіменің нүктесін қойғанда, бәрі де уәжді сөзге ләм демей, үнсіз ойға қалған.
Шынында, астан қайтар жолында берген уәдесінде тұрған Кейкі әлгі қалмақтың үйіне тағы да соғады. Ат дүбірін естіп, қараша үйден кімнің келгенін іштей сезген, орнынан тұрып, жүруге жарап қалған Мәнжінің өзі, қалбалақтап әйелі мен оларға ілесе шұбырып, әкелерінің аман қалғанына қуанғанынан екі езулері құлақтарына жеткен балалары да бірге шығады. Дастарқан үстінде Мәнжі: «Кейкі аға, сіз үйге алғаш кіріп келгенде онсыз да өлім халінде жатқан менің құдайдан: тек балаларымның көзінше өлтірмесе екен деген бір-ақ тілегім болып еді. Бірақ сіз маған өлім емес, ажал аузынан аман алып қалып, өмір сыйладыңыз. Сондықтан мен енді сізге өмір бойы қызмет етіп, құлыңыз болуға дайынмын. Тек бізді тастап кете көрмеңіз, бүкіл отбасымыз болып өтінеміз», деп құлдық ұрып тұрып алады.
Мына көрініске жүрегі толқып кеткен батыр: «Сендер не дейсіңдер?» деп інісі Жәдік пен ұлы Жаманқұлға қарайды. Оқыс жағдайдан қапелімде абдырап қалған олар: «Сіз не айтсаңыз, сол болады, қай шешіміңізге де біз келісеміз», деп салмақты өзіне салады. «Олай болса, – дейді Кейкі аз ойланып барып, – осы сәттен бастап мына Мәнжі мен Кермен келінді қызметшілеріміз демей, бауырларымыз деп есептейтін болыңдар», деп олардың азын-аулақ дүние-мүлкін түйеге артып, өздерін бала-шағасымен қосып бірге ала кетеді. Сөйтіп, ауылға келген бойда аймақтағы күллі ағайынды жиып, той жасап, елге ел қосылғанын көпке жариялап, Мәнжі шаңырағына енші бөліп беріп, жеке отау ғып шығарады. Сол Мәнжі әулетінен тараған ұрпақтардың қазақтар арасына сіңіп, мидай араласқан тармақтары өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін осы Үшарал өңірінде болып, кейін әр тарапқа қоныс аударып кеткен көрінеді. Қалай десек те бұдан біз Кейкі Ниязұлы Рыспанбеттің жаудан беті қайтпаған батыр ғана емес, елдің бірлігін ойлаған, ұлттардың ынтымағын ұйыстырған өз заманының саясаткері де, халқының қамын көздеген, аймағына әйгілі көріпкел-емшісі де болғанына анық көз жеткіземіз.
Алматы облысы, Алакөл ауданының Қызылащы ауылы іргесіндегі ұзыннан ұзақ созылып жатқан биік жоталардың бірінің күні бүгінге дейін Ақбай батыр жотасы атанып келуінің астарында да талай сырдың жатқаны анық. Кешегі 90-шы жылдардың орта шенінде Қызылащыға жол түскен бір сапарымызда Кейкінің інісі, оның жасағының бір сарбазы атанған Құдас ұрпақтары батырдың әкесі Нияз бен атасы Рыспанбет те, осындағы найман ағайындардың көпшілігінің аталары да сол атақты Аңырақай шайқасына қатысқан батыр сарбаздардың сапында болғанын мақтаныш ете отырып айтқан. Сол сапарымызда Алматы – Өскемен тас жолы жиегіндегі Кейкі батыр есімімен аталатын үлкен жотаның да төбесіне шықтық. Жотаның етегінен жоғары қарай өрлей бастағанымызда, сонадайдан төбеде жерге тік шаншылып тұрған үлкен қайрақ тас көзімізге бірден шалынған. Жанына көтеріліп барғанымызда, оның маңайында ұсақ қиыршық тастармен көмкерілген кішкентай-кішкентай бірнеше төбешікті де көрдік.
«Кейкі бабамыздың зираты осы. Батыр өз өсиеті бойынша мына қайрақ тастың астында жатыр. Ал мына төбешіктер оның сарбаздарының өзінен кейін өмірден өткен бір бөлігінің қабірлері. Олар да өздерінің ұрпақтарына өсиет етуімен осында жерленген. Мұнда басқа мүрде жоқ…», деген жолбасшымыз сөз орайында Кейкінің тек батыр ғана емес, әйгілі Райымбек батыр баба тәрізді кісі дертінің дауасын дөп басатын, емшілігімен еліне танылған тәуіп, бойына алдағыны болжай білетін қасиет қонған көріпкел-әулиелігі бар ерекше жаратылған жан болғанын да тілге тиек еткен. Сол өңірдегі екпінділік шежіреші қарт Нұрғизат Шәкерұлы ағамыз да талай сырдың тиегін ағытқан.
Бүгінде батыр жерленген қайрақ тастың орнында жерлестері мен ұрпақтары орнатқан мәрмәр монумент тас тұр. Онда:
«Қалқаны болдың қазақтың,
Арманың еді азат күн.
Арайлап атты нұр таңың,
Тәу етер, баба, ұрпағың!» – деген жыр жолдары тасқа ойылып жазылған. Иә, бұл биыл туғанына 250 жыл толғалы отырған батыр рухына мәңгілік тағзымның бастамасы ғана. 2011 жылдың жазында сазгер Өмірзақ Оспановтың ақын қарындасымыз Маржан Есжанованың сөзіне жазылған «Кейкі – батыр бабамыз» атты әні эфирден шырқалып, кейін бұл әнге әнші Аман Төренің орындауында арнайы бейнебаян да түсірілген. Осы ән мәтініндегі:
«Зар заманда даламды
бұлт торлаған,
Туған жерге қалқан болған
өр бабам.
Сүйем жерін қазағымның
қастерлеп,
Қарыс жерін қаныменен
қорғаған.
…Кейкі баба шындығын,
Жар салатын күн бүгін.
Ту көтерген қазақтың,
Ынтымақ пен бірлігін…» – деген жолдар біздің баршамызды елдік пен ерлікке үндеп тұрғандай.
Суретті салған Әбілқасым СӘРСЕНБАЕВ