14 жел, 2016 сағат 15:22

Бас прокуратура Жамбыл полициясын тексеруге ведомствоаралық топ жібереді

- ҚР Бас прокуратурасы Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің нақты қылмыстық істер бойынша шешімдерін тексеруге ведомствоаралық топ жібереді. Бұл туралы қадағалаушы органның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Жамбыл облысының тұрғындары тарабынан облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің іс-әрекетіне шағымдардың жиілеп кетуіне байланысты Бас прокурордың тапсырмасымен  аталған өңірге барып, нақты қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдерді тексеретін ведомствоаралық топ құрылады. Топты Бас прокурордың орынбасары Е.Кененбаев басқарады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Бас прокуратураның баспасөз қызметі толық ақпарат сот талқылауы мен ведомствоаралық топтың жұмыс нәтижесі бойынша ұсынылатындығын атап өткен.

Айта кетейік, бүгін ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов қадағалаушы орган ғимараты алдында өзін өртеп жібергеннен кейін қайтыс болған Майра Рысманованың әпкесін қабылдаған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 6 желтоқсаны күні күндізгі сағат 12-16-да ҚР Бас прокуратурасының бақылау-өткізу пунктінде 1968 жылы дүниеге келген Майра Рысманова өзін-өзі өртеп, қалалық ауруханаға жеткізілген. Оның мұндай қадамға баруына ұлы Е.Ахметовтің ірі көлемде есірткі сақтады деген айыппен 4,5 жылға сотталуы себеп болған. Бүгін Майра Рысманова елорда ауруханаларының бірінде қайтыс болды.