20 шіл, 2021 сағат 13:21

Барша баланың атасы еді



Балалар әдебиеті, балалар басылымы дегенде ең бірінші ойыма Сұлтан Қалиұлы оралады... Болмысы бөлек, мінезі көркем еді ғой, шіркін. Еліміздегі барша баланың атасы бола білді десем, артық айтқандық емес.

Сұлтан ағамен 2005 жылы таныстым. Бұл кезде 9 сыныпта оқитынмын. Балаларға арналған «Ұлан» газетін 2000 жылдан бастап оқып, жазған-сызған шимайымды пошта арқылы жолдап, шығартып тұрғаныммен, редакциясына арнайы бару тек 2005 жылы ойға келді. 9 сынып жаңадан басталған күзде «неге мен Алматыда тұрып, газеттің редакциясына поштамен хат жолдаймын? Неге өзім апарып бермеймін?» деген сұрақты өзіме қойып, жауап ретінде редакцияға баруды шештім. Газеттің артында мекен-жайы «Жібек жолы көшесі, 50 үй» деп жазылып тұратын. Бұл «Көк базардың» айналасы екенін мұғалімдерімнен сұрап білдім. Ол кезде мен тұратын ауданда 58 бағыттағы жалғыз автобус жүретін. Бағыма орай, ол «Көк базарға» барады. Соған отырып алдым да, жарты Алматыны аралап, діттеген жеріме жеттім.

Жібек жолы көшесінің бойында, базарға қарама-қарсы орналасқан ұзын көк ғимараттың алтыншы қабатына көтерілдім. Есіктердің сыртына жазылған жазуларды оқып жүріп, газеттің сыртынан жақсы таныс «Бас редактор Сұлтан Қалиұлы» деген жазуды көріп қуанып кеттім. Есікті қағып ішке енгенімде, шашына ақ түскен, көзілдірігін мұрынға қарай түсіріп, қағаз шимайлап отырған жасы үлкен ер адамды көрдім. Ол отырысы әлі күнге көз алдымда. Басын көтеріп, «келе ғой» деді. Осылай басталған таныстық, рухани жақындыққа алып келді. Осыдан кейін күнде редакцияға келемін, Сұлтан ағай да «уақытымды алдың, неге келе бересің» демеді. Менен басқа да әр мектептің оқушылары келіп тұрады екен. Ақырындап бір-бірімізбен таныса бастадық. Бұл кезде қолымызда «жас тілші» деген куәлік бар, өзімізді кәсіби журналист сезініп жүрген кезіміз.

2006  жылдың көктемінде Сұлтан ағай алматылық оқушыларға керемет ұсыныс жасады. «Ақыры бәрің редакцияға келіп жүрсіңдер. Жас тілшілер қосынын құрсақ қалай қарайсыңдар? Газеттің айқара бетін беремін, өздерің шығарыңдар сол қосынды» деді. Бәріміз қуана келісе кеттік. Осылайша жас тілшілер қосыны құрылып, газеттің қосымшасы ретінде шыға бастады. Өзара арамыздан президент, вице-президент, жауапты хатшы деген мамандарды сайлап алғанбыз. Қызу жұмысқа кірістік. Бұл да біздің кәсіби маман болып қалыптасуымызға өз септігін тигізді. Сұлтан ағай біздің әр ой-пікірімізбен санасып, ұсынысымызды қолдап отыратын. Бала ғой деп бетімізден қақпады. Керісінше арқамыздан қақты. Қанаттандық. Әр облыстағы, қала-аудандардағы жас тілшілермен, оқушылармен хат алмасып, достар санын да арттырдық.

Мен сабақтан шыға сала редакцияға асыға жөнелетінмін. Сабақтан кейін ұстаздарым да, сыныптастарым да іздемейді. Анам да кешікті деп алаңдамайды. Өйткені бәрі мені «Ұлан» деген жігіт тауып алған» деп күле әңгімелеп жүретін. Кейін газеттің редакциясы Абай-Гагарин көшелерінің қиылысына көшті. Онда да үзбей бара бердік. Бұл уақытта қаланы тәп-тәуір біліп, еркін жүретін жағдайға жеткен едік.

Бір көрініс мәңгі есімнен кетпейді. «Ұлан» газеті мен Сұлтан ағай алғашқы махаббатымызға да куә болып едік. 10 сыныпты бітірген жазда, бір тілшімен сөзіміз жарасып кетті. Махаббат деп сезіндік. Кездесу орнымыз – «Ұланның» редакциясы. Бірақ үлкендерге білдіріп қоймау керек. Бір-бірімізді көру үшін редакцияға барамыз. Сонда басқа жақта кездесу, сырласу деген ойда жоқ, көріскенімізге мәзбіз. Өмір көрген үлкендер байқамай қалушы меді, біздің көз жанарымыздан-ақ бәрін біліп-сезіп жүрді ғой. Тек ақылын айтуға орайы келмей жүрсе керек. Сұлтан ағай Жандосов көшесінде тұрады, Гагарин даңғылымен жаяу серуендеп, редакцияға келеді. Үнемі солай. Бірде біз Гагарин даңғылының ортасындағы орындықтарда сырласып отырғанбыз. Сонда да редакцияға кірсек, ағай жоқ екен, ол келгенше сыртта отырайық дегенбіз. Анадайдан ағай қоңыр папкасын қолына ұстап жаяу келеді екен. Бізді қатар отырғанымызды көргеніне қысылып, абдырап қалдық. Бұл жолы ағай үндемеді. Кейін редакцияға жас тілшілерсіз өзім барған сәтті күтіп жүріпті. Сондай сәт бола қалған күні шақырып алып, менімен біраз сыр бөлісті. «Сен әлі кішкентайсың. Сабақ оқуың керек. Оқуға түсуің керек. Журналист болуың керек. Жылдар өте осы «Ұланға» бас редактор болып оралуың керек. Әзір жігітпен сөйлесетін жаста емессің, қызым, ақылды бол» деді. Ұяла тыңдап, бас изей бердім. Бұл кездесулер де, әңгіме де сол жерде қалды, қайта қозғалмады.

2009 жылы қыркүйекте Сұлтан ағайға қоңырау шалдым. Журналистикаға оқуға түстім деп, сүйіншілей қуанышымды бөлістім. Өз баласы оқуға түскендей қатты қуанып, «айналайын-ай, айналайын» дей берді. Одан кейін ағайға мүлде хабарласпаппын. 2017 жылы «Хабар» арнасында жұмыс істейтінмін. Ғ.Мүсірепов атындағы театрға түсірілімге бардық. Сонда Сұлтан қалиұлын көріп, қуана амандастым. «Сендер хабарласпай кетсеңдер де, «Ұлан» мен Сұлтан ағайларың сендерді ұмытпайды. Әр жаңалықтарыңнан хабардар» деп жылы жымиып қоштасты. Тағы да ұялып қалдым. Содан кейін жоғарыда айтқан уақытта тілші болған алматылық тілшілердің басын қосып, ағайдың үйіне барып қайту керек еді деп ойлап жүрдім де, қайтадан күйбең тіршілікті кешіп кеттім. Ал келер жылына ағайымыздан мәңгі айырылып қалғанымызды естіп, қабырғамыз қайысты. Сонда неге бармадым екен, неге іздемедім екен деп тағы өзімді кінәладым. Одан не өзгереді? Өмір жалғасып жатыр. «Ұлан» да апта сайын шығып отыр. Біз де журналистиканың ала жібін аттамай, адал қызмет етуге тырысып бағудамыз. Сұлтан ағай тәрбиелеген балалар жарқылдап жүрсе, ол үшін одан өзге ештеңе керек емес еді. Барша баланың атасы бола білген ағайдың ерекше болмысын, барлығымыз мәңгі есте сақтайтынымыз хақ.

Ал балалар әдебиеті, балалар басылымы Сұлтан Қалиұлынсыз жетімсіреп қалғаны рас.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ