Облысқа жұмыс сапарымен арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ескелді ауданына ат басын бұрды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен Мәжіліс Төрағасын облыс әкімі Амандық Баталов таныстырды.
Алдымен Ескелді аудандық орталық емханасында болған Нұрлан Зайроллаұлы ондағы жұмыспен жан-жақты танысып, оң баға берді.
Негізі 1981 жылы қаланған емхана 2011 жылы заманға сай күрделі жөндеуден өткен. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда аудан емханасына 29 жас маман келген. Орташа өмір сүру жасы ауданда 2016 жылы 71 жасқа жеткен. Ескелді аудандық орталық ауруханасының директоры Роза Ибраева бұл жетістікті құжаттарды электронды түрге ауыстырып, уақытты үнемдей отырып жедел жәрдем көрсетумен байланыстырады.
Тағы бір жағымды жаңалық, ауданда сәби өлімі 2015 жылы 8,9 пайызды көрсеткен болса, 2016 жылы ол 6,3 пайызға кеміген. Мұнда емдік дене шынықтыру кабинетінде 70 пайыз ересек жандар мен 30 пайыз бала қызмет алады. Емхана жұмысына оң баға берген басшылар ендігі кезекте Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында орналасқан «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінің кәсібімен танысты.
Шаруа қожалығының иесі Виктор Петрович Хильниченко іссапармен келген қонақтарды цех жұмысымен және ондағы техникамен таныстырып, коммандиттік серіктестіктің жеткен жетістігі мен жылдық табысы туралы мәлім етті. Мұнда шұжықтың 16 түрі бар. Ал шикізат шаруа қожалығының өзінде өндіріледі. «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігі өндіретін бірінші сұрыпты ұн мен макарон өнімдері және жартылай фабрикат облыс маңындағы жақын аудандардың бәріне жеткізіледі. Мұнда қазір 572 адам қызмет етеді. Шаруа иелерінің айтуынша, өнімге деген сұраныс та жаман емес.
Нұрлан Зайроллаұлы кездесу соңында қожалықтың жұмысына көңіл толатындығын айтып, табыс тіледі.
Бірнеше нысанды аралаған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қарабұлақ ауылындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы ерекшеліктерді бұқара халыққа егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Біздің міндет – қазіргі жетістіктерімізді сақтап, болашақта ұлы мақсаттарға жету. Осы жолда Елбасы мемлекетіміз үшін және болашақ үшін ерекше маңызды тарихи құжаттар ұсынып отыр. Олар – Президентіміздің мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту туралы Үндеуі және жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауы. Бұл екі құжатты шын мәнінде еліміздің алдағы даму жолының стратегиялық жоспары деуге болады. Осы жолда жасалатын басқару реформасы Елбасының болашақты ойлайтын дана саясатының тағы бір нақты көрсеткіші, – деді сөз басында Нұрлан Нығматулин.
– Елбасы жаңа саяси реформа ұсынып отыр. Ол билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу. Оның негізгі мақсаты – басқару жүйесінің тиімді болуын қамтамасыз ету. Ең бастысы, жаңа жағдайда да президенттік басқару формасы сақталады. Соны бәріміз білуіміз керек, – деп шегеледі Мәжіліс Төрағасы.
– Осыған сәйкес Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық сала бойынша жауапкершілігі артады. Сондай-ақ, Парламенттің рөлі де күшейіп, ол атқарушы биліктің жұмысын бақылауға белсене қатысатын болады, – деді ол. Осы реформаның нәтижесінде тиімді және заманға сай мемлекеттік басқару қалыптасады деп күтілуде.
– Осы жолда ең алдымен Конституцияға және көптеген Заңдарға өзгерістер енгізіледі. Бұл Президентіміздің мемлекеттің саяси жүйесін демократияландыру және Конституциялық құрылымды нығайту жолындағы батыл бастамасы. 26-шы қаңтардан бастап бір ай республика бойынша Заң жобасы талқыланады. Осы талқылаудан кейін ел болып ортақ шешім қабылдауымыз керек, – дей келе, Нұрлан Нығматулин халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етіп отырған биылғы Елбасы Жолдауындағы жағымды жаңалықтарға кеңінен тоқталды.
Айталық, биыл зейнетақы 20 пайызға өседі және келесі жылдан бастап зейнетақы тағайындау жаңа методикамен жүргізілетін болады. Сондай-ақ, биылғы шілде айынан бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы да 20 пайызға артады. Ал денсаулық саласына серпін беретін басты жаңалық – міндетті медициналық сақтандыру жүйесі болмақ. Биылдан басталатын «Нұрлы жер» бағдарламасы алдағы 15 жылда бір жарым миллион отбасының баспаналы болуына жол ашады. Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.
– Ерекше айта кететін жайт, сіздердің облыста ауылшаруашылық өнімдерінің көптеген түрі өндіріледі. Мысалы, мемлекетіміз бойынша ауылшаруашылығы жалпы өнімінің 14 пайызын сіздердің облыс шығарады. Әсіресе, қант қызылшасын өндіруде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Былтыр қант қызылшасының аумағы 6 мың гектарға жетсе, 2020 жылға дейін 14 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Алматы облысы қазірдің өзінде барлық сала бойынша жақсы нәтиже көрсетуде, – деген Нұрлан Зайроллаұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімінің жұмысына Елбасының өте жоғары баға бергендігін еске салып өтті.
Жиын соңында аудан тұрғындары Мәжіліс Төрағасына көкейде жүрген түрлі сауалдарын жолдап, нақты жауабын алды.
Өзекті сауал, ұтымды жауап
Қосан Досанов,
«Досанов» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Біз несие алу бойынша көптеген қиындықтарға тап болудамыз. Кепілдемеге қойылатын мүліктің жетіспеуінен екінші деңгейлі банктер несие бермеуге айналды. Тіпті, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несие алудың өзі қиындап кетті. Өйткені олардың қоятын шарттарын толық орындау мүмкін емес. Сондықтан біз секілді адамдарға деген қарым-қатынас өзгере ме?
Нұрлан Нығматулин:
– Өте маңызды сұрақ. Ауылшаруашылық саласына бөлінген несиелік қорды алатын болсақ, несиелердің тек ірі, үлкен агрофирмаларға ғана беріліп келгені өкінішті. Ұсақ шаруашылықтарға несие мүлдем берілмеді деуге болады. Осыған орай Үкімет арнайы жасалған «Агрокешенді 2017–2021 жылдар аралығында дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жақын арада іске қосуды жоспарлап отыр. Меніңше, бұл Үкіметтің селекторлық отырысында талқыланды да. Осы бағдарлама аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несие беру тәртібі қайта қарастырылады. Ал ірі шаруашылықтар ірілендірілген кооперативтер ретінде шағын және орта агрокәсіпкерлік нысандарына берілетін несиелерді пайдаланады. Осы себепке орай бағдарлама қайта қаралып жатыр. Менің ойымша, қазір «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру деңгейі 1,5 есеге ұлғайды. Бірақ бұл да аздық етеді. Соған орай Үкімет бағдарламаны қабылдауды ойластыруда. Сондықтан «ҚазАгроҚаржы» АҚ шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына несие берудің басқа да жолдарын қарастыруға тапсырма алады деп сенемін.
Марина Кущ, тұрғын:
– Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, менің сізге қояр сұрағым мынадай. Қазір көптеген азамат, әсіресе, біз секілді жастар өзінің кәсібін ашқысы келеді. Оларға мемлекеттен қандай көмек беріледі?
Нұрлан Нығматулин:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып отырған бағдарламаға қатысушылар, біріншіден, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін білім алуы тиіс. Оған мемлекеттен қаржы бөлінген. Екіншіден, жаңа баяндамамда арнайы тоқталып кеттім, кәсіпкерлік нысанын ашқысы келетіндерге 16 миллион теңгеге дейін шағын несие беріледі. Яғни, өз ісін дөңгелентіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқысы келетін жандарға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Онда да басымдық кәсібін енді бастағандарға берілуі тиіс.
Александр Хильниченко, кәсіпкер:
– Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, жаңа реформалар туралы түсінікті етіп әңгімелеп бердіңіздер, рахмет! Жергілікті өзін-өзі басқару тетігін ақпараттандыру бойынша қандай қадамдар қарастырылуда?
Нұрлан Нығматулин:
– Бүгінгі күні Парламентте «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңның жобасы қаралуда. Онымен бірінші оқылымда танысып шықтық. Қазіргі кезде Парламентке кірмеген партиялар мен жұртшылықтың қатысуымен белсенді талқылау жүргізіліп жатыр. Біріншіден, 2020 жылға дейін әрбір елді мекен мен әрбір ауылдық округтің бюджетін біртіндеп қарау мәселесі ұсынылуда. Бүгінгі күні ауылдық округ әкімінің өз бюджеті жоқ, қаржы орталықтан келеді. Енді салықтың кейбір түрлері облысқа, республикаға кетпей, сол ауылдық округте қалады. Сол арқылы жергілікті бюджет қалыптасады. Бұл қаражат аса керекті салаларға жұмсалады. Яғни, жол жасауға, көпір салуға, басқа да қажетті салаларды жетілдіруге пайдаланылады. Міне, бюджетті қалай жұмсауды өздері шешетін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дегеніміз осы. Келер жылдан бастап 110 миллиард теңге өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге бөлінеді. Одан бөлек, жергілікті әкімдерге сол ауылдық округ аумағында тұрған коммуналдық меншікке иелік ету құзыреті беріледі. Бұл өте үлкен жауапкершілік, өте үлкен талап. Мысалы, елімізде жер көлемі үлкен болғанмен халқы аз аймақтар баршылық. Соған сай ауылдық округ әкімінің аппараты шағын болып келеді. Енді осы әкімнің есепшотына бір күні 8 миллион теңге түсті делік. Оның коммуналдық меншігіне жылыту қазандығы, дәрігерлік амбулатория сияқты бірнеше нысан кіреді. Түскен ақшаға көмір, жанар-жағармай сатып алып, қажетті нысандарға күрделі жөндеу жүргізу керек. Мәселен, жол жасаудың байқауын жариялауы керек. Оны жеңіп алатын кәсіпорынның дайындығы жоғары болуы қажет. Бүгінгі күні аудан орталығында, облыста бұл жүйе бір арнаға түсіп, жұмысы бірқалыпты жүріп жатыр. Комиссиясы құрылады, бухгалтері есептейді, экономисі шығынды анықтайды, заңгері жұмыстың тиімді жолын қарастырады. Соның өзінде аздаған кемшілік кетіп, құқыққорғау органдары тексеру жүргізіп жатады. Ал мұнда ауылдық округ әкімі бәрін өзі атқаруы тиіс. Сондықтан әкімнің өзін оқыту керек немесе округтен заңгер, экономист, бухгалтер сынды мамандықтардың штатын ашу керек. Өйтпеген жағдайда әрбір әкімге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағуымыз оңай. Мұның бәрін шешу үшін Үкімет жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жүріп, іс алға баса бастайды. Осының өзі көңіл қуантарлық жайт. Бұл көптен бері пісіп, жетілген мәселе. Өйткені, ауылды жердің адамдары не қажет екенін өздері жақсы біледі. Астанадағы Қаржы министрлігінде отырған мамандар Қарабұлаққа қандай көпір салу керектігін қайдан білсін? Ал мұнда суыққа тоңып, ыстыққа төзіп жүрген тұрғындар өзара келісіп: «Биыл мына көпірді жасайық, келер жылы жолды жөндерміз», – деген талапты әкімнің алдына қойып, нақты ұсыныс айта алады. Соның арқасында ауылдық округ әкімінің жұмысы көрінеді. Солай емес пе?!
Бағлан Жапабаев,
Жетісу ауылдық орта мектебінің директоры:
– Өткен жылы еуропалық стандартқа сай Алматы – Талдықорған автожолы салынып, пайдалануға берілді. Облыс тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ризашылығымызды Елбасына жеткізуді сұраймыз. Енді ауылдардың арасын қосатын жолдарды жөндеу мәселесі қалай шешіледі?
Нұрлан Нығматулин:
– Дұрыс айтасыз, жол мәселесі өте маңызды. Шын мәнінде ол алдыңғы қатарда тұратын сұрақ. Бүгінгі күні «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң Парламенттің қарауында жатыр. Сол Заң бойынша келешекте әрбір ауылдық округтің өз бюджеті болады. Оған салықтардан қаражат түседі. Оны дұрыс пайдаланса жол да, көпір де салуға болады. Бұл әкімге байланысты. Екіншіден, елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы жұмыс істейді. Сол бағдарлама бойынша Астана мен облыс орталықтарын жалғайтын жол салынуда. Осы бағдарламаның екінші кезеңінде облыс орталығы мен аудандарға апаратын жолдар жасалады. Оған қажетті қаржы жергілікті бюджеттен алынады. Сол арқылы еліміздің барлық өңірінің жолы толығымен қалыпқа келеді деп күтілуде.
Меруерт Молдағалиева,
"Жетісу" газеті