11 там, 2016 сағат 13:18

Баландин күніне 8 сағат бойы бассейннен шықпайтын - спорт мектебінің директоры

Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Серік Байтұрсынов kaz.tengrinews.kz тілшісіне Риодағы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен қазақстандық жүзуші Дмитрий Баландин жайлы айтып берді.

"Жігіт әлі жас. Жасы 21-де. Ол барлық уақыт бойы еңбек етіп келді. Бассейннен басқа ешнәрсені көрмеді. Содан мен оған мынадай сұрақ қойдым: "Сен Парижде болып едің ғой? Париж қандай екен айтып берші?". Сонда ол маған "Біз тек бассейнде болдық. Бассейннен кешке қарай бір-ақ шығып, үйге кеш қайтатынбыз". Бұл бала еңбекқорлығы мен дарыны арқылы осындай жеңіске жетіп отыр. Бассейнде күнде сегіз сағаттан жүрді. Одан кейін теориясы бар, залдағы техникасы бар. Бүгінде ол Қазақстан мен ҚазКСР тарихында жүзуден тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып отыр", - деді мектеп директоры.

Оның айтуынша, Дмитрий кәсіби жүзумен алтыншы сыныптан бастап айналысты. Оның тұңғыш бапкері Марина Дильмудинова болған. Бапкер жүзуге қатысқысы келген кішкентай баланың бойындағы талантты байқай алған. Кейіннен Баландин ҚР еңбегі сінген Алексей Казаков есімді бапкердің қол астында болды. Алексей Казаков оны Риодағы Олимпиадаларға дейін дайындап келген. Сондай-ақ, Дмитрий спортпен айналысатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепте 2008 жылдан 2013 жылға дейін оқыған. Кейіннен ол мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебіне түседі. Айта кетейік, Дмитрий Баландиннің бойы 2 метр 5 сантиметр екен.

"Дмитрий өте қарапайым, салмақты жігіт. Ол үнемі сыпайылығы мен әдептілігімен ерекшеленді", - деді мектептің әдіскері Галина Тертус. Оның айтуынша, Риоға дейін Баландин басқа да жарыстарда жүлделі орындарды иеленген. Сонымен қатар, ол Азия ойындарының чемпионы, 2013 жылы өткен Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы екен.

"Мен үшін соңына дейін жанкүйер болып, сенген Қазақстанға алғыс айтамын. Бізді Олимпиадада қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл шын мәнінде өте қиын. Теледидар алдында мұны сіздер сезбейсіздер. Бірақ ел ұйықтап жатқанда осындай сәтте жарысқа шығу өте қиын. Елді қуанту үшін жаныңды салу", - деді Олимпиада чемпионы жеңісінен кейін.


 © REUTERS

Осылайша Баландин Қазақстан тарихында тұңғыш рет жүзуден Олимпиада чемпионы атанды. Баландин 2:07.46 уақыт нәтижесімен финалда сенсация жасап, Қазақстан тарихында жүзу спортынан тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанып отыр. Сонымен қатар, Баландиннің сенсациялық жеңісінің видеосы жария болды.