29 там, 2019 сағат 16:11

Балалар лагеріндегі өрт: Қарағандылық құтқарушылар Президент Жарлығымен марапатталды

Ішкі істер министрлігінде ҚР Конституциясы күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ағымдағы жылы ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша жоспарланған бірқатар маңызды іс-шараны іске асыруға кірістік. Ата заңның және Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың талаптарына сәйкес, елдегі қылмысқа қарсы күресте ІІМ-нің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің жұмысын жоғары деңгейде, жаңа форматта ұйымдастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған байланысты біздің ведомство азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыстар жүргізуде», - деді шарада сөз алған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Шарада өз міндеттерін адал атқарған ішкі істер органдарының бірқатар қызметкеріне ҚР Конституция күніне орай мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды.

Атап айтсақ, ҚР Президентінің арнайы Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен  ерлігі мен қайсарлығы үшін Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлім командирлері Дәулет Алшымбеков, Талғат Медеубаев, жедел кезекші көмекшісі Дархан Райымбеков және Қарағанды облыстық өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Берік Рахымжанов «Ерлігі үшін» медалімен награтталды.

Мемлекеттік марапат иелері Жалаңтас ауылы мен «Жас Қанат» балалар лагері жанындағы өртті сөндіру кезінде көзге түскен. Олардың жіті әрекеттерің арқасында жүздеген адам өрттен құтқарылып, егін алқаптары мен елді мекендер тілсіз жаудан мейлінше аз зардап шеккен болатын.

Сондай-ақ, министр Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның бірқатар қызметкерлері марапатталды.