Фото: Ерлан ОМАР, «EQ»
Бала біз үшін аманат. Оның қарны тоқ, көйлегін көк қылу аздық етеді. Баланы рухани бай, таным-түсінігі мол, ақылды азамат қылып өсірмек ләзім. Ал ол үшін ата-аналар не істей алады? «Балаға кітап оқыту үшін, алдымен өзің оқуың керек» деген тәмсіл тағы бар. Ата-ана өзі үшін ғана емес, баласы үшін де қолына кітап алып оқыса, ол өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сәуле болып құйылары сөзсіз. Көз алдына тірі мысал болуымыз керек. Ал бала кітап оқу үшін, балалар әдебиеті заманға сай қызмет еткені абзал. Осы орайда Ult.kz тілшісі балалар әдебиетінің бүгіні мен болашағын зерделеп көрді.
Жаңа форматқа бейімделу керек
Жазушы Сәуле Досжанның айтуынша, қазақ алалар әдебиеті халық ауыз әдебиетінен бастау алатыны белгілі. «Бесік жырынан» бастап, «Санамақ», «Қуырмаш» сияқты ой-сананы дамытатын тақпақтар, ертегілер баланың қиялына қанат бітіріп, армандай білуге, мақсат қоюға, жетістікке жетуге үйреткен. Дегенмен Тәуелсіз Қазақстанда жаңа авторлар пайда болғаны да белгілі.
Фото: baq.kz
«XIX ғасырдағы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық шығармалары қандай, шіркін?! Кеңес дәуірінде Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев сынды қаламгерлер балалар әдебиетіне елеулі үлес қосты. Тәуелсіздік алған соң, бұл салада жаңа бағыттағы авторлар пайда болды, олардың қатарына Толымбек Әбдірайым, Қастек Баянбай, Сұлтан Қалиұлы, Дәулет Дәрмен, Нұрбек Нұржан, Ділдәр Мамырбаева, Адина Жүсіп, Елдос Тоқтарбай, Рүстем Сауытбай және тағы басқа қаламгерлерді жатқызуға болады. Айта берсек, балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген ақын-жазушылар қазір аз емес. Олар қазақы құндылықтар мен заманауи тренділерді үйлестіре отырып, жанрлық ауқымды кеңейтіп жатқаны рас. Алайда балалар әдебиетінің ауқымы қазақ кітап нарығында әлі де болса кеңейе түссе деген тілек бар. Оқырман талғамының өзгеруі қазіргі балалар әдебиетіне ерекше талап қойып отыр», – дейді Сәуле Досжан.
Жазушының сөзінше, «Мазмұндама», «Steppe&World» сынды баспалар сапалы аудармалармен айналысып, қазақ кітап нарығына өзгеше үлес қосып келе жатқаны қуантады. Болашақта балалар әдебиеті интерактивті форматтарға, комикс, анимация, геймификация элементтеріне бейімделуі керек.
«Себебі қазіргі балаларға сол қызық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да балалар әдебиеті мен балалар кітапханасына айрықша көңіл бөліп жатқаны қуантады. Мемлекеттік қолдау мен сапалы контент өндірісі артса, қазіргі балалар әдебиеті жаңаша серпін алатынына сенемін», – дейді Сәуле Досжан.
Жарнама мәселесінде кемшілік көп
Сонымен қатар, балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген жас жазушылар да бар. Соның бірі – Айым Алтайқызы. Жас жазушының сөзінше, балалар әдебиеті көркем әдебиеттің ғана емес, ұлттық педагогиканың діңгегі деп есептейді. Себебі баланың оқуға алғашқы талпынысын оятатын, адами құндылықтар қалыптастыруға ықпалын тигізетін дәл осы балаларға арналған шығармалар.
Фото: Айым Алтайқызының жеке мұрағатынан
«Біздің халықта бала оқуға тиіс, тәрбиелік мәні зор шығармалар жоқ емес. Батырлар жыры мен аңыз дастандардың өзі неге тұрады? Халық ауыз әдебиетіне өте бай екенімізді ешкім жоққа шығармайды. Алайда әр заманның өз адамы, ол адамдардың өзінше талғамы бар екенін ескеру керек. Қазір балаларға «батыр бол» десең, «біз кіммен соғысамыз?» деп сұрайды. Яғни бүгінгі буын – өзі тыңдап отырған дүниеге сөзсіз, көзсіз, шүбәсіз сене бермейді. Сондықтан қиял-ғажайып хикаяларға еніп кетуі қиын. Оның үстіне, интернеттегі қысқа видеолардың, тартымды контенттің, жарқ-жұрқ еткен бейнематериалдың көп болуы бала тұрмақ, үлкен адамның ұзақ ақпаратты қабылдау қабілетін бәсеңдетіп отыр. Енді қайтпек керек?!», – дейді Айым Алтайқызы.
Жазушы бүгінде балаларға арнап қысқа ертегілер жазуды қолға алған. Оның әлі де әлеуметтік желіде таратылу, жарнама мәселесінде кемшілік көп. Дегенмен балалардың сыни тұрғыда ойлануына, кез келген жағдайда альтернативті шешім көруге баулуды мақсат етіпті.
«Әрине, «мен жаздым – сендер оқыңдар» деп қарап отыратын заман емес. Әр жазушы өз туындысын оқылатын алаңға ұсынуы керек. Нарыққа шығару керек. Тұтынушыны тартуы керек. Қазір дүкенде балаларға арналған кітап баршылық. Көбі коммерциялық мақсатта шығарылған сияқты. «Менің атым – Қожа», «Тортай мінер ақ боз ат», «Интернат наны» сияқты әсер етпей жатыр. Жаңа заманның балаларына жаңаша көзқарастағы, тың дүние керек болып тұр. Былтыр өзім сәбилі болып, балама құндақта жатқаннан оқи берейін деп ғаламтордан ертегі көп іздедім. Сөйтіп, «Қонжық» деген мобильді қосымшаға кез болдым. Ішінде жазба және аудио форматта ертегілер жинақталған. Бұл да бір жақсы бастама», – дейді Айым Алтайқызы.
Иә, бала үшін жаңа әлемнің есігін ашып, ой-қиялын дамытып, образ арқылы жақсы мінез-құлық дарытуда кітаптан күшті не болуы мүмкін! Бірақ ол кітаптың қағазы сапалы, суреті көз тартар әдемі болғаны өз алдына, алдымен баланың қабылдауына жеңіл, дұрыс тәрбие беріп, эстетикалық жағынан дамытатын дүние болуы, оны оқыған бала өзі ашқан жаңа әлемге бұрын-соңды өзінен басқа ешкім аяқ баспағандай сезімде болуы тиіс.
Ақбота Мұсабекқызы