Балалар әдебиеті жылы аясында Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырыспен шығарылған 40 кітаптың тұсауын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 22 қазанда өткен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында замана көшіне бейімделген саналы ұрпақ тәрбиелеуде балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және қазақстандық балалар әдебиеті өкілдеріне қолдау көрсету айтылды. Жас жеткіншектерді әлем балалар әдебиеті шығармаларымен таныстыру тапсырмасына сәйкес, біздің министрлік бастамасымен 2021 жыл «Балалар әдебиеті» жылы болып бекітілген болатын. Осы атаулы жыл аясында министрлік ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Соның бірі – бүгін тұсауы кесіліп жатқан 40 балалар кітабы», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы тұсаукесерде.
Аталған басылымдар министрлік баспа саласында үйлестіретін «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және және мұрағат ісін іске асыру тиімділігін арттыру» атты республикалық бюджеттік бағдарламаның «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарту» атты кіші бағдарламасы шеңберінде арнайы логотиппен және 120 мың тиражбен басылған және еліміздің барлық кітапханаларына таратылған.
«Басылып шыққан әдебиеттердің 34-і – отандық қаламгерлер туындысы болса, алтауы – әлем балалар әдебиетінің аудармалары. Атап айтқанда, отандық танымал авторлар Ақселеу Сейдімбек, Герольд Бельгер, Несіпбек Айтұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Оразақын Асқар, Салықбай Әбділдәбек, Нағашыбек Қапалбекұлы, Серік Байқонов, Серік Қалиұлы, Заря Жұманова және басқа да талантты авторлардың шығармалары. Аударма әдебиет арасында жапон балалар әдебиеті де бар, оның да жас оқырмандар үшін тың әрі қызықты шығарма екенін атап өтуге болады», - деді Райымқұлова.
Министрлік отандық қаламгерлердің әдебиеттерін шығару бойынша мемлекеттік қолдау тетігін тұрақты негізде жүзеге асырып отырады. Жоғарыда аталған кіші бағдарлама аясында биыл 168 аталыммен қоғамдық маңызы бар әдебиетті жалпы таралымы 492 мың данамен басып шығарып, республиканың мемлекеттік кітапханаларына тегін таратқан.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған келесі отандық шығармалар жарық көрді: Қ. Ергөбек «Адамның бір қызығы бала деген...», А. Рақышева «Балалықтың соңғы күзі», Б. Қарағызұлы «Ұлы даланың ұландары», Ш. Күмісбаев «Сәби болғым келеді», Т. Юпов «Ұмытпа ұлылардың ұрпағысың», Т. Бейсембек «Зерек бала», С. Үсен «Қыранның балапаны», Г. Ақжолова «Алдар көсе», С. Байхонов «Сара апамның сабақтары», А. Сейдімбек «Алпамыс батыр», Ә. Беркімбаева «Дәуіт атайдың ертегілері», Г. Ақжолова «Жаңылтпаштар», Г. Шойбекова «Тұғырыл ханның көк туы», Б. Сарыбай «Ақтабан», З. Жұманова «Күләйша, Рокфеллер», Н. Қапалбекұлы «Балалар әлемі», А. Сопыбеков «Көңілді біздің күніміз», Ә. Қалдыбаев «Сағындым сені, інім!», C. Қалиұлы «Құйғыт кәне, тұлпарым», К. Ыбырай «Шуақ», С. Оспан «Қоңырау», О. Асқар «Ауыл балалары мен қала балалары», А. Сәрсеков «Алақай!», Ә. Файзуллаев «Өтірік айтпайтын күн», О. Байбақұлы «Бәсіре», Ж. Шағатай «Ауылдың кішкентай археологтары», Ш. Күмісбайұлы «Бабамдай болғым келеді», С. Әбділдабек «Айдана мен Ақжолтай», А.Өмірбаев «Жас жүрек», Н. Ақыш «Тау ішіндегі тауқымет» қазақ тілдерінде , А.Сейдімбек «Алпамыс», Г. Бельгер «Волк, Чапа и другие» орыс тілдерінде және Н. Айтұлының «Саяхатшы шыбын Муха-непоседа», Юрий Серебрянский «Қазақстандық ертегілер» қазақ-орыс тілдерінде шықты.
Сондай-ақ әлем балалар әдебиеті авторларының қазақ тіліндегі аудармалары жарық көрді, соның ішінде жапон балалар әдебиеті жас оқырмандар үшін қызықты әрі тың шығарма екенін атап өтуге болады: Кастрючин В.А. «Ержүрек құмырсқа», Стивенсон Роберт Льюис «Қазына аралы», Даниэль Дефо «Робинзон Крузо», Джонатан Свифт «Гулливердің саяхаттары», «Жапон балалар әдебиетінің аудармалары» 1-томы қазақ тілдерінде және ағылшын тілінен аударған. Е. Подрезовой «Динозавры» (орыс тілінде).