19 қаң, 2022 сағат 19:00

«Баға бір теңгеге жоғарыласа, дүкенді жабады» – ақпарат фейк


Әлеуметтік желіде азық-түлік тауарлары бағасының бірыңғай тізілімі бекітілгені туралы жалған ақпарат тарауда. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде бүкіл Қазақстан үшін 2022 жылдың 1, 2, 3-тоқсанына арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың шекті мәндерінің бірыңғай тізілімі туралы ақпарат таратылуда. Ақпаратта мынадай үндеулер бар: «Кез келген дүкенге кіріңіздер, бағасы бір теңгеге жоғары болса – әкімдікке қоңырау шалыңыз, дүкенді дереу жабады. Санэпидстанция, монополияға қарсы, статистика келіп, дүкенді бірден жабады. Сатушылардан осы бағаларды талап етіңіз«. Сауда және интеграция министрлігі таратылған хабарлама жалған екенін хабарлайды!», - делінген ведомство ақпаратында. 

Министрлік мәліметінше, шекті бағаларды әрбір өңір үшін жергілікті атқарушы органдар жеке белгілейді және олар елдің басқа өңірлерінде қолданылмайды. Ал ақпараттық хабарламада көрсетілген бағаларды Алматы облысының әкімдігі өңір бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінің деңгейін жария талқылау үшін ашық көздерде орналастырған.

«Шекті мәндер бағалардың ауытқуын мониторингілеу және бақылау үшін бекітілгенін және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларға нарықтық бағалардың жай-күйін бағалаудың бағдары ретінде қызмет ететінін атап өткен жөн. Шекті мәннен асқан кезде шекті бөлшек сауда бағалары енгізіледі. Оларды сақтамау әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады. Қазақстан тұрғындарын тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», - деп атап өтеді министрліктен.