Азия әдебиеті батысты бағдар тұтпай, еркін дамуы керек. Азия қаламгерлерінің І форумында сөз сөйлеген Нобель сыйлығының әдебиет бойынша номинанты Ко Ын осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық «Манхе» әдеби сыйлығының, «Гриффин» поэзия сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алтын тәж» орденінің иегері, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының номинанты - кореялық Ко Ын елорда төріндегі шараның Азия әдебиеті тарихында баламасы жоқ екенін атады.
«Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумына қатысқаныма қуаныштымын. Қазақстандық әріптестеріме, барлық ұйымдастырушыларға бүкіл құрлық қаламгерлерінің басын қосқаны үшін алғыс айтқым келеді. Бар өмірін әдебиетке арнаған қаламгерлердің басын қосып, осыншалық үйлесімді атмосфера құру - шынымен де елеулі оқиға. Орталық Азияның шексіз мүмкіндіктрі мен келешегін аңдататын осындай ғаламат жобаға өзімнің сүйінішімді білдіргім келеді. Синтез рухымен жүреміз десек, әр қадамымызды есептей білуіміз керек. Жақында өткен Азия әдебиеті фестивалінің ашылу салтанатында мен Африка мен Азияны, Латын Америкасын «үшінші әлем» деп атауға түбегейлі қарсы екенімді айттым», - деп бастаған Ко Ын әріптестерін еуропалық әдеби ағымдардың жетегінде кетпей, Батыс тәжірибесін төл мұрамен байыта білуге шақырды.
«Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тапса деген ойға келдім. Азия Еуропа сияқты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Бірақ біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия - табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі. Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден тарады. Кейін ол қара теңіз арқылы бүкіл әлемге тарады. Азия қайтадан түлеп, жаңа нүктеден бастауы керек деген ойлар да айтылады. Меніңше, әрқайсымыз еркін болуымыз керек. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз қажет. Тіпті кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жасартты, тың леп қосты. Бауырлас жазушыларға қарап отырып, Азия әдебиеті – бүгінгінің әдебиеті, Азия әдебиеті – жаңа ғаламшарлық әдебиет деген ойға келдім», - деді кореялық ақын.