«Біткен іске сыншы көп» дейді дана халқымыз. Қаншама уақыттан бері жұрттың бәрі әңгіме қылған, біреулер «қазақтың бағы», екіншілер «қазақтың соры» деген көрмеге барудың реті келді. Бір адамдай аралап, қызықтап келдік. Осы көрмені аралап жүріп, «бақ» пен «сор» категорияларынан тыс, бөлек ой түзіп, көрменің көпшілік айта бермейтін тұстары турасында әңгіме қозғау керек деп таптым. Сол ойларымды ортаға салайын.
Жалпы алғанда, өз басым көрменің Қазақстанда өтіп, көрме тақырыбының елімізде кең талқылануына қарсы емеспін. Әрине, елдегі жемқорлық мәселесі кез келген мәселені, кез келген керемет жоба мен идеяны жоқ қыла алатын тажал екені белгілі. Жұртты қинайтыны – қоғамның пікірін елеп-ескермеу, мемлекет қаржысын жөн-жосықсыз шашу, оның есепсіз, тексерусіз төгілуі, осындай ірі жобаларды ерттеп-мініп алғандардың асып-тасуы (соңғысы, мысалы, қоғамда үсеновшілдік деген үрдіс арқылы танылып отыр). Тағы бір қоғамды қинаған мәселе – барша дүниені тек Астанаға жинау. Сонда Қазақстанда басқа аймақ жоқ па? Мысалы, сол көрме Алматыда өтер болса, оған келетін, қатынайтын адамдардың саны да, келетін шетелдіктердің қатары да әлдеқайда көп болар еді деп ойлаймын. Бірақ сол баяғы «аузы қисық болса да, бай баласы мен бас қаласы сөйлесіннің» кері...
Мейлі, Астана болса болсын делік. Қыруар қаржы, күш пен қайрат жұмсалды. Зәулім-зәулім ғимараттар, президенттің есімін меншіктеген жаңа әуежай, жол, үйлер салынды. Әлемнің көптеген елі мен ұйымының өкілдері өз павильондарын ашты. Солардың ашылу салтанатына сол елдердің басшылары кезек-кезек келіп жатыр. Ресейдің аюы мен Қытайдың айдаһарының арасында әупірімдеп күнелтіп, Абылай хан саясатын жүргізуге мәжбүр елге бұл да бір мүмкіндік. Билікке деген көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ елге деген көзқарасымыз бір емес пе? Мынаны түсінгеніміз абзал сияқты: Қазақстан сияқты әлем саясаты мен экономикасына қосатын үлесі тым аз, кішкентай ғана мемлекетке, біреу ұнасын-ұнамасын өзінің субъектілігін таныту, яғни бар екендігін, есі дұрыс елдермен қарым-қатынаста екенін көрсету өмір мен өлім мәселесі. Жылан арбаған кішкентай ғана торғай жұтылмау үшін не істейді? Жүнін күжірейтіп, қанатын оң-сол сермеп, ірі-үлкен болып көрінгісі келеді. Біздің елдікі де сол саясат болмақ.
Біз бір нәрсені айқын-анық сезінуіміз қажет: біз мың жерден өзімізді мақтасақ та, өзімізді керемет санасақ та, әлемге қызықсыз елдің біріміз. Әлемге ықпалымыз аз, әлемдік үдерістер мен инновацияларға алып-қосарымыз жоқтың қасы. Біз сияқты кішкентай елдер туралы әлем баспасөзі жазып жатса, оның себебі тек зілзала немесе соғыс деген сөз. Аталмыш Сирияның немесе Украинаның тағдырынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Есесіне осы жылдың қаңтары мен мамыры арасында әлемдік баспасөзде 28 167 мақала жарияланған екен. Соларда көтерілген басты бес тақырып: Сириядағы кикілжіңге ара түскеніміз туралы – 10 567, спорттағы жетістіктеріміз жайлы – 1693, ядролық қарусыздану бойынша бастамаларымыз турасында – 452, мұнай бағасы мен сол нарықтағы тірлік туралы – 355 және де Астанада ашылған көрме жайында 322 мақала жарық көріпті. Әрине, арасында сыни да мақала бар шығар. Бірақ осының өзі біздің мемлекеттің бар екендігін, әйтеуір, бір оң тіршілік жасап жатқан ел екендігін білдіретін оң үрдіс деп санаймын. Маусым айынде шыққан мақалалар көрме туралы деректер мен дәйектердің санын тек арттырмақ. Ал кез келген ел туралы оң, тың ақпарат сол елге деген сенімді арттырады, сол елді әлемге түсінікті етеді, бизнес және инвестициялық белсенділікке сеп болып жатады. Бұған енді тек дұрыс заңнама, демократиялық үрдістер, жемқорлықпен шынайы күрес ауадай қажет-ақ, ол болса мүлдем қатып кетер еді.
Тағы бір анық дүние, осы көрменің қазақ үшін тағы бір үлкен символикалық маңызы бар: ол – Астана EXPO-2017 деп аталатын шаруа еліміздегі мұнай дәуірінің аяқталуын айқын білдіретін тарихи оқиға. Баяғыда мұнай экспорттаушы елдер жетекшілерінің бірі Ямани деген шейх «тас дәуірі тас бітіп қалғандықтан аяқталған жоқ, мұнай дәуірі де мұнай біткендіктен аяқталмайды» деп айтқан екен. Біздегі мұнай қоры әлі біраз жылға баруы ықтимал, одан әлі де табыс-нәпақа табуға әбден болады. Солай бола тұрса да, еліміздегі мұнай дәуірі аяқталып келеді. Оны түсіну үшін әлемдегі болып жатқан технология, техника, саяси-экономикалық ой мен философия салаларындағы үдерістерге назар аудару қажет. Егер қазақ халқы мен қоғамы осы үдерістерге ілесе алмаса, сол үдерістердің басы емес, тым болмағанда соларды жақсы мәдениет, білім мен тәрбие танытып игере алатын бөлігіне айналмаса, біз мәңгілік мемлекетке емес, мәңгілік аутсайдерге айналамыз. Осы көштен ада болу, осы көшке ілесе алмау – ең үлкен тарихи қате, ең зор өркениеттік трагедия болады. Мұнай да, металл да, айналып келгенде, сол өркениет көшіне ілесу үшін ғана қызмет етуі керек. Қалғанын, шындап келсек, қазақ халқы, қазақ жастары өз еңбегімен, білімімен, белсенділігімен таба алады, жасайды. Тек соған мүмкіндік ашып, қазақтың, жастарымыздың бойындағы энергияны ашуға, дұрыс арнаға бұруға, пайдалануға жағдай жасау қажет. Ал оны қамтамасыз етудің жолы белгілі – саяси демократия, шынайы бәсекелестік, ашықтық, өзара жауапкершілік. Біз ең алдымен осыны ұғынуымыз қажет еді. Өкінішке қарай, осы тақырыптар мерекелік шаралардың көлеңкесінде қалып жатыр. Көрмеге барған халық «бүгін нені қызықтаймыз?» деп барып, қайтқанда «елімнің ертеңі не болады?» деп ойланып шығуы керек болатын. Көрмеден шығып, үйлеріне тарқап бара жатқан жандардың жүзінен осындай тереңдікті байқай алмадым.
Жалпы алғанда, Астанада өтіп жатқан көрменің басты тақырыбы – жаңа энергия көздері – өте мықты, қазаққа сөзсіз қажет тақырып. Алайда соны халыққа жеткізе алатын, миына қондыра алатын тың тарихи-философиялық концепция мүлдем жоқ деуге болады. Әсіресе отандық «Нұр-Әлем» павильоны қарын аштырады екен. Жалпы, жақсы кітап оқыған, әлемдік жаңалықтарды интернеттен тұрақты, үзбей қарап отыратын көзі ашық адам үшін осы павильон не бере алады? Сегіз қабатты зәулім ғимаратты түгел аралап шықтым. Бүгінгі әлем музейлері мен көрмелерінде көптеп орнатылған қондырғылар мен «презентациялар», теледидар мен плазманың мүмкіндігін кеңінен пайдалану. Ондайды бүгінгі күні көптеген университеттер мен облыстық мұражайлар да ендіріп келеді. Ал тарихымыз қайда, өткен жолымыз қайсы? Көрмеге келген, қазақ павильонына келген әрбір адам өзінің тарихын, бүгінін және барар келешегін көруі міндет емес пе? Бүгінгі күнге дейін пешін даладағы малдың қиымен жағып, тамағын әзірлеп келген қазақ қай бағытқа қарай ұмтылуы керек? Келген шетелдіктер үшін, әсіресе батыс аудиториясы үшін заманауи әлемдік техниканың даму үрдісі таңсық емес. Өз тарихын бізден де жақсы білетін халық. Қазақ павильоны қазақ тарихын, философиясын, оның ішінде табиғатқа тырнақ батырмай, табиғатпен қоян-қолтық тірлік жасай білген бабаларымыздың тірлігі мүлдем көрсетілмеген. Айналып келгенде, жаңа энергия көздерін іздеудің басты философиясы – табиғатқа қиянат жасамау емес пе еді? Бұл тұрғыдан қарасақ, біздің ұлт алдында тұрған басты міндет өзгеден үйрену ғана емес, тарихымызда, тамырымызда жатқан сана, тәрбие мен ілімді жаңғырту, соны заман үрдісіне іліктіру, жалғау емес пе? Қазақ тарихының, болмысының келген шетелдіктерге кәдесый жасап-сататын шетте жатқан «этно-ауыл» дәрежесінде ғана таныстырылуы үлкен қателік деп ойлаймын.
Кезінде көрмеге адам бармайды деген күңкіл көп болды. Құдайға шүкір, еңбек зая кеткен жоқ. Көрмеге барушы да, аралаушы да адамдардың легі жаман емес. Шанхайдағы немесе Париждегі көрмедей емес, әрине, бұл мүлдем мүмкін емес шаруа екені анық. Барушылардың дүйім көпшілігі – өз қазағымыз, еліміздің шет-шетінен келген өз азаматтарымыз. Ал солар осы көрмеден қандай әсер алып жатыр? Әлем осылай екен ғой деп тамашалап, қызықтап, басына бір идея алмай кететін болса, осы көрменің қазаққа беретіні не? Техниканың озығын көру үшін көрмеге бармай-ақ, ірі мемлекеттік мекемелер мен тойханалардың жанындағы автотұрақта тұрған бай баласының «Ламборджини» немесе «Тесла» автомашиналарына тамсанып өте берсе де болады ғой. Басты мәселе, қайталап айтайын, көрмеге келген қазақ әлемнің даму үрдісіне қызығып, бүгінгі өміріне түңіліп кетуі керек! Сол түңілу терең ойға, терең ой – осы өмірді өзгертуге деген ықылас пен ниетке, осы ықылас пен ниет – тың өзгерістерді қамтамасыз ететін энергияның пайда болуына алып келуі керек еді. Астанада өтіп жатқан дүбірлі шара «көппен көрген ұлы той» емес, мұнай дәуірі мен мұнай экономикасы орнатқан заман мен дәуірді, өмір мен қарым-қатынастарды жерлеп, соған берілген садақа асы болуы керек еді. Біздің іздегеніміз сол баяғы той болып шықты. Өкінішті...
Көрменің жаз кезінде өтуі де біз үшін оңтайлы емес. Бәлкім, осы көрме біткеннен кейін де тіршілік ауадай қажет. Ұлттық павильон орнында тұрақты мұражай ашылады деп жатыр. Осы мұражайды жаңалап, жақсартып, соған мыңдаған оқушыларымызды, студенттерімізді апарып, оқу-ағарту жұмысын мықтап қолға алу керек-ақ. Бізге керегі – көпшілікке түсінікті, көп ұғынатын лекциялар мен сабақтар. Оны қолынан іс келетін кәсіпкерлер, жаңалық ашқан ғалымдар өткізсе тіпті керемет болар еді. Сол лекциялардың видеосын интернетке, әлеуметтік желілерге салып, жалпы жұртты жаңалыққа, жақсылыққа қарай бағыттай беру шарт. Осы ағарту жұмысы көрменің табиғи жалғасына айналып, сананы сілкіндіріп, өзгертетін, жаңғыртатын жұмыс атқарылса ғана діттеген мақсатымызға жете аламыз.
Тағы бір нәрсені ұғынғанымыз дұрыс сияқты. Жақсы болсын, жаман болсын көрменің арқасында 50 мыңнан астам жұмыс орны жасалды. Біраз қандасымыз жұмысқа кіріп, жалақы алды. Ал ертеңгі күні не болады? Сол 50 мың адамның қайсысы тұрақты жұмыс орнына орналаса алады? Қаншасы жұмыссыз қалады? Құрылған ғимараттардың болашағы не болады? Мысалы, өзім көрген Шанхай көрмесінің көптеген ғимараты соңынан бұзылды. Бізде қалай болмақ? Осы туралы ақпаратты билік жұртқа түсінікті түрде жеткізе білуі міндет. Өкініштісі, қанша жерден көлгірсіп, қанша жерден жеріміз бай десек те, біздің елде бірден 2-3 мың адамнан астам жұмыс орнын қамтамасыз ететін жобалар мүлдем жоқ. Әлемнің барша миллиардері елге келіп, «бізге ақша салатын өндіріс көзін немесе тың жоба ұсыныңыздаршы» десе де, оларға ұсынарымыз жоқтың қасы. Көрме аяқталар, қонақтар тарар. Қалатын сол баяғы өзіміз. Өз өмірімізді өзіміз ғана жасай аламыз. Сондықтан той-мереке арасында өзімізге жағымсыз, ұнамайтын сұрақтарды да қоя білейік. Сонда, бәлкім, заман өзгерер.
Айдос Сарым,
"Жас Алаш" газеті