Ауыл әкімі халықтың көңілінен шығуы үшін жұмыс істеуі тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде үлкен науқан өтіп, 800-ге жуық ауылдың әкімі сайланды. Бұл бастамасы ғана. Жыл сайын әкімдерінің қызмет мерзімі аяқталған ауылдарда сайлау өтеді. Осы жолы халық сайлауға белсенді қатысты. Дегенмен, әлі де алдағы уақытта белсенділік күшейеді деп ойлаймын. Ең алдымен халықтың сайлауға қатысуы және үміткерлердің көбеюуін атап өткен жөн. Бұл өте үлкен саяси шешім. Жалпы, әлеуметтік сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызы ауылдың болсын, қаланың не ауданның болсын әкіміне көңілі толмаса, онда олардың қызметіне сай келетіндігін қайта қарастыру керек. Әкімдер халықтың көңілінен шығуы үшін жұмыс істеуі тиіс», - деді Мәжіліс депутаты «Жолдау 2021: іске асыру жолдары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы барысында
Оның атап өтуінше, ауыл әкімдері жергілікті жерде мал жайылымы, ауыл көшелерін жөндеу, тазалық сынды мәселелерді шешуі қажет.
«Әкім ауыл тұрғындарының мүддесін аудан әкімінің , аудандық мәслихат алдында қорғай білуі керек. Ауылда орын алған дау-дамайды да, жанжалды да шеше алатын, тұрғындарды ұйыстыра білетін көшбасшысы болуы тиіс. Сонымен қатар бюджеттен және бюджеттен тыс инвестиция тарта білуі тиіс. Қай ауылға көп қаржы құйылып жатса, онда сол ауылдың әкімі белсенді деген сөз. Оның жұмысын да жақсы бағалауға болады», - деді Берік Әбіғалиұлы.
