Елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де иек астында тұр. Көрмеге әзірлік барысы қалай? Ауқымды шара туризмді және басқа салаларды дамытуға қаншалықты серпін береді? Бұған дейін осы көрмені өткізген елдердің нендей тәжірибелеріне сүйенген жөн? Кеше «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қоғамдық кеңесінің отырысында осы және басқа да маңызды мәселелерге жауап берілді.
Компанияның басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, көрмеге әзірлік жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Құрылыс биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталмақ.
– Халықаралық павильондар қазір дайын деуге болады, қазан айында оны қатысушыларға бере бастаймыз. Қатысушылар өздерінің жобаларын бізге бекітуге ұсынып жатыр, көпшілігі өте қызықты. Қазір қатысатын елдердің саны 98-ге жетті, бірер күннің ішінде өзіміз әу баста жоспарлағандай, 100-ші елмен келісімге қол жеткізбекпіз. Одан бөлек 18 халықаралық ұйым бар. 20 ел өздерінің ұлттық күндерінің қашан өтетінін нақтылап қойды, – деді А.Есімов.
Жақын күндері Нобель сыйлығының лауреаттары сынды белді сарапшылардан жасақталған Халықаралық комиссия Үздік тәжірибелер аймағына қойылатын үздік жобаларды анықтамақ. Қазір оған әлемнің 133 елінен өтініш түсіпті, енді сол 133 жобаның ішінен 25-і іріктеп алынуға тиіс.
Осы жиында айтылғандай, көрменің тақырыбына қызығушылық білдірушілердің қатары көбейіп келеді екен. Мәселен, күні кеше ғана келісімге қол қойған Финляндия бұрын-соңды бұл көрмеге тек Солтүстік Еуропаның елдерімен бірге қатысқан. Ал Астанадағы павильонда жеке экспозициясын жасауға ниет білдіріп отыр. Себебі, энергия үнемдеу мен «жасыл» технологиялар саласында дүние жүзі бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүрген фин компаниялары жеткілікті. ЭКСПО-2017 көрмесінде Финляндия осы компаниялардың жетістіктерін әлемге паш етуді мақсат тұтып отырса керек.
Қоғамдық кеңес, негізінен, ішкі және сыртқы туризмді дамыту мәселелеріне арналған болатын. ЭКСПО-2017 еліміздегі осы бір кенже қалған салаға соны серпін береді деп үміт артылып отырғаны белгілі. Егер осы басқосуда айтылған жайттар іс жүзіне асатын болса, онда туристік әлеует айтарлықтай артады деуге болатын сыңайлы. Мәселен, келер жылы көрмеге шетелдерден 300 мың қонақ келеді деп күтілуде.
Қоғамдық кеңесте «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысына «Туризм ісімен шұғылданатын мемлекеттік органның қажеті бар ма?» деген сұрақ қойылған-ды. Бұл сауалға А.Есімов:
– Мемлекет нашар менеджер деген пікір бар. Мүмкін солай да шығар. Алайда, мемлекет – ең жақсы ұйымдастырушы. Мысал үшін айтар болсам, Грузия соңғы 10 жылдың ішінде туризм саласында үлкен қадам жасады. Осы елдің Ұлттық туризм әкімшілігінің тиімді құрылым екендігі дәлелденді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Басқа елдерде мұндай жұмыспен агенттіктер, не болмаса ұлттық компаниялар айналысады. Бірақ бірде-бір маңызды кәсіби құрылымы жоқ туристік державаны еш жерден таба алмайсыз, – деп жауап берді.
Әлемдік экономиканы дағдарыстың дауылы шарпи бастаған тұста туризмнің алдыңғы қатарға шыққаны түсінікті. Себебі, дағдарыс бірінші кезекте шикізат секторына арқа сүйеп әдеттенген елдер үшін қауіпті. Дәстүрлі энергия көздерінің құны құлдыраған тұста, балама энергияның бағасы одан сайын артатыны тағы да белгілі. Олай болса, болашақтың энергиясы саналатын балама энергия көздерін дамытуды көздейтін көрме Қазақстан үшін өте тиімді болмақ.
Осы жиында Қазақстанның туристік әлеуеті мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі сынды салалардан кем түспейтіні, алайда, оны тиімді пайдалануды жолға қою керектігі де сөз болды. Дүниежүзілік туристік ұйымның 2015 жылғы есебіне көз жүгіртсек, дағдарыс бұл салаға да кері әсер еткенін байқауға болады. Алайда, әлем бойынша азаматтары ең көп саяхаттайтын елдердің санатында Қазақстанмен көршілес қонған Қытайдың бар екенін айта керек. Бұл орайда, Қытай – АҚШ пен Ұлыбританияның қатарында көш бастап тұрған ел. Астанада өтетін айтулы шараға аталған елдердің азаматтары көптеп тартылады деп үміт етуге болатындай.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы маусым айында Дүниежүзілік туристік ұйым «Астана ЭКСПО-2017» компаниясымен арада әріптестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Қазақстанның туристік бағыттағы ұстанымының дұрыстығын айтып, болашағына жоғары баға берген ұйымның Бас хатшысы Талеб Рифаи келер жылы Астанаға атбасын тіреуге тиіс.
Осы отырыста қоғамдық кеңес мүшелері шетелдік сарапшы мамандардың пікіріне құлақ түрді. 2015 жылы Милан қаласында өткен ЭКСПО халықаралық көрмесіне жетекшілік жасаған Джузеппе Сала мен 2010 жылы Шанхайда өткен ЭКСПО көрмесінің ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ван Чинжен бейнемәлімдеме жасап, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Олар ауқымды шараға әзірлік барысында бірінші кезекте не нәрсеге көңіл бөлінуі керектігін мұқият айтып берді.
Джузеппе Саланың айтуынша, қатысушылар үшін көрме өтетін жерге дейін ыңғайлы көлікпен тасымалдаудың маңызы ерекше. Сол үшін де Миланда автобус, трамвай және метро сынды көлік түрлері көбейтілген, олардың қатынау жиілігі, жол бойында жолаушыларды көрме туралы ақпараттандыру барысы да ескерілген. Әуежайлардың арасындағы байланыс жетілдірілген.
Шанхайда өткен көрменің ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ван Чинженнің пікірінше, халықаралық шара өткеннен кейін іле-шала оның тиімділігі бірқатар салаларда анық байқалатын болады. Атап айтқанда, азық-түлік өнеркәсібі, байланыс, көлік қатынастары, әсіресе, туризм саласында ілгерілеушіліктер көрмеден кейін іле-шала көріне бастауға тиіс.
Шетелдің тәжірибесі мол сарапшыларының кеңестерін тыңдаған қоғамдық кеңес Астанадағы көрмеге әзірлік кезінде оларды назарда ұстамақ.
Қоғамдық кеңес отырысында ЭКСПО-2017 науқанына өткен жылы 296 отандық құрылыс компаниясы атсалысқаны, Астанада және басқа да аймақтарда құрылысқа тікелей немесе жанама түрде 46 мың адам жұмыспен қамтылғаны белгілі болды. Ал қазіргі жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде жұмыс орындарын сақтап қалу және көбейту Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екендігі белгілі. Тағы бір айта кетерлігі, құрылыстан 131 миллиард теңге үнемделген. Алдағы уақытта үнемделген қаржы көлемі тағы да артуға тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»