Түркі әлемі әдебиетінің өзара көркем аударма заңдарын дамыту қажет. Бұл пікірді Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы, түркиялық жазушы Якуп Омероғлы Астанадағы «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» халықаралық форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Меніңше, түркі әлемінің әдебиеті - дүниедегі энергиясы мол әдебиеттердің бірі. Оған дәлел - Айтматов сияқты дүние жүзіне танымал жазушыларымыздың болуы. Түркі дүниесі әдебиетінің адамзатқа айтары бар. Біздің жазушылар дүниежүзілік мәселелерге қатысты пікір білдіріп, өз мәдениетіміз бен тарихымыздан жеткен алтын қазынаны таратып жатыр. Ал қазақ әдебиеті - түркі дүниесіндегі ең жас әдебиеттердің бірі. Бір жағынан қазақ әдебиетінің Орхон Енисейден басталатын өмірі бар, ол барлық түркі әдебиетіне ортақ. Салыстырмалы түрде жас әдебиетте қасаң дәстүрлерден ада болып, болашаққа ашық көзбен қарайтын мүмкіндік бар», - деді Я. Омероғлы.
Оның айтуынша, қазақстандық авторлар түрік тіліне белсенді аударылып жатыр және әдеби шығармалар арқылы түрік оқырмандары қазақ тарихындағы жайттардан хабардар болуда.
«Біз өзіміз 30 шақты авторды аударсақ, өзге баспалардан және үкіметтің қолдауымен шыққан кітаптар тағы бар. Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Абайдың қара сөздерін шығардық. Шәкәрім туралы кітап жарық көрді. Мағжанның жолма-жол аударылған өлеңдері бар еді, көркем аударма ретінде тағы бір кітабы шықты. Ұлықбек Есдәулет, Рахымжан Отарбаев, Смағұл Елубай аударылды. Түрік халқы аштық туралы Смағұл Елубайдың романы арқылы білді. «Абай жолы» түрік тілінде бұрын шыққан, бірақ оны біз есепке алмаймыз, себебі нашар аударылған. Осылайша, «Абай жолының» түрікшеге сәтті аудармасын күтудеміз», - деді ол.
Сондай-ақ, Омероғлы өзге тілдерге қарағанда, түркі тілдерінің өзара аудармасының қиынырақ екенін атап өтті.
«Сырттағы адамдар мұны байқамайды. «Түбі бір тілдерді өзара аударудың не қиындығы бар?» дейді. Белгілі бір сөздің екінші туыстас тілде түрлі мағыналары болуы мүмкін. Мысалы, той туралы қазақ романы түрікшеге аударылған. Той алдында жасалатын құда түсу, сырға салу сынды барлық жиындарды «дүгүн» (түрікше - үйлену тойы) деп аудара берген. Үйлену тойының «бірнеше рет өтуін» түрік оқырмандары түсінбейді. Екіншіден, түркі тілдерінің өзара әдеби-көркем аударма заңдары әлі дамымаған. Мұны жаңа сала деп айтсам, қате болмайтын шығар. Мәселен, ағылшын тілінен аударудың 100 жылдан астам тәжірибесі, қалыптасқан өз жолы бар», - дейді түркиялық өкіл.
Сонымен бірге, Я. Омероғлы Айтматов сынды танымал тұлғалар шығу үшін шығармаларды көбірек аударып, форум-жиналыстарды жиі өткізу қажеттігін жеткізді.
«Мұхтар Әуезов қолдау көрсетпегенде, әлем оқырмандары Айтматовтай таланттың бар екенін білмес еді. Форум сөзінің өзі пікір алмасу мағынасына келеді. Бүгін де түрлі елдерден келген әдебиет өкілдерімен танысып, уағдаластық жасастық. Егер мұндай жиын жыл сайын өткізілсе, Астана -халықаралық әдеби орталыққа айналады. Біз де өз тарапымыздан түркі елдерінің әдеби, мәдени және ғылыми журналдарын біріктіретін электронды ресурс аштық. Жыл сайын әдеби журналдар жиыны мен аудармашылар форумын өткіземіз», - деп сөзін түйіндеді Я. Омероғлы.
Айта кетейік, Еуразия Жазушылар одағы - халықаралық ұйым. Оның құрамына 14 елден 180 жазушы, ақын және түркітанушылар еніп отыр. Одақтың мақсаты - оқырман қауымды елдер арасындағы әдеби дәстүрлермен, түркі тілдес авторлардың шығармашылығымен, тарихта еленбей қалған деректермен, тіл мәселесімен таныстыру.
Еске сала кетсек, Астанада «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық әдеби форум өтті. Онда проза, поэзия, драматургия және аударма ісіндегі өзекті мәселелер талқыланды және Қазақстанның жазушылар одағы мен Иранның жазушылар қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандум бекітті.