
Нұр-Сұлтан мен Алматыға ұшатын әр жолаушы медициналық масканы өзі сатып алуы керек, себебі бір реттік масканың бағасы қолжетімді. Бұл туралы Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әртүрлі себеппен Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласынан шығып үлгермей қалғандар бар. Сондай-ақ, бизнесті дамыту туралы қаулы да бар. Соған сәйкес ұшақ іссапарға баратындар үшін, дәрігерлер үшін де керек. Біз біртіндеп осындай қатаң жағдайда да экономикамызды дамытып үйренуіміз керек», - дейді Сәдуақас Байғабылов онлайн брифингте.
Оның айтуынша, ұшақпен ұшу мақсатында коронавирус жұқтырмағаны туралы анықтама алу үшін мемлекеттік, жеке меншік зертханалармен қатар ЖИТС орталықтары, Қан тапсыру орталықтарын да жұмысқа тарту жоспарланған.
«Практика көрсеткендей, бұл дерт жас талғамайды. Сол себепті ұшақпен ұшатын отбасы мүшелерінің бәрі тест тапсыруы керек. Сонымен қатар, ұшақ бортында тек бір рет қана қолдануға жарамды ыдыстар ғана қолданылуы қажет. Медициналық маска тағу талап етіледі, ал медициналық қолғап кию туралы талап жоқ», - дейді ол.
