03 сәу, 2024 сағат 09:52

Атырауда браконьерлер 313 келі бекірені қамыс арасына жасырған


Фото: Polisia.kz


Атырауда Жайық өзені жағасынан 313 келіден астам бекіре табылды. Браконьерлер 14 қапқа салынған балықты қамыс арасына жасырған, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


Балық шаруашылығы комитеті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, заңсыз ауланған балық 2 сәуірде сағат 00:50-де табылған. 


«Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Атырау облыстық полиция департаменті және Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлескен рейд өткізді. Рейд кезінде Жайық өзенінің жағалауына орнадасқан Дамбы ауылы маңындағы 2 өзек тексерілді. Су айдынының жағасындағы қамыс арасынан 14 қапқа салынған жалпы салмағы 313,3 келі бекіре тұқымдас балық табылды», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.


Ал, сағат 06:00-де бекіре табылған тұстан шамамен 400 метр қашықтықта өзен жағасына бекітілген аспалы моторы бар 8 жүзу құралы табылған. Оның ішінде 3 «Ямаха-200», «Ямаха-225» және 4 «Байда» типті қайығы бар. иесіз жүзу құралдары тәркіленді.


«Заңсыз ауланған бекіреге байланысты дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Балық қорына келтірілген залал алдын ала есеп бойынша – 173 505 540 теңге», - деп мәлім етті комитеттің баспасөз қызметінен.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын еліміздің батысында кең ауқымды балық қорғау акциясы басталғанын жазған едік.