15 шіл, 2021 сағат 16:41

Атырау облысының әкімі: «Ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлу жалғаса береді»



Атырау облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында алдағы жылдары 23 жоба жүзеге асады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат облыс әкімдігіндегі бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша өткен жиында осылай деді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай өсім бар. Бұл туралы Амангелді Саламат былай дейді:

«Баршаңызға белгілі, статистикаға сүйенсек, облыстың ауыл шаруашылығы саласында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім бар. Ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі 100,9 пайызды құрады. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы – 100 %, мал шаруашылығы – 100,9 %, ет өндірісі – 101,4%, сиыр сүті – 104,6% құрап отыр. Бұл айтарлықтай өсім екенін цифрлардан-ақ білуге болады. Сондай-ақ, осы жылы 180 мәрте жәрмеңке ұйымдастырылып, ал, көкөніс бағасы өткен аптаға қарағанда 15 пайызға арзандады. Баға тұрақтылығына жергілікті өнімдердің пісуі де оң ықпал етуде», - деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов бағаны бақылауға алуды тапсырсырды.

«Өздеріңіз білесіздер, маусымында бағалардың шарықтап кететіні жасырын емес. Мен осы орайда аймақта бағаны тұрақты ұстап тұру үшін барлық іс-шараларды қабылдау керектігін айрықша ескертіп, тапсырғым келеді. Бұл мәселе облыс басшылығының назарында болады. Бұл мақсатта «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қомақты қаржы бөлініп келе жатыр. Сол үшін тек берекелі әрекет етуге шақырамын», -  деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Досмұхамбетовтың айтуынша, қазіргі уақытта көптеген азық-түлік өнімдері сырттан жеткізіледі. Дегенмен, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлу жалғаса береді.

Өңір басшысы бағаны ұстап тұруды ғана емес, сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндіретін өнімдердің көлемін арттыруды, ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жетілдіріп, жаңа жұмыс орындарын құруды жүктеді. Сондай-ақ, азық-түлік, жем-шөп және халық жаппай тұтынатын тауарлардың бағасына тұрақты бақылау жасап, мониторинг жүргізуді міндеттеді.


«Ауыл шаруашылығын  дамыту мақсатында төрт жылға арнайы жоспар да бекітілді. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, 23 жоба жүзеге асатын болады. Оның ішінде 6 жобаны биыл іске қосу жоспарланса, бүгінгі таңда 4-і жұмыс жасауда. Олардың қатарында жылыжайлар, сүт өндірісі цехы, мал бордақылау мен жаңбырлатып суару алаңдары бар. Сонымен қатар, Атырау қаласындағы «Иманбаев» және «Отбасы» шаруа қожалықтарының жылыжайлары, жылына 72 тонна ет өндіретін «АТЫРАУ-ЧИФТЛИК» мал бордақылау алаңы іске қосылып, «Асыл Агро» және «Жұмағалиева» ШҚ-ның жаңбырлатып суару қондырғылары жұмыс жасауда», - деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Сондай-ақ, Махамбет ауданындағы «Жұмағалиев» шаруа қожалығына қарасты жылыжай кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал Жылыой ауданында сүт өндіру цехы, Атырау қаласындағы жылына 235 тонна ет өндіретін «Джумагалиева» ЖК және «Jan&Adil» ЖШС мал бордақылау алаңдары алдағы уақытта халық игілігіне берілмек.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында алдағы жылдары 23 жоба жүзеге асады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат облыс әкімдігіндегі бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша өткен жиында осылай деді. Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі 100,9 пайызды құраса, оның ішінде, өсімдік шаруашылығы – 100 %, мал шаруашылығы – 100,9 %, ет өндірісі – 101,4%, сиыр сүті – 104,6% құрап отыр. Сондай-ақ, осы жылы 180 мәрте жәрмеңке ұйымдастырылып, ал, көкөніс бағасы өткен аптаға қарағанда 15 пайызға арзандаған.