Фото: Krisha.kz
Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Qyran» тұрғын үй кешенінде жылжымайтын мүлікті сату желеуімен жасалған миллиардтаған қаржы жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
ҚМА мәліметінше, құрылыс компаниясының бірқатар қызметкерлері пәтер, коммерциялық үй-жай және паркинг орындарын сату атымен азаматтардың қаржысын заңсыз иемденген.
Сату кеңсесінде сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын «дәлелдейтін» макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген. Ұсынылған объектілер нарықтық бағадан төмен болған және мәмілелердің толық заңды екені айтылған.
Алайда нақты сатып алу-сату шарттарын жасау орнына күдіктілер брондау шарттарын, кепіл келісімдерін және алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және меншік құқығын бермейді.
Жәбірленушілер төлемді қолма-қол немесе күдіктілердің жеке шоттарына аударған. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген. Нәтижесінде азаматтардан 3,8 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған.
Сонымен қатар, күдіктілер екінші алаяқтық схеманы іске асырған: құрылыс компаниясы атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, объектілерге меншік құқығын тіркеген, алайда түскен қаражат компания кассасына жеткізілмеген. 76 объектінің сатылуынан тағы 4,1 млрд теңге ұрланған.
Осылайша азаматтар мен компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңгені құрады.
Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркингке, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәлімет тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
