Астаналық дәрігерлер елордадағы бесінші ана өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
1 қыркүйек күні 20:22-де №2 көпбейінді қалалық ауруханада ана өлімі тіркелген болатын. Бұл - жыл басынан бері Астанада қайтыс болған бесінші ана.
«Қайтыс болған әйел қант диабетімен ауырған. Жүктіліктің алғашқы кезеңінен-ақ, №7 емханаға тіркеліп, қабылдауға тұрақты барған. Бірақ ол инсулиндік терапиядан бас тартқан және дәрігерлер қант деңгейін түсіретін таблеткалар жазып берген. Оның үстіне, әйелдің бойы 165 см бола тұра, салмағы 95 келіден асқан. Алдыңғы балаларын табиғи жолмен дүниеге әкелгендіктен, дәрігерлер оған кезекті рет өз күшімен босануға мүмкіндік берген», - деді №2 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли Астана әкімдігінде өткен брифингте.
Сонымен бірге, брифингте қайтыс болған әйелге қойылған алдын-ала диагноз хабарланды.
«Бұл - аяқасты болған өлім. Алдын ала болжам бойынша, қайтыс болған әйелге «Қағанақ суының эмболиясы» диагнозы қойылды. 2 қыркүйекте патологиялық сою жүргізілгенде, бұл диагноз расталды. Бірақ, бұл әлі де алдын ала болжам болып қала береді, апта соңында паталогоанатомдар гистологиялық зерттеуден кейін нақты диагнозды жариялайды», - деді Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Қазақстанның штаттан тыс бас акушер-гинекологы, профессор Иван Корканның айтуынша, Қағанақ суының эмболиясы - өте сирек дерт, 10-15 мың жүкті әйелдің бірінде ғана кездеседі. Бұл жағдайда қағанақ сұйықтығының әйелдің қан ағысына түсуінен жүктілік немесе босану асқындайды.
«Оны алдын ала болжау әлемде мүмкін емес. Медициналық көмек көрсетілгенімен, әйелдердің 90% көз жұмады. Бұл - әлемдік статистика. Дәрігерлер әйелді құтқару үшін бәрін жасайды, ешқандай дәрігер пациентті жоғалтқысы келмейді. Дәрігерлер үшін де, туыстары үшін де бұл - орны толмайтын ортақ қайғы», - деді брифингте Иван Коркан.
Бас акушер-гинеколог бұл ауруға санаулы минуттардың жеткілікті екенін айтты.
«Босану алдында қағанақ суында нәрестенің тері бөліктері, зәрі мен нәжісі болады. Осының барлығы әйелдің қан ағысына түсуге тырысады. Мұнда санаулы минуттардың өзі маңызды. Тіпті дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе де, нәтижесіз болуы мүмкін. Әлем бойынша бұл диагнозда әйелдердің 10 проценті қағанақ суы аз мөлшерде енгенде ғана аман қалады», - деді Иван Коркан.
Әйелдің жүрек қызметі тоқтаған сәтте кесір тілігі арқылы баланы алу туралы шешім қабылданған. Әзірге шақалақтың жағдайы ауыр, бірақ дәрігерлер сәбидің оңалып кету мүмкіндігі мол екенін жеткізді.