Фото: ашық дереккөз
Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Sincere Systems Group LTD» («S-Group») қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, «S-Group» өзін Ұлыбританияда тіркелген инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметтерін ұсынған. Компания салымшыларға ай сайын 15–20 пайыз, ал жылына 120–180 пайыз табыс уәде еткен.
Инвестициялық қызметтің заңды түрде жүріп жатқандай әсер қалдыру үшін қатысушыларға компания сайты арқылы жеке кабинетке қолжетімділік берілген. Онда виртуалды депозиттер, «табыстың өсуі» және есептелген қаражат көрсетіліп отырған. Алайда іс жүзінде салымшылардың ақшасы инвестицияланбаған, күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Алдын ала деректер бойынша, келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 миллион теңгеден асқан. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа ұйымдастырушылар Астана қаласынан екі пәтер мен екі автокөлік сатып алып, оларды мүмкін болатын тәркілеуден жасыру үшін сенімді тұлғалардың атына рәсімдеген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
