17 қаз, 2025 сағат 13:04

Астанада автотұрақ үшін төлем минут сайын есептелетін болады


Фото: Sputnik / Михаил Воскресенский

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы ақылы тұрақтарда нөмірлік белгілерді танып-анықтау функциясы бар стационарлы фото және видеофиксация жүйелерін енгізу және пайдаланылмаған уақытқа автоматты түрде ақшаны қайтару мәселесіне қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.

«Бүгінгі күнге дейін Астана қаласы аумағындағы коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленген. Аталған ережелерде минуттық төлем қарастырылған, және ұсынылған өзгерістер «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартын бұзу рәсімі аяқталғаннан кейін енгізілетін болады», – делінген хабарламада.


Стационарлы фото-видеофиксация жүйесін енгізу мәселесіне қатысты аталмыш жүйені енгізу инфрақұрылымы мүмкіндік беретін белгілі бір ашық автотұрақтарда жоспарлануда.

Хабарламаға сенсек, паркингтік төлемдер мен айыппұлдардан түсетін түсімдердің бірыңғай тарифін қамтамасыз ету және толық қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету мәселесіне қатысты қазіргі уақытта шлагбаумы бар алаңдық типтегі автотұраққа алдын ала сағатына 300 теңге, ал ашық типтегі (кедергісіз) автотұраққа сағатына 100 теңге тарифі қарастырылып жатыр.

Жүргізілген талдауға сәйкес, жеке меншік автотұрақтарда сағаттық ақы 300 теңгеден 5 000 теңгеге дейін өзгеріп отырады.

Астана қаласы аумағындағы автотұрақтар (автопаркингтер) ұйымдастыру ережелеріне сәйкес, Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 3 мамырдағы №108-863 қаулысымен бекітілгендей, автотұрақтар (автопаркингтер) меншіктің формасына қарай коммуналдық және жеке меншік болып бөлінеді:

1) Жеке автотұрақ (автопаркинг) – мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жер учаскесінің меншік құқығына немесе мақсатты пайдалану құқығына сәйкес құқықтары бар жеке кәсіпкер ұйымдастырған сауда, ойын-сауық, мәдени және әкімшілік ғимараттарды қоспағанда, көлік құралдарын қоюға арналған орындар. Жеке автотұрақтың (автопаркингтің) иесі кәсіпкерлік қызмет ретінде бекітілген тарифтерге сәйкес автотұрақ кеңістігін пайдалану үшін көлік құралдарының иелерінен төлем алуға құқылы, сондай-ақ осы мақсатта басқа заңды тұлға немесе жеке кәсіпкерді жалдауға немесе аталған тұлғаларға автотұрақты жалға беруге болады;

2) Коммуналдық автотұрақ (автопаркинг) – уәкілетті орган ұйымдастырған, коммуналдық меншікте тұрған, тұрғын үй және әкімшілік ғимараттардың аумақтарын қоспағанда, көлік құралдарын қоюға арналған орындар.