Түркияда әскерилер ұйымдастырған төңкерістен 100 млрд доллар шығын келді, деп мәлімдеді Кеден және сауда министрі Булент Тюфенкчи. Бұл туралы «Би-Би-Си» агенттігі хабарлап отыр.
Тюфенкчидің сөзіне қарағанда, төңкерістен кейін бірнеше шетелдік компания Түркиямен жұмыс істеуден бас тартқан. Елдегі ахуал әлеуетті шетелдік инвесторлардың әрекеттеріне де әсерін тигізді.
«Көшелерде жүрген танктер мен қираған парламент ғимаратының суреттерін көрген инвесторлар кетіп жатыр», - деді министр.
Алайда, ол ел экономикасының қатты зардап шекпегенін де айтады.
Еске сала кетейік, 15 шілдеде бір топ әскери Түркияның екі ірі қаласы - Анкара мен Ыстамбұлда билікті басып алмақ болды. Бүлікшілердің бұйрығымен ел астанасының аспанына әскери тікұшақтар мен ұшақтар көтерілді, қала көшелеріне танктер кіргізілді.