Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп келеді. 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген еді. «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы кесімді сөз айтылды.
Мен өзім тарапымнан, әрі ел қауіпсіздігі жолында жүрген әскери азамат ретінде баса айтарым, бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білемін. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады.
Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз.
Қазіргі заман - жазу заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас-іс қағаздары, компьютер, интернет, агент арқылы хабарласулар-бәрі де жазу арқылы жүзеге асады.
Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға, оның ішінде әскери салаға қатысты ғылыми әдебиеттер - барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады.
Латын әліпбиіндегі британдық ағылшындар өз тілдерінің америка, европа құрлықтарында әр жерде әртүрлі айтылып кетпеуіне, немістер мен еврейлер жер-жерден келген өз қандастарының тілді бұзбай дұрыс меңгеруіне, француздар өз тіліне ағылшын кірме сөздерінің көп еніп кетпеуіне басқа елдер де алаңдаушылық білдіріп, үнемі назарда ұстап, тілін дамыту шараларын жүргізіп, тіпті «тіл полициясын» да осы іске қосып отыр. Сондықтан бізде тілімізге бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарап, Елбасы айтқандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлеуі керек». Тіл сөйлеген үстіне сөйлей берсең ғана шыңдалып, айналадағы басқаларға да әсер ете түседі.
Елбасы айтқандай, тәуелсіздік - халқымыздың басына қонған бағы. Егемендіктің арқасында ғасырларға жүк болар жұмыстар әр салада атқарылып жатыр. Мен өзім басқа салаға ауыспай-ақ, еліміздің ішкі тыныштығын қамтамасыз етуші Ұлттық ұлан – күш-қуат құрылым жайлы айтар болсам, осынау-ау азаттық ширек ғасырға созылған жылдарында ұландықтар еліміздің қорғанысын бекем қорғар құрылымға айналды. Қазіргі таңда техникалық базасы, кадрлық сапасы ТМД елдеріндегі ең алдынғы орында. Мұның барлығы да Елбасының саясатының арқасында жүзеге асқан істердің бір төбесі ғана.
Ал енді әскеріміз қазіргі таңда мемлекеттік тілде сөйлеп келеді. Бұл қарқын жылдан жылға артып отыр. Латын әліпбиіне көшсек, ол өз әскеріміздің бойындағы ұлттық рухты жани түсетіні сөзсіз.
Тәуелсіз Қазақ елінің сардары ретінде айтарым, егемен елімізде өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз өз ана тілінде таза сөйлеп, ежелден «ер» деген даңқы шыққан, намысын таптатпаған, туған жердің топырағын сүйгенде болмаса, ешкімге басын имеген, ешкімнің алдында тізесін бүкпеген ата-бабаларының тарихын, салт-дәстүрін біліп өссе, өзелі мен халқының тек малын жемей, қамын жейтін, туған жерін, аулын аялап, сақтап, қорғайтын, рухани шыңдалған, бәсекеге қабілетті, жаһандану үрдісіне жұтылып, өзін жоғалтып алмайтын халықтың лайықты Азаматы болып шығады деген сенімдемін.
Генерал-майор Қайрат АҚТАНОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы,
Алматы қаласы