Биыл 1,9 трлн теңгеге 100-ден астам өңдеу жобасын іске қосу керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі көрсеткішінің өсуі 5,8 пайыз деңгейінде артуын қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ осы жылы машина жасауда, қара металлургияда, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада, тамақ өнімдерінің өндірісінде, құрылыс материалдарының өндірісінде өсуді әрі қарай қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының атап өтуінше, биыл 1,9 трлн теңге сомасында 100-ден астам өңдеу жобасын іске қосу керек. Бұл шамамен 12,5 мың жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Сондықтан Индустрия министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2 аптада мерзімінде жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша Жол карталарын әзірлесін. Саладағы барлық өсу көрсеткіштеріне қол жеткізуді және жобаларды іске қосуды қатаң бақылауды қамтамасыз етсін», - деді Премьер-Министр.
