Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Президент бастамаларын жүзеге асыру жолдарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының 5 бастамасын іске асыру мақсатында келесі іс-шараларды жүзеге асыру көзделеді. Бірінші, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Екінші бастама, бизнесті жұмысшыларының еңбекақысын көбейтуге ынталандыру бойынша іс-шаралар әзірленеді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, үшінші бастама аясында микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу жоспарланған. Бұл жиынтық бизнеске салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендетуге мумкіндік береді. Ал төртінші бастамада 2022 жылдан 2025 жылға дейін жекелеген санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға ұлғайту көзделеді.
«Бесінші бастамада зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу үшін «Отбасы» банкіндегі есепшотына аударуға рұқсат беру мүмкіндігі беріледі», - деді Әсет Ерғалиев.
