24 қаң, 2024 сағат 15:34

Аса ірі лауазым иелерінің атын пайдаланып, 1 млн доллар жымқырған күдікті сотталды

Фото: uralskweek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов аса ірі лауазым иелерінің атын пайдаланып 1 млн доллар жымқырды делінген күдіктінің сотталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Өткен жылдың соңында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты К.Алтаевқа қатысты үкім шығарды.

Оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды», - деді ол.

Айтуынша, сот кінәлі деп тапқан азамат «Кен орнын игеру келісімшартын ұзартамын» деген уәдемен пара талап еткен.

«Ол аса ірі мөлшерде пара беруге арандатушылық жасағаны, оның 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын жымқыруға оқталғаны үшін айыпталды.

Бұл ретте сотталған К.Алтаев жоғары лауазымды тұлғалардың есімдерін алға тартып, еліміздегі облыстардың біріндегі кен орнында жер қойнауын пайдалану келісімшартын ұзартуға уәде берген», - деді агенттіктің ресми өкілі.