Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев екпеге қарсы адамдардың әрекетіне жауап берді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Қоғамда қызық үрдіс пайда болды, екпеге қарсы қозғалыс қоғамға қысым жасап, екпе егудің еш қажеті жоқ деп жүр. Әрине, ұзақ жыл өтті, адамзаттың қырылуына әкеп соққан індетті жұқпалы ауруларды қашан көргеніміз есте жоқ. Адамдар оны ұмытты да, вакцинаға қарсы қозғалысты үгіттеп жүр. Межелі шекке жақындап қалдық. Одан ассақ, адамдар екпеден бас тартып, вакцина арқылы еңсерген, әлдеқашан ұмытылған аурулар қайта қозып, адам өлімі көбеюі мүмкін. Facebook-тегі «сарапшылардың» сөздері көзсіз сенетін ақиқат емес. Сұрақ туындаса, мамандарға жүгінгеніңіз жөн» деді Арнұр Нұртаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, заңнамаға екпе салуды міндеттеу туралы өзгеріс енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Вакцинадан бас тартатындар көбеюіне байланысты, орталық басшысы Еуропа елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді.
«Германияда екпеден бас тартқандарға айыппұл салады. Францияда екпе салмаған баланы мектепке кіргізбейді. Швейцарияда адам вакцинаға міндеттелген және өздері сатып алуы тиіс. Қазақстанда бәрі тегін. Исламға келсек, мұсылмандар екпе салдырмайды деген қате түсінік бар. Сауд Арабиясына қажылыққа бару үшін де бірнеше аурудан қорғайтын екпе туралы анықтама көрсету қажет» деді А. Нұртаев.