20 қаз, 2016 сағат 19:05

Арман Әубәкір. Біз сонда "жынның ұрпақтары" болып шығамыз ба?

Мұхтар Әуезов: Бақсылық - ескі діннің сарқыты

Бақсылық - ескі діннің сарқыты. Бұрынғы кездегі бақсы, көмескі болжайтын сәуегейлігіне қарап, өз дінінің пайғамбар әулиесі сияқты болған. Ол кезде жақсы болжам айтса, "аспан сиятқты жасырын елшілер" арқылы жалғасады; тіл алады деген сенім болған. Бері келгенде де ел сол елшінің бәрін бекер дей алмаған. Бірақ бұрынғы наным бойынша, ол елші қадірлі, қасиетті сипатқа ие болса, бері келіп мұсылманшылық жеңген соң қараңғылық, жамандық белгісін білдіретін жиренішті заттар болып, жын деп аталған. Барлық бақсылық жолына қайшы келетін, адамшылыққа қас табиғаттан шығатын сияқты болған. Сол себепті, бақсының барлығының түп иесі шайтан, пері сияқтылар деп, бұрынғы діннен қалған нанымның барлығын бергі мұсылманшылық заманындағы жаманшылық иелеріне апарып қосақтап қойған. 

***

Берірек келген заманда көп бақсылар: "Жынның ішінде тазасы бар, мұсылман жын, кәпір жындары бар", - деп екіге айырып келіп, мұсылман жынға сыйынамыз деп, барлық пайғамбар, әулиелер, аруақтарды шақырып, сарын айтатын болған. Бұл бақсылық негізі әлсіреп құлауға айналған соң жаңа заман ағымына бой ұсынып, мұсылмандыққа ауыл-үй қонып, бітім жасамақ болғаны. Мұны бақсылықтың жоғалар алдындағы азғындаған кезі деп есептеу керек.

М.Әуезовтың "Дінмен байланысты өлеңдер" атты мақаласынан. 
Шығармалар жинағы, 16 том, Алматы, 1985ғ 43-46 бб.

PS: Киелі рухтарды, ата-баба аруақтарын "жын" деп келмсіту бүгін ғана басталмапты. Бақсылар өлілер мен тірілер арасындағы дәнекерлер еді. Егер расында біздің ата-бабамыз "жын" болса, біз өзіміз де сол "жынның ұрпақтары" болып шықпаймыз ба?

Арман Әубәкірдің фейсбуктегі жазбасынан