Рахымжан аға Отарбаев жөнінде айту – ауыр да зипатты міндетім. Ауыр болары, араласып жүріп, қона жатып-жона жеп табақтас болмағандығым. Зипатты болары, әр кейіпкерін танырым, әр кітабының қызықшысы болғандығым. Ұлы жазушының қатарлас, үзеңгілес, іштен шалмаққа бейім жазарманынан да бейсуат алыс, кейіпкеріне тағдырын қосқан тілегі бір, жүрегі қатар, кеуде қаны қалам сиясымен бірге ақпақ бебеусіз, белгісіз сары сүйекті қанаттас, ойы егіз оқырман болмақ азаматтық ақылым, арым үшін дұрыс деп білемін.
Қаламгер мен оқырман арасын, көбенді екеуін қосқан – өнер, тіл тұғыры. Отарбаев ой ордасы – менің де алыстан көздеген орманым. Романының "Бас" деген атауын алғашқы естір құлақ тосаңды, күдікті көп кітәптің көбесін сөккен оқырман қобалжумен қолға алары белгілі. Ғабиттей классиктегі "Арқа, көз әңгімелері" де есте.
Ғазиз тәнінен Пегас ұшқан "Медузаның басы" да ақылға қылаң берді. Агутагава Рюноскенің Хе Сяо ері ше, сондағы "Шабылған бас" – бұл да қаперімізде тұрары анық, ақылдағы бар ойлар ордадан ту алады.
Амброз Бирстанның "Үкі жылғасындағы көпірдегі оқиға" да еске түсті!
Бірақ Рахымжан ағам тым биік екен, қосқан жерден емес, тосқан жерден шығар Талант тұяқ, көлденең жатқан көк тасты-саз балшықтай илепті, Құлагер құлаш өз дегенін, ойға алғанын істепті, сәнге салыпты!
Бұл ұлттың Басы жөніндегі роман екен, көп көбектің бармасы бұл.
"Неге біз осы..." – деп, Оралханшыласақ, Мигель де Унамуно и Хугошаласақ, "Менің Испаниям ауырып тұр" деп егілсек, бар ұлт қаламгері қазақ деп тіні талып, жұлыны жұқарғаны, елдің белі талғаны анық.
Сол ұлылар жүрген, жоралы болса да, жаралы болар жолды Рахаң да жүріп өтті, сиясына ғұмырын құйып,тағдырын қазақпен теліп. «Айналаға күміс тозаңын төге-төге Ай да өрісінен алыстап кеткен шақ. Пілтесі таусылған жұлдыздар да солғын тартып, сөне бастапты. Екіндіден бері отырған орнынан қозғалмаған Ноэльдің құйрығы тозып, көзі кілегейленіп, кірпігі желімденіп шыдатар болмады. Бозала бояқ жүгірген терезеден жүзін аударып, балконға шыққысы келген. Зауқы соқпады.
– Тіршіліктің тағы бір таңы атты. Бізге күлімдеп қарар ма екен? Не айтасың, Махамбет аға?-деді алдында тұрған ақсүңке басқа қарап. – Сені жетіқат жер астынан қазып алдым. Үрлеп жан сала алмадым. Бірақ исі қазақ зәру болған мәлике жүзіңкі мүсіндедім. Маған риза бол. Сөкпе. Әлім құрыды. Титықтап біттім. Қайтамын Мәскеуге...
Ақсүңке бастың сәбидің алақанындай көз аңғалағы жылтыл қағып, жақ сүйектері сақ-сақ қозғалысқа енген екен дейді.
– Әй, Ноэль мені Алматыға лақтырып кету үшін көрімнен қазып алдың алдың ба? Бұл не сұмдығың?
Сақ-сақ қозғалысқа енген жақ сүйектерден осы сөз анық естілді. Өң бе, түс пе айыртар емес».
Роман Ноэльдей ғалымның алдындағы Махамбеттің басымен сұхбаттасумен басталады! Өмір мен өлім,бар мен жоқ, кешегі мен бүгіннің ерегесті, өкпелі, назалы сөзінен кейін оқиға қоңыр тартып, жайлап қалыпқа түседі. Бірақ шырқау көкке шығып алған, шыңыраудан ұшқан шырылды сұрақ шығарманың өн бойында жаныңды шабақтап, ақылыңды тамақтап отырады. Роман көп пласты, мол қабатты, жазушы шын қазынасын терең көміп, өзге елесті емізіп, қиырлап тартып негізгі өзекті байламды – ақсүйек ақыл егесі ғана табардай шыжымдап салып, шырғалатып отырады.
« – Жеңгелерің ғой, - деді Ноэль жай күлімсіреп. – Жақсы адам. Мені күтудей-ақ күтті. Ағалары шетелде тұрады. Баяғы күміс тостақан табылған кезде оларды да тексеріп зықысын шығарған. Тақпаған кінәсі жоқ. Бәріне шыдап бақты. Мен үшін. – Ноэль орнынан көтеріліп рюмканы енді ұстай бергенде әлгі заржақ телефон тағы да шырылдап кетті. Керенаулау барып көтерген, ұстазы Герасимов екен.
– Жаңа ғана Венерадан есіттім, - дейді Михаил Михайлович саңқылдап. – Қазақстанның саған өкпесі жоқ. Риза шығар. Екі бірдей үлкен іс тындырдың. Құрметпен шығарып салғалы жатыр ма? Өңіріңе бірдеңе тақты ма өзі?
– Қайдан білейін, риза шығар. Қазақтар жақсы көргенін ішінде ұстайтын, ашып айтпайтын халық қой. Рас құрметтеп, шығарғалы отыр. Ал марапатқа келсек, ұяттымын. Екі қағаз ұсынған, туалеттеріңе қойыңдар деп қайта өздеріңе жақсылық жасап кеттім. ...Көйлегім емес, көңілім тозды».
Сұмдық сырдың беті ашылады!
Махамбеттің басын іздеген Ноэльдің жары бөтен ұлт. Өзге ұлттан жар тапқан Әлихан, Мұхтар секілді ұлылар халі еріксіз еске түседі. Жауабы да осында!
Құрметпен шығарып салмаған өз жұрты Герасимовтің алдында Ноэльдің жігерін сөгеді.
«Алтын ердің батқанын, иесі емес – ат білер,
Ер жігіттің қадірін туысы емес – жат білер».
А. Бек роман арнаған ер қазақ Бауыржан, шетте қадірлі Құрманғалиевтер, Құдайбергендер санаға шеге қағады.
Осының бәрін Рахымжан-суреткер сипай айтады,
мықты болсаң ұғып көр! Басты іздеуге мазасыз, жұртқа ұнамас Құрақтай жан кіріседі.
«Аса қадірлі Халықаралық «Бәйтерек» қорының төрағасы Нүри інім», - деп бастады хатын шатыраш жолдан шығып кетпей. – Еліміздің мәдениеті мен тарихында һәм ілім-біліміне өзіңіз басқаратын қор бас ие боп отыр. Арманда кеткен арыстардың аты жаңғырды. Жазған еңбектері елмен табысты. Жақсының қадірін кеш білетін қасқа халықпыз ғой. Жә, ауылдағы жаман шалдың хатын ежіктеп отыруға уақытың қайдан табылсын. Тоқ етеріне көшейін. Осыдан он жыл бұрын Ноэль деген ғалым бала бабамыз Махамбеттің көрін қазып, басын дорбасына салып, Алматыға алып кеткен. Мүсінін жасаймын, қайтадан тірі қалпына келтірем деп. О бала Мәскеуге көшіп кетіпті. Маған қайта-қайта хат жазған екен, оны әлгі көктемегір ауыл әкімі Қарауыл бермей, құйрығының астына басып отырыпты. Енді сол бабамыздың басы қараусыз қалып, жоғалып кетіпті деп есіттім. Бір миллион адам сыйған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады ма? Жоғалған басты таптырып беруіңізді сұраймын. Сіздің пәрменіңіз болмаса, бізден қайран кетті. Басты ұлы денесіне қосып жерлемейінше, менде маза жоқ. Аруаққа жат, азаматтыққа сын ғой, айналайын! Ал айыпқа бұйырмаңыз. Өтініш иесі – Құрақ қарт».
Жұрт ішіндегі құр тұғыр емес, қарапайым ғана ақсақал кіріседі... Елдің жоғын, ел ішіндегілер ғана іздері анық. Төбедегі төре емес.
Махамбеттің басына ие болып Дәурен мен Айым ғана қалады. Елдің ертеңі де осылар, келтегі де осылар.
«Бәрі де Айымның айтқанындай болды. Көлденең қағылған ағаш-иыққа мойын жасап, оған бас сүйекті абайлап орнатып, үстіне шапан жабуы мұң екен, кәдімгі жертөленің бір мүшесіндей болды да қалды. Көңіліндегі істі тындырған соң, екеуі ыстық шай ішкен. Әңгімемен отырғанда түн ортасы ауыпты. Айымның қалта телефоны шыр ете түскен. Қоңырау шалған шешесі Қашқария екен. Бірден дүрсе қоя берді.
– Қаншық, біз сені ғалым болады деп тасынып жүрміз. Түнімен қыдырасың. Қайт, қазір. Шашыңды талдап жұлып қолыңа берейін! - деген дауыс саңқылдап кетті.
Ғылымда дәлелденген жайт, қазір екеуі де елес-бейнеге айналады. Тірісіндегі айтыс-тартысты, өкпе-назды тағы қайталар, - деп Айым қалшылдап қорқып, Дәуреннің құшағына кіре түсті».
Отарбаев туындысы күрделі жаңалықтарға толы, «Букер» сыйлығын алған «Бардодағы Линкольн» шығармасының авторы Джордж Сондерстің туындысына ұқсайды. Пол Остердің «4,3,2,1» шығармасы да осындай әдіске сүйенген. Қазақ жазушысы Рахымжан Отарбаев әлемнің бар әдебиетінің тәсілін меңгерген, ешкімнен кемшіні жоқ. Әттең, талдаушысы кембағал...
«Жәңгір: – Жолдың бәрі соқпақ боларын, мойның – қазық, кәлләңа тоқпақ қонарын сезсең нетті, Махамбет. Бір жағым – өрт, бір жағым – құлама жар. Барыңда баптамадым. Енді таптаймын. Есіңде болсын!
Махамбет: – Тұрысатын жеріңді айт! Кінә – өзіңнен. Нар жайылар көңілдің жайлауына өңшең тоқал ешкіні ойнақтата алмаспын.
Бозғылт мұнар сейіліп жүре берді. Жәңгір де көзден ғайып болған. Қу бас та шапан жамылған қалпы тыншыған».
Яғни өткен күндер бүгінгі биіктен талданады, автор өз пікірін ұсынады.
«– Өзің надансың, - деді Иса әкімді ала туының ұшымен түртіп.
– Мен жаһандаспаймын. Бәрі ортақ. Қатын-балаң да ортақ па, сонда? Ішер асың, киер киімің... жапанда жалғыз өлермін. Көрші ауылға сыймай қаңғып келген ит. Саған қор қылғанша, сол басты өзім барып тауып алып келемін.
– Махамбетіңмен қоса құры, зәнталақ!
– Не дедің? Қайтала!
– Оттама!
Бір-біріне тың күшпен қайта ұмтылған әкім мен оппозиционерді хатшы қыз, шопыр балдыз, бухгалтер бойдақ келіншек тағы да арашалап әкетісті...»
Бұл жаһандасу деп өз өткенін ұмытқан әкім мен соған қарсы Иса, Құрақ ерегесі. Әлемнің жақсы-жаманын жұртқа тасып, шын асылын ұмытқан әкім жайы да тауансыз түсіндіріледі.
Рахымжан елмен бірге, әкімнен бөлек, жұртқа жаныашымастан жырақ.
«– Жағдай осы жігіттер,-деді төраға орнынан көтеріліп, терезе алдына барғасын. – Әлі күнге дейін арыс дейміз, ақтаңдақ дейміз. Бар тірлік кітап шығарудан аспай жатыр. Шетел мұрағаттарында жүздеген, мыңдаған құнды құжаттар бар. Кім оларды елімізге қайтарып, рухани айналысқа салмақ? Қашанғы шырылдай беруге болады? Әл-Фарабиіміз айдалада қалды. Бейбарыс Дамаскіде жатыр. Жалаңтөс баһадүрден айырылдық. Шәкәрімнің сүйегін алпыс жылдан соң құдықтан жіліктеп теріп алдық. Мұстафа Шоқай болса жат топырақта. Сырым мен Қаратауды ұмытуға айналдық. Енді қолымызда тұрған Махамбеттің басын жоғалту. Мен мұндай сұмдықты естіген емеспін...»
Бұл Имаш – Иманғали образы, төрде жүрген ұлт мүддесін көздеген жан сөзі. Жазушы билік біткен аққұла ұлтсыз емес, ел жайын ойлар жуан жілік, жұртжандылар бар деп сендіреді.
Роман кейіпкері Ноэль Америкада жүргенде, Махамбет басын іздеудің жаңа бір кезеңі басталады.
«– Мәселен, Халықаралық «Бәйтерек» қоры Махамбет ескерткішіне конкурс жариялайды. Ол үшін зертханалардың бірінде, жеке қолда сақталған ұлы ақынның өз бас сүйегі қажет. Басты әкеліп берген зиялы азаматқа мынадай мөлшерде сыйақымыз бар, десек үйлесе кетпей ме?
– Таптың, - деді министр қала әкімін құшақтап. – Кел, бір шыныаяқ шай ішейік. Төраға шетелдік іс-сапардан оралсымен тездетіп шешім алуын өтінейік.
– Келістік... »
Мол ақша ойдан-қырдан ақша сауған арам бездерді, қазақтан қазына жасаған Абраам, Слава, Әлім, Жорик секілді алаяқтарды көз алдымызға тосады. Ел байлығын тонаған жат мұрындарды көрсетеді.
«– Слав, кеше «Россия 24» каналынан берілген жаңалықты көрдің бе? – деген айналасына абайлап көз сап.
– Жоқ.
– Ендеше тыңда. Қазақтардың ертеде өлген бір ақынының басы жоғалып кетіпті.
– Жоғалсын.
– Өй, сенде бір... Соны тапқан жанға бір миллон доллар ақша ұсыныпты.
– Оны қайдан табамыз?
– Қажеті жоқ. Енді ақылдасатын шаруа бар. Сенің қолыңнан келеді.
– Айта бер.
– Мұсылмандар өз бастарына ие бола алмай жүріп... Өлгендердің басын іздеуге шығыпты. Қапы қалмайық.
– Тапсырма қандай?
– Эрмитаждың қоймаларының бірінде Кенесарының басы сақтаулы. Мен жолай алмаймын. Құйрығымда қоңырауым бар. Сенің жөнің бөлек. Әзірге өмірбаяның таза. Қырағы көзге ілінбегесің.
– Сонда...
– Сол басты алуымыз керек. Сақтап қоямыз. Қазақтар түбі оны да іздейді. Сол кезде сауда қызады. Қымбатқа өткіземіз.
– Қиын.
– Күзетшінің тілін тап. Қалғаны оңай. Жолын өзім айтам.
– Ойлап таппайтының жоқ, шеф!
– Пайда ортақ. Жарма-жар! Келістік пе! Әкел қолды! »
Сұрақты, катехезис секілді түсінікті әрі терең диалог, сұхбаттарды, кейінгіде айтылып жүрген «философиялық сұқбаттарға да» Рақымжандай жазушы көп мән береді. Суреттеп, созып жалықтырмай қысқа түсіндіреді, шын шебердің шедеврі көзге ұрады... Өз бастарына ие бола алмай жүріп,- деген үкімдей сұмдық сөзді ауызға алады туындыгер.
«– Ат дейм, иттің күшігі! – деп жуан полковник дамбалшаң жүгіріп солдаттарды қарғап-сілеп жүр. Құтқармады. Ала аттың бірі созыла барып омақаса құлаған. Оқ иесін де жайратып салыпты. Жүз қаралы солдат қалың жаудың бетін қайырғаннан бетер андағайлап жүгіріскен. Екіншісі үндіс сонадайдан орағыта шауып жолдасына алдымен жетті. Ажал оқ тиген. Қайран жоғын көрді. Көрді де ат үстінде тұрып жолдасының басын кесіп алған. Үш бас қоржынында кетіп бара жатты. Биік шыңға ала ат билеп көтерілді. Талтақтап жүгірген жүз қаралы солдат бұл кезде бассыз денеге әзер жеткен.
– Ей, полковник, мен – Апачимін!
Тау жаңғыртқан дауыстан бозғылт мұнар көшіп жүре береді.
Есін әрең жиып, шатырына оралғанда Харлин мұны күтіп отыр екен.
– Үрейленбе, бауыр, - деген ол мұның иығына қолын салып. – Бұл – елес. Өткен күндер елесі. Жиі-жиі қайталанады. Уақыттың құпиясы шығар. Сен Апачидің бір ғана ерлігіне куә болдың. Ал, ол жауларымен отыз жыл осылай арпалысты».
Сұмдық көріністі жазушы әдейілеп назарға тосады. Жолдасының басы қорланбасын деп, өзі кесіп әкеткен Апачи тағдыры аянышты да, түсінікті де қазақ үшін. Қазақ пен үндіс тарихы ортақ. Жер егесін құртып барып, жерге ие болу мүмкін екені анық. Ноэльдей ұлт баласы осыны қинала ойлайды...
«Ноэль осы құрлыққа өкше көтерерде Джронимоның тарихын ежіктей оқыған. Бар-жоғы отыз сегіз жігітімен қоса ұрыс салған ер ғой. Соңына қиқулап түскен бес мың әскер отыз жыл бойы құрықтай алмаған. Кейіннен генерал Нельсон Майлзға өзі кеп беріледі. Онда да қара басының қамы емес. Бір уыс халқын түгелдей қырып алудан сақтанып. Басқыншының уәдесі – сынап үстінде сырғиды. Ақыры Сиэта Буш Апачидің қу басын көрден кері қаздырып алған.
– Не үшін?
– АҚШ-тың әскерге жаңадан алынған әр жауынгері атамның бас сүйегін сүйіп ант береді.
– Ант?
– Иә. Жауымен қатал да мейрімсіз тіпті шектен шыққан қанішер болам деп! Сол үшін де қайтарар емес.
Тұла бойы түгел шырылдап Ноэль сең соққандай күйге түсті. Алматыдағы шағын пәтері... Ой меңдеп, жүйке тозған шақ... Махамбеттің бас сүйегі... Маңдайында ғайыптан пайда бола кеткен жазу... Не деп еді? «Исі мұсылманның жақсысы мен жайсаңы – тағдырың осы. Таңда да жұбан». Таң алды еді. Көзі кілегейленіп қайта-қайта үңілген. Апыр-ау, не дейді? Ғазиз басымызға қылыштан басқа нәрсе бұйырмаған ба?» К.Марло мен Т.Кид тектес ішкі ойтолғанысқа көп мән береді жазушы. Кейіпкермен бірге оқырманның жаны ауырады, бұл «қосалқы толғаныс».
Ноэль генерал Нельсон Мейлздің Америка Президентіне жазған хатын оқып, жан шаршатады, жүрегін күйретеді.
«...Үндістердің бас асау үшін бұтағы инк, майя және апачи тайпасын өзара алауыз еттік. Қару-жарақ бердік. Ішімдікке құмарланды. Бәсекелестікті қыздыртық. Билікке таластырдық. Ақыры бұлар бір-бірін малша бауыздады. Ұлттық намысы өшті... Оп-оңай қолға түсті. Бұл тәжірбиені болашақта өзге де халықтарға қолданса кереметтей нәтиже береді деп білемін. Тапсырмаңыз толықтай орындалды...»
« – Түсінікті, - деген бұл сөзге сөз таппай.
– Сол Президент кейіннен бейбітшілікті қолдағаны үшін Нобель сыйлығын иемденді, - деді Харлин. – Газет көшірмесін саған берейін деп алып шыққам. Бір қажеттеріне жарар. Салып ал.
Мехико – Мәскеу рейсіне отырғызу басталған. Ноэль жедел басып өте берді. Елге деген бейшара бір сағыныш бойын әбден меңденген-ді...»
Роман соңы мүлдем ерекше аяқталады. Сізбен біз ойлағандай емес, шұғыл шешіммен түгесіледі...
Түгесілді ме деген ой, кеуде бұзады...
«– Ит жылғы тостақанды тауып мәз болуын, - деп Қашқария бастырмалатып келе жатты да, ойына әлдене түскендей кілт кідірді. – Ал, әлгі тостақанға не деп жазыпты?
Екі тостағандағы жазуды қосып оқыса: «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың» деген сөз шығады. – Айым алдындағы кесесін ысырып, орнынан көтерілді.
– Тоқта. Мынау ит тірлікпен жағаласа-жағаласа сен де мендей боларсың. Дұрыс екен. Ал, айтшы әлгі Ноэлдің сенде адресі бар ма? Әлде тұрақ-мекені жоқ ел қыдырып, су сыдырып қаңғып жүрген біреу ме?
Таң атқалы арнасына сыймай дөңбекшіп, жазықсыз жағалауды қапқан Жайық қана жел екпіні баяулап, бірте-бірте сабасына түскен. Толқындар ыңғай-төкпе қалпы көтеріліп-басылып мұңды күй кешіп жатты.
«Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың» деген киелі сөздің құпиясын ашуға әлі ешкім тәуекел еткен жоқ.»
Ноэльдей ғалым қазақ қана емес, үндіс ішінде де жүріп, қоламтасы өшкен елдің қайғылы ғұмырын-ескерте айтады, шегелеп ұғындырады...
Қазақ пен үндістің хәлі қандай деген, басына тас байлаулы ойларды – парасат мұхитына қайта шықпас зіл салмақпен, жан езе лақтырады.
«Бас табылғаннан кейін біз басымызды таптық па?» деген сартап ойлар жүректе жанбастап жатып жан ауыртады, кейінгі қазаққа жүк артады...
Романның соңғы беті – сіздің мұң кітабыңыздың бірінші бетін ашқызады...
Рахымжан анық даусыз, талассыз, дәлелі мол Ұлы Жазушы...
Ол үшін шығармалары сөйлейді енді!
«МЕН ДЕ СЕНДЕЙ БОЛҒАНМЫН...» ДЕЙДІ РАҚЫМЖАН ОТАРБАЕВ!
Серік Елікбай, әдебиеттанушы