Терроризммен күресте әдебиеттен тиімді қару жоқ. Азия қаламгерлерінің І форумында саудиялық жазушы Юсеф Әл-Мохаймид осындай пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Pushcart әдеби сыйлығының лауреаты Юсеф Әл-Мохаймид «Әдебиеттің терроризммен күрестегі рөлі» деген тақырыпта баяндама жасады.
«Дін мен әдебиетті бір-біріне қарсы қою – көнеден келе жатқан қасірет. Өткен ғасырда да әдебиетті тұншықтыруға талпыныстар көп болды. Тіпті, тарихта Нобель сыйлығының иегерін өлтіру әрекеттері де тіркелген. Араб әлемінде болған террористік оқиғалар әдебиеттен де көрініс тауып жатыр. Саудиялық ақынның жанкештілікке арнап жазған романы әдебиеттің терроризмге қарсы екенін көрсетті. «Күтпеген түнгі оқиға» сияқты сүбелі туындылар да осы терроризмге қарсы жазылды. Ауған жазушысы Халед Хоссейни де әдебиет әлеміне осы сарындас шығармаларымен танылды. Әдебиет - діннен азат, толерантты құндылық», - деген араб қаламгері Сауд Арабиясында әдебиетке қалай көңіл бөлініп жатқанын айтты.
«Сауд Арабиясында жазушылар әдебиет пен журналистиканың дамуына көп үлес қосты. Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистикалық бірлестіктердің көбі әдебиет өкілдерінің күш салуымен қалыптасты. Бүгін араб әлемінде әдебиет терроризмге қарсы тұруға тырысып жатыр. Оны оқу бағдарламасынан ысырып, жылдар бойы әдебиет пен музыкаға мектепте тыйым салынды. Соның бәрін «ислам әдебиеті» деген шымылдықпен бүрекемеледі. Бірақ шынайы әдебиет өмір сүріп жатты. Соңғы бес жылда біздің әдебиетте алға жылжу бар. Тіпті, 2030 жылға арналған стратегиямызда әдебиет жетекші орын алып тұр. Қазір романдар мен повестер маңызды үнге айналды. Осылайша әдебиет негативті, хайуандық жүйеге ымырасыз күрес жариялап отыр. Деспотизм басқаратын әлемде интернет пен әлеуметтік желі арқылы жазушылардың екінші тынысы ашылды. Бейбітшіліктің жалғыз кілті әдебиетте. Әдебиет – терроризммен күрес жолындағы ең тиімді құрал екенін көрсетіп отыр», - деді .